ҰБТ өз міндетін лайықты атқарды
2020 ж. 18 шілде
1416
0
Биылғы жылдың қай жағынан алсақ та ауыртпалығы аз болып жатқан жоқ. Әлемді жаулаған коронавирус инфекциясының салдары барлық мемлекеттердің экономикасына теріс ықпалын тигізгені белгілі. Әрине бұл індет біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Экономиакамызды әлсіретіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қиындатып жіберді. Соның қатарында пандемия білім беру саласын да салмақ салып, оқушылар мен студенттер бірнеше ай бойы қашықтан оқуға мәжбүр болды.
Жылдағыдай оқу жылы аяқталуға жақындаған сайын Қазақстанда мектеп түлектері тапсыратын дәстүрлі қорытынды тестілеуді өткізу жағдайы биыл оқушылар мен ата-аналаларды ерекше мазалады. Онысы жөнсіз де емес-ті, мынандай карантин кезінде сынақтың қалай өтетінін көпшілік шынын айтсақ көз алдына елестете алмағаны да анық. Кейбір елдер емтихан ережелері мен тесті өткізу уақытына өзгерістер енгізіп те жатты. Дегенмен, біздің Білім және ғылым министрлігі шұғыл өзгерістерге бармай барынша бұрынғы қалыпты сақтауға күш жұмсады. Сала министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу уақытын бұрын бекітілген мерзімінде қалдыруды ұйғарғаны ұтымды болды. Біріншіден, түлектердің өздері жоспарлағандай дайындығына мүмкіндік берілді. Екіншіден, шұғыл және түлектерге беймәлім өзгеріс атаулы оларға психологиялық жағынан қалай да әсер ететіні белгілі.
Алдынала мына бір жағдайды айта кеткеніміз жөн, биыл ҰБТ-ға қатысты ұрпақтары үшін мазасызданған ата-аналардың бірқатар өтініштері ескерілді. «Білім және ғылым министрлігіне ата-аналардың атынан тиісті өтініштер келіп түскен болатын. Соны зерттеу барысында бізге тапсырма берілген еді. Осы орайда есептеуіш құралдарға (калькулятор) рұқсат беру мәселесін қарадық. Тест тапсырушылар өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкеле алмайды. Бірақ, біз аудиторияларда әр орынға калькуляторды орналастырдық», - деді осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов. Сонымен қатар тестілеу уақыты да біршама ұзартылды. Ата-аналар мен түлектердің сұрауына орай тестілеу толық төрт сағат бойында жүргізілді.
Карантин мен сақтық шараларын сақтау, індеттің таралмауына тосқауыл қоюға байланысты елдің барлық өңіріндегі ҰБТ өткізу орындарында күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар енгізілді. Ғимаратқа кіргізу кезінде тест тапсырушылардың арасында екі метрлік арақашықтық қатаң сақталды және бетперде талап етілді. Әр тест тапсырушы 5 бақылау кезеңінен өтуге міндеттелді. Оның ішінде сыртқы киімді дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы дәліз арқылы өту ескерілді. Кейін қолын дезинфекциялап, тест тапсырушылар термобақылаудан өткізілді. Егер дене қызуы анықталған жағдайда, оған кезекші медициналық қызметкерлер бригадасы дереу көмек көрсетуге дайын болды. Барлық медициналық-санитарлық кезеңдерден өткеннен кейін, тестілеу кезінде респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар берілді. Аудиторияда балаларды отырғызу кемінде екі метр арақашықты сақтау арқылы жүзеге асырылды және аудитория үнемі желдетілді. Түлектер арасында коронавирусқа шалдыққан жағдайларда ҰБТ өткізетін әр пунктте кезекші аудитория жабдықталды. Қажет болғанда бұл аудиториялар ашылатын болды. Балаларда инфекция болса, оларға тестіні жалпы аудиториядан бөлек тапсыратын мүмкіндік жасалды. Оған қоса мамандар да арнаулы киімдер киді.
Елдегі карантин шараларына байланысты, адамдардың денсаулығына қауіп төндірмес үшін ата-аналарға және түлектерді ертіп жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу ғимараттары қасында күтуге тыйым салынып, құқық қорғау органдары қатаң күзетке алды. Ата-аналар ҰБТ өту барысын үйінде отырып, онлайн режімінде көре алды. Осы мақсатта әрбір аудиториядан тікелей трансляция жүргізу қамтамасыз етілді.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізілді. Басты ерекшелігі, осы жылғы тестілеуге қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданғанына куә болдық. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі негізінен бұрынғы форматта қалды. «Биыл маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданды. Жалпы, олардың саны 131 755-ке жетіп, оның ішінде биылғы түлектерден келіп түскен өтініштердің саны 82 пайызды құрады. Яғни, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырсақ едәуір өсті», - деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл ҰБТ-ға төртінші тоқсан бағдарламасының сұрақтары енгізілген жоқ. Оны оқушылардың өздері төртінші тоқсанда өткен материалдарды қайталап, пысықтаумен ғана шектелді. Өйткені, шындап келгенде білім әрбір түлектің өзіне керек екені белгілі.
