Президентке Ислам зерттеу институтын ашуды ұсындым - Қайрат Жолдыбайұлы
2020 ж. 27 қыркүйек
1938
0
Ұлттық кеңес мүшесі ретінді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы қабылдауында болдым. Кездесу барысында демографиялық ахуалдың күрделі жағдайына назар аудартып, демографиялық саясатқа кешенді реформа жасаудың қажеттілігін айттым. Бүгінгі таңда елімізде демографиялық өсімге кері әсер етіп отырған ажырасудың көптігінің алдын алу, жастардың баспана мәселесі, әр балаға берілетін алғашқы жөргекпұл мөлшерін көбейту бойынша ұсыныстарымды жеткіздім.
Сондай-ақ, мектеп қабырғасында балаларымызға жақсы дағдыларды үйретіп, проактив мықты азамат болып қалыптасуы үшін арнайы “тұлғалық даму” пәнін енгізуді ұсындым.
Қазақ тілінде жазылған төл балалар әдебиетінің тапшылығына назар аудартып, бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өттім.
Қазақ даласына ислам дінінің келгеніне он екі ғасыр болғандығын, осынау ғасырлар барысында түркілердің өзіндік исламды түсіну мектебі, Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін тәпсірлеуде толеранттыққа, сыртқы пішіннен гөрі мән мен мақсатқа негізделген төл методологиясы болғандығын айта келе, осы бағытта терең зерттеулермен айналысатын арнайы ислам зерттеу институтын құруды және оны мемлекет тарапынан тұрақты қаржыландырудың қажеттілігін жеткіздім.
Жарты сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуіміз өте жақсы деңгейде өтті. Мемлекет басшысы айтылған ұсыныстарымды мұқият тыңдап, қолдау білдірді. Кездесу барысында бірнеше діни еңбектерімді табыстадым.
Қайрат Жолдыбайұлы,
Қазақ үні