ӘУЕЗОВТІ АМЕРИКАДАҒЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНА АЛЫП БАРҒАН Сейіт Қоңырат кім?
2020 ж. 04 тамыз
7848
2
Мынау қызық видеоны Ұлы-ағам, қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Ұлықбек Есдәулет жіберіпті.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұқтар Әуезовтің 1960 жылы Кеңес Одағы жазушыларының делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттарына сапар жасап, мұхит асып келгені белгілі. Бұл үлкен сапар жайында жазушының «Америка әсерлері» атты естелігін де елдің көбісі оқыған болар.
Осы сапарында Мұқтар Әуезовке Сейіт Қоңырат атты Америка қазағы кездесіп, сәлем береді. Қала іргесіндегі зәулім коттедждерден құралған "Қоңырат ауылына" алып барып, қонақ еткені баяндалады бүл бейнебаянда.
1909 жылы Қазақ еліне келген американ саяхатшылары қазақ дәстүрі мен тағамдарына қатты қызығады. Кейін Ресей патшасы II Николаймен келісіп, Түркістан өңірінен бір ауылды он жылға келісім-шарт жасасып, көшіріп алып кеткен екен. 1921 жылы қайтатын уақыты келгенде патша үкіметі құлап, қызылдар-мен ақтар айқасы, Азамат соғысы болып, билікке большевиктер келіп жатқанда "халық жауы" атанудан қорқып, Америкада қалып қояды.
Барлығы да кәсіпкерлер, бірнеше шет тілін біледі. Өмір бойы шетелде тұрса да бәрі қазақ тілінде сөйлейді. Өз отанында тұрып, өз тілін ұмытып қалған біздің мәңгүрт, орысқұл министрлер мен әкімдер, депутаттар секілді емес... Қазақтың дәстүрін дамытып отырған заманға сай берекелі қалашық екен.
Керемет екен мынау видео! Тарихи дереккөздерді табу керек енді...
Қап, қазақтың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезовтен кейін 58 жылдан соң 2018 жылы Американың әйгілі Нью-Йорк қаласына Қазақ қаламгерлері делегациясы болып біз барғанда білмей қаппыз ғой... Әйтпесе, Сейіт Қоңыратты (Смид Конрад) тауып алар едік, адаспас үшін Марат Тоқашбай ағаны алға салып, Асқар Алтай, Дәурен Қуат, Нұртөре, Шерубай бәріміз...
“Әлі де іздетсең болады. Қай штат, қай қалада екенін анықтасаң, өзін, болмаса ұрпақтарын тауып алуға болар деп ойлаймын. Онда жүрген қазақтар бар ғой. Білетін шығар,”-деп керек кеңес берді Ұлағам.
Иә, әлемді аралап жүрген, Америкаға талай барған Ұлықбек Есдәулет ағамыз дұрыс айтады.
Америкадағы қазақтардан Кім бар екен, оу, ағайындар!
Қазыбек ИСА
"Қазақ үні