ҰЛАҒАТ
2020 ж. 06 шілде
1232
0
Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Тыныштықты, татулықты сақтап қалды.
2019 жылдың мамыр айында Елбасы Кеңсесінен телефон соғылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басшылығына келуінің отыз жылдығына орай етек-жеңі кең мақала жазуым жөнінде ұсыныс жасалды. Әуел бетте осындай тарихи белес тұсындағы жауапты тақырыпты алып шығар авторды қарастырғанда таңдаудың дәл маған түсуіне, мұндай құрметтің дәл маған көрсетілуіне аздап таңданғаным рас. Әйтсе де, әбден ойлай келіп қарасам, мұның қисыны да бар сияқты. «Бүгінде белсенді саясатта жүргендердің арасында отыз жыл бойы үзбей Елбасы командасында келе жатқандары онша көп емес, ал солардың ішінде ол тұста Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған аппаратта, тікелей қарамағында жұмыс істегендері тіпті саусақпен санарлықтай», деп негізделді жаңағы ұсыныс. Солай екені рас. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезде Идеология бөлімінде мәдениет және өнер секторының меңгерушісі едім. Кейіннен Президент Аппараты құрылғанда ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Ақпарат министрі, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы ретінде Елбасымен тікелей байланысу мүмкіндігін алғаным белгілі. Соның арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы газеттің 90 жылдығында ұжымды мерейтоймен құттықтау, редакцияның жаңа ғимаратын ашып беру үшін «Егемен Қазақстанға» арнайы келген еді. Әсіресе, 2011-2014 жылдарда Тұңғыш Президенттің сұхбат кітабын («Өмір өткелдері») әуелі газетке, кейіннен баспаға дайындау барысында Нұрсұлтан Әбішұлының алдына жүйелі түрде барудың, кейбір шетелдік сапарлары кезінде ұшақта сағаттап сөйлесудің сәті де түсті. Қысқасы, Елбасы жөнінде айтары бар қаламгерлер қатарындамын деп білемін.
Сонымен, осыдан отыз жылдан астам бұрынғы кезеңді еске түсіріп көрелікші.
Кейбір оқиғалар баяу ағыспен басталып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады. Ол оқиғалардың бойында қоғамның іргелі негіздерін қозғайтын өзгерістердің өзегі бар. Өткенге зер салып қарасақ, жағдаяттардың жарасымсыз жымдасуынан аса ауқымды қоғамдық катаклизмдер орын алып, сан ғасырлық өркениеттер мен мәдениеттердің құрдымға кеткенін көреміз. Абырой-атағын жұрт жаппай мойындап, даңқын нақты істермен тиянақтаған аса көрнекті тұлғалар ғана тарихтың барысын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере алады. Мұндай мемлекеттік қайраткерлер өзінің алдындағы, қоғамның алдындағы жауапкершіліктің алапат жүгін иығына арта біледі де, асқақ мақсат-мүддесін жеріне жеткізе орындайды.
Қазақ КСР-нің жоғары басшылығына Кеңес Одағының талқаны таусылар тұсында келіп, осынау тар жол, тайғақ кешуге түскен Нұрсұлтан Назарбаев дәл сондай Көшбасшы болатын. 1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің XV пленумында Нұрсұлтан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Елбасының білікті басшылығымен жүзеге асырылған болашақтағы асқаралы асуларға бастайтын беташар сияқты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жеткізгенін содан бергі жылдар көрсетіп берді.
Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан отыз бес жыл бұрын ғана республикамызға кадрлық эксперимент жасала алатын еді, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын еді. Сол көлденең көк аттының аз уақыт арасында билік құруы тұсында анау айтқандай ештеңе тындырыла қоймады, көп ұзамай-ақ оның дәурені де өтуге айналды. Ол кәдуілгі «партия солдаты» болатын, ондайлардан басқа нәрсені күте қою да қиын. Біз Орталық комитет аппаратында жұмыс істеп жүргенімізде Колбиннің ет өндіру жоспарын сайғақтар мен жыл құстарын қырып атудың есебінен толтыруды ұсынғанын естіп, жағамызды ұстағанбыз. Бір пленумда аяқ астынан «Келесі жолы баяндамамды қазақ тілінде жасаймын» деп салғанында синхронды аударма жасалатын шағын кабинадағы екі жігіт бір-бірімізге тесіле қараған күйі сілейіп отырып қалғанымыз да есте.
Алайда, уақыт өзгере бастаған еді. Реформалардың табандап тұрып алуы және басшылықтың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты көбейтті, тіпті алғаш рет жаппай митингілер мен ереуілдерге шыққан жұртшылықтың ыза-кегіне ұласты. Орталық пен республикалардың арасындағы ушыға түскен қарама-қайшылықтар да іскерлік түйінін таппады. Сондықтан да 1989 жыл Кеңес Одағы үшін егемендікке ұмтылыстың, митингішілдіктің және ереуілшілдіктің артуының, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуінің бастапқы кезеңіне айналды, кейіннен олар аяусыз қантөгіс пен қақтығыстарға ұласты. Осыны ақыры түсінген Орталық ендігі жерде Қазақстанда бұрын жіберілген қателікті қайталамауға тырысты, республикалық партия ұйымының басшылығына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.
