Түркістан обылысында дәрі-дәрмек бағаларын көтерудің жолы кесілуде
2020 ж. 21 шілде
1235
0
Мемлекет басшысының дәрілік заттардың алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіру шарасы негізінде прокуратураның, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер және фармацевтикалық бақылау департаменттері қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.Ағымдағы жылдың шілде айының 08-17 күндері аралығында әлеуметтік желілерде орналастырылған хабарламаларға мониторинг жүргізу және бірлескен шұғыл профилактикалық іс-шаралар қорытындылары бойынша дәрілік заттарды заңсыз сатуға байланысты жалпы 23 факті анықталды.
Оның ішінде жеке тұлғалардың дәрілік заттарды алып-сатудың 5 фактісі және дәріханаларда дәрілік заттарды жоғарылатылған бағамен сатудың 18 фактісі белгілі болды.
Барлығы 50 мың теңгеден астам сомаға тәркіленуге жататын дәрілік және басқа да медициналық заттардың 396 қаптамасы мен 4 449 данасы айналымнан алынды.
Анықталған заңдылықты бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты құжаттар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органға жолданды.
Бүгінгі таңда 9 факт бойынша кінәлілер айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 4 құжат сотқа жолданды.
Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасуда.
Дәрілер жөніндегі алыпсатарлықтың және олардың көтеріңкі бағамен сатылуының кез-келген фактілері бойынша облыс прокуратурасына Түркістан облысы тұрғындарының хабарласуын (байланыс номерлері: 87015525525, 87782255221 WhatsApp) сұраймыз .