Атап өтейік, ҰБТ-да бар жағынан қатаң тәртіп талап етілді. Яғни, балалар ешбір гаджеттерсіз тек біліміне сеніп, тестілеуден әділ өту керек-ті. ҰБТ алдында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар ұсынылған білім гранты қайтарылатынын ескерткен еді. Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен ұсталған түлек тестілеуге жіберілмейді және биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады.
Балалардың білім сынағы жер-жерлерде барлығы 161 пункте ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Оның орташа көрсеткіші 64 балл болды. Әрине, бұл аса жоғары көрсеткіш емес. Биылғы жағдайды ескерсек қанағаттанарлық көрсеткіш деуге болады. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен бірге, ҰБТ барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері бар Арнайы 510 адамнан тұратын мониторингтік топ бақылады. ҰБТ қорытындысы бойынша, тестілеуге тіркелген азаматтардың 92,1% тестілеуге қатысты. Белгіленген алғашқы күнде 119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады. Олар үшін басқа күндері, яғни 19 шілдеге дейін қосымша тестілеу ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда, маусым айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалыпты режимде өтті. Әрине, алдынала бірнеше қайта ескертілсе де ҰБТ талаптарын ескермей, заңбұзушылыққа жол берген түлектер биыл да болды. Өкінішке орай, алғашқы күннің өзінде тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 73 және тест тапсыру барысында ҰБТ ережелерін бұзған 87 талапкер, яғни 160 адам тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Одан кейінгі күндер сынақ кезінде ереже бұзушылардың саны әлдеқайда азайды. Енді 25 тамызға дейін әр аудиториядан алынған бейнежазбаларды мамандар зерделейді. Егер бейнематериалдарды талдау кезінде ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің тест нәтижелері жойылады, қатысушыға грант тағайындалған болса, ол қайтарылады.
Мына бір көрсеткішті де назардан тыс қалдыруға болмайды. Биылғы жылы 2 мыңнан астам қандас талапкер тест тапсыруға өтініш берді 2020 жылғы Ұлттық біріңғай тестілеу орталығының базасына ұлты қазақ бірақ Қазақстан Республикасының азаматы болып саналмайтын 2024 қандас талапкер тест тапсыруға өтініш білдірген. Атап айтсақ, Қырғызстан 3, Өзбекстан 724, Қытай 577, Ресей 83, Моңғолия 555, Түркіменстан 26, Германия 1, Ауғанстан 4, Түркия 2, Тәжікстан 4, АҚШ 2, Австрия 4, Иран 3, мекені көрсетілмегендер 36. Қандастарды қолдауға арналған «Отандастар қорының» мәліметі бойынша, 2018-2019 оқу жылында ұлттық біріңғай тестілеуге даярлайтын дайындық бөлімін 992 қандас талапкер аяқтаған. 2019-2020 оқу жылында дайындық бөліміне 1300 талапкер оқуға қабылданған. Демек бұл бағытта өсу бар.
Еске сала кетейік, келесі ҰБТ тамыз айында өтеді, онда талапкер шектік балл жинаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсе алады. Сонымен бірге, ЖОО ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарамды болып қала береді. Жалпы, ҰБТ-ның соңғы нәтижелері тамыз айында нақты болады. Өйткені, биыл енгізілілген нормаға сәйкес, 25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейнежазбаларға арнайы бағдарламаның көмегімен талдау жүргізеді. Алдында айтқанымыздай тестілеу барысында тест тапсырушы тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда олардың нәтижелері жойылады. Бұл әдіс сынақты әділ және таза өткізу мақсатында кіргізілген болатын.
Әдетте ҰБТ мектеп бітіруші түлектер үшін ең шешуші сын болып есептеледі. Оның басты міндеті оқушылардың білімін әділ саралап, нақты бағасын беру және әрбір түлектің тағдырына әсер ететін сынақ кезінде олардың алаңсыз жұмыс істеуіне толық жағдай жасау болып табылады. Әрине, ол да оңай шаруа емес, материалдық қиындықтармен қатар оны жоғары деңгейде ұйымдастыра білу аса қажет. Өткен жылдардағыдай емес, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі де пандемияға байланысты қатаң сынға тап болды деуге болады. ҰБТ бұл сыннан абыроймен шыға алды, көптеген қиындықтарға қарамастан өз міндетін лайықты атқарды деп сеніммен айта аламыз. Осыған жауапты Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бұл науқанға үлкен жауапкершілікпен қарағанын атап өткеніміз жөн.
Бек МЫРЗАҰЛЫ