Ол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың аты республикада да, одан тысқары жерде де ауыздан түспей тұрған болатын. Жұмысшы ортадан шыққандықтан, өзінің еңбек жолын металлургтің «отты» мамандығынан бастағандықтан да ол қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын басқалардан гөрі сергек сезінетін. Назарбаев белсенді, білімге құштар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да ештеңеге енжар қарамайтын, қашанда қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүретін.
Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көшбасшылық қасиеттерімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уақыттың рухына барынша толық сәйкес келетін кандидат тап Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты.
Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да бәрінен қоғам мүддесін биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді. Әйтсе де, мұның бәрі оп-оңай болмайтын. Назарбаевтың қағидаға қатып қалатын қасиетін, талапшылдығын жақтырмайтындар да, оның республика Министрлер кеңесінің төрағалығынан әрі қарай өспегенін қалайтындар да табылатын. Ондайлар домалақ арыздар домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.
Назарбаевтың кең танымалдылығы, алысқа сілтейтін кең құлаштылығы жұрттың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жүреді, сол жолда оның алдынан теріс ниетті кісілер қойған кедергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың белсенді қайраткерлігі де партияның орталық аппаратында ұйысып тұрған консерваторлар мен кертартпалардың тып-тыныш кабинетте жан тыныштықта отыра беруді қалауына немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсуге не тиісті қасиеттері, не кәсіби тәжірибесі жоқтығына қарамастан, мансап сатыларымен жанұшыра жоғары жүгіруіне атымен кереғар келетін. Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, бітімі бөлек болатын, үйреншікті үлгілер мен қалыптардың шеңберіне сыймайтын. Осынау сан-сапалақ сұрқиялар бәле-жаланың торын шырмауықтай құрып, Назарбаевтың кандидатурасын межеге жақындатпай жатып «жалп еткізуге» жанталасып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жіберді, мақсаттары біреу ғана: Назарбаевты қаралау, қадірін кетіру, сөйтіп сағын сындыру. Республиканың Орталық комитетіне ағылып келіп жататын хаттардың арасында болмағанды болғандай етіп жазу да, ашықтан ашық жала жабу да кездесетін. Кабинеттеріне қонжиып алған атқарымпаздар әлгі жалған ақпараттың қайдан келіп жатқанын жақсы білетін. Назарбаевты қалайда іліп-шалып, құрықпен құлатып түсіру үшін кез келген ілікті індете іздеуді мақсат ететін неше түрлі комиссиялар мен тексеру топтары бірінен кейін бірі құрыла беретін. Алайда оларынан ештеңе шықпады, әлгі комиссиялардың ешқайсысы да оның өмірінен де, жұмысынан да тіпті кішкентай да жағымсыз фактіні немесе кір келтірер таңбаны таба алмады. Осының бәрі оның жүйкесін қаншалықты жұқартқаны, жанын жегідей жегені айтпаса да белгілі. Назарбаев дәйім психологиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып етпекші болды.
Біз, сол кездегі Орталық комитет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шындап ашитын. Республиканың бірінші басшысы қызметіне тек Назарбаевтың ғана нағыз лайықты екендігі айдан анық болатын. Абырой бергенде, ол нағыз күрескерлік қасиетін, мінезінің мықтылығын көрсетті, тағдырдың тегеурініне лайықты төтеп берді. Қайта сол сынақтан бұрынғыдан да шынығып, ширап, күшейіп, жаңа сын-қатерлерге дайын тұратындай шыңдалып шықты.
Сексеннің сеңгір шыңына көтерілгенше не бір от пен судан өткен адамның, жастайынан ауыл баласының ауыр еңбегімен, кейіннен мың градустық мартенмен шыныққан, бара-бара біресе заман тосқан, біресе қоғам тосқан, біресе адам тосқан сан түрлі сынақтарды көре-көре, қарлы Қаратаудай қаптаған қиындықтарды бірінен кейін бірін жеңе-жеңе осы биікке жеткен адамның мықты рухы Тәуелсіздікті тұғырлы еткен шешуші факторлардың біріне айналды. Мұнан кейінгі жағдайдың бәрі оқырманға жақсы белгілі. Талай жазғанбыз да.
Әйтсе де осындай мерейлі тұста Елбасының еліне еткен еңбегінің бірер қырын қайталай еске салсақ та артық болмайды деп білеміз.
