Алматыда сантехник бір отбасын қырып тастаған
2020 ж. 08 қыркүйек
1118
0
Алматыда үш адамды пышақтап тастаған сантехникке қатысты жаңа деректер шықты. Полиция оның бұрын да қылмыс жасап, сотталғанын анықтады.
Куәгерлердің айтуынша, сантехник азамат сол күні пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге келген. Артынша үй иелерімен сөзге келіп қалған. Оқиға куәгері Оксана Феллер қанды оқиғаны көзімен көрген, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Марқұм Инна сантехник азаматты ғаламтор арқылы тапты. Бір күн бұрын шақырып, алдын ала 250 мың теңге төлемін берді. Негізі араларында ақшаға бола ұрыс болды дегенмен келіспеймін. Керісінше қаскөй бұлардан ақша ұрламақ болған. Сондықтан бәрін пышақтап тастаған", - дейді Оксана Феллер.
Арадағы түсініспеушілік кезінде қаскөй 32 жастағы қызына пышақ сұққан. Денесін тіліп тастаған дейді кәугер. Оған көмекке ұмтылған анасы мен көршісін де жарақаттапты. Көршілерінің айтуынша, марқұм 12 жыл бойы жедел жәрдем қызметінде істеген. Қызын құтқармақ болған анасының да жағдайын дәрігерлер тым ауыр деп отыр. 35 жастағы көршісі де ауруханада жатыр.
"Науқас реанимациялық бөлімде ем алып жатыр. Жалпы жағдайы ауыр", - дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің маманы Ақшолпан Жүсіпова.
Қалалық полиция департаменті, күдіктінің бұрын сотты болғанын айтып отыр. Тергеу кезінде ол өз кінәсін толық мойындаған.
"Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Азамат қамауға алынды. Бұрын бұл азамат мүлікке қатысты қылмыстар жасағаны үшін істі болған", - деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір "адам өлтіру" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал мәйіт пен жарақат алған жандарға сот медициналық сараптамасы тағайындалған.