МӘЙІТХАНАЛАР АЛДЫНДА ҚАЛЫҢ КЕЗЕК
2020 ж. 11 шілде
1545
0
Мәйітханалар алдында қалың кезек. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
"ЕЛ ДӘРІ ТАППАЙ ҚЫРЫЛУДА!.. Ал дәрілер қоймаларда тығылуда!" атты мақаласында ол белгілі журналист Дәурен Қуаттың сөзіне сілтеме жасап, Алматы қаласының Қалқаман ықшам ауданында орналасқан мәйітханадағы жағдай туралы айтты.
- Кешегі басым бөлігі Ресей тілінде өткен Қазақ Үкіметінің жиынында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «облыста қайтыс болғандар саны төртеу» дегенде қуанып кеттік… Ой, құдай-ай, Алла өзің сақтай гөр Қазақты, «төрт адам өлді» дегенге де қуанатын жағдайға жеттік пе? Бұрын бір адам қаза болса қаралы күн болатын… Ал сол кезде Жетісайдан елімізге белгілі спорт қайраткері Бақыт Жаңбырбаев хабарласып, бір күнде 12 жаназаға кіріп шыққанын қамыға жеткізді. Өзіміздің алақандай Қызылқұм ауылында (облыс емес) екі адамның жаназасына көңіл айттық.
Кеше Үкіметте осындай сенімсіз есептер (коронавирус статистикасына 99 пайызында КОВИД бар өкпе қабынуынан өліп жатқандарды қоспауда) беріліп жатқанда, фейсбукта жарияланған белгілі жазушы Дәурен Қуаттың жазбасындағы Алматыдағы Қалқамандағы мәйітханаға бір күнде 86 адам түскенін оқып, жағамызды ұстап отырған едік… Иә, желіде жүрген Қалқаман мәйітханасының алдындағы қалың кезекті көрсеңіз шошисыз… Соғыс кезіндегі қоршаудағы Ленинградтықтардың нанның кезегінде тұрғандай…
Ал бүгін біз де танысымыздың әкесін барлық жерге хабарлассақ та, Қалқамандағы мәйітханадан ала алмай отырмыз. Денсаулық саласы басшыларының ешқайсысы телефонын алмайды. Мәйітхана меңгерушісі Бақытжан Жәнібекұлы телефонын көтермейді. Өйткені өзі де ауырып жатыр. Мәйітханада мәйітті жуатын адам қалмаған, өздері ауырып жатыр, тек бір-екеуі ғана. Сондықтан, мәйітхана алдында қалың кезек! Ал мәйітті алу үшін де қанша ақша төлеп жатқанын жазып жатқандар еліміздің бар өңірінен өріп жүр… - деп жазды Қазыбек Иса.
qazaquni.kz