Иә, бағымызға қарай Тәуелсіздік келді. Ел басына елін сүйген ер келді. Тарихта жеке тұлғаның алар орны қомақтылығына көз жетті. Нұрсұлтан Назарбаев елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Тыныштықты, татулықты сақтап қалды. Әлемде бұрын болып көрмеген саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елдің кемшілігі саналып келген көпэтностылықты елдің артықшылығына айналдырды. Ассамблея жайында көп жазған журналист ретінде де, Парламентке Ассамблеядан сайланған депутат ретінде де, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі ретінде де біз мұны анық айта аламыз. 2018 жылдың соңында Ресей астанасына іссапармен барып, Президент Әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалармен сөйлескенде, Мемлекеттік Думадағы әріптестерімізбен пікірлескенде олардың бәрі бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың көп тілді, көп дінді елден бір ділді, бір мақсатты ел жасаған еңбегін ерекше бағалайтынын, біздің Ассамблеяны Назарбаевтың ноу-хауы деп атайтынын өз құлағымызбен естігенбіз. Елбасымыз үшін, еліміз үшін мерейленіп қайтқанбыз.
Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Назарбаевтың басшылығымен біз алдымен үй болдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнықты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы саясаты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елінің басын біріктіретін ұйымға төрағалық еттік. Сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген саммитін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіпсіздік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйымының ең беделді құрылымына төрағалық та еттік.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жерінде, жоспар мен нарықтың түйіскен тұсында, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айтқаны бар. Дәл анықтама. Халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткерлердің бірі. Назарбаев ел басқарған тұстағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі мәдениеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен алшақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде де қатарынан елдің бірінші басшысы қызметінде болған жоқ, сонан да олардың ешқайсысы да ол көрген қоғамдық катаклизмдерді көрген жоқ.
Тарихта жеке тұлға қандай орын алатынын біз елдің басты байтағының орнын таңдаудан да тани алдық. Астана ауыстыру идеясының жеке-дара авторы да, сол идеяны жүзеге асырушы да – Назарбаев. Елбасы елорданы Арқа төріне алып келу арқылы геосаясатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анықталды. Елбасымыз осы шешімімен халқының рухын көтерді. Өзіне сенімін арттырды. Мықты мемлекет құра алатынымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта оралды. Даланың кеңдігіне сай ой еркіндігі қайта келді. Астана ауыстыру Қазақстанның геосаяси ұстанымдарын орнықтыра түсті. Бас қаланы орталыққа жақындату арқылы елдің қауіпсіздігі күшейтілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың көмейіне біржола құм құйылды. Аса ірі жалпыұлттық мақсат ойдағыдай орындалды. Жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуірі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таңдаудан, Астана қаласын салудан басталды. Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Астана салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езілген қазақ, одан кейінгі қазақ бойын тіктеген, ойын бүкпеген, қолынан ірі істер келеріне еркін сенген, алдағы асуларға бекінген қазақ. Бұл арқылы Елбасымыз біздің бәріміздің ойымыздағыны болдырды. Ерке Есілдің бойына ел қондырды. Арқа төсін халқымызбен толтырды. Қазақ өз жеріне нықтап орнықты. Бір ғана осы еңбегінің өзі Назарбаевтың есімін елдік шежіресінің төріне жаздырта алар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясатты нығайту үшін көп жұмыс атқарылғанын айта келіп, «Ең бастысы – мемлекеттік шекарамыздың беріктігі! Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шекарасының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес», деп атап көрсетті. Бұл істі дер кезінде қолға алып, көңілдегідей тындыруда да Тұңғыш Президенттің әлем алдындағы биік беделінің ерекше орны болғаны анық.
Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, құрметтейтін елге айналуы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Бере де бастады.
Әрине, Назарбаевтың тұсында біздің елде атқарылуға тиісті шаруаның бәрі атқарылды және ойдағыдай асқарылды дей алмайтынымыз анық. Олай деп Елбасының өзі де айтқан емес. Тұңғыш Президент билік басына келгенде елде жұмақ орнатамын, баршаның бағын бірдей жандыртып беремін деп уәде еткен жоқ еді. Ол мүмкін де емес еді. «Саясат – жасауға болатынды жасау өнері» деп те айтылады. Саясатта кереметтер, ғажайыптар жасалмайды. Осы тұрғыдан қарағанда Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған отыз жылдың ішінде Қазақстанда қолдан келгеннің бәрі дерлік жасалды және мүмкін болғанынша дұрыс жасалды деп айта аламыз. Қолдан келмейтінді жасаған ешкім болған емес тарихта. Назарбаевтың басшылығымен жаңа елдің, тәуелсіз мемлекеттің іргетасы қапысыз қаланды, елдік ғимаратының қабырғалары берік күйде бой көтерді, таңы тыныш ататын, кеші бейбіт бататын, егемендік табалдырығын өзімізбен қатар аттаған елдердің алдына шыққан керегесі кең елге айналдық. Бәрі де салыстыру арқылы танылады деген ойға дес беретін болсақ, мына бір фактінің өзі – халқы 18 миллиондық Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі айналамыздағы Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның, яғни халқының саны 50 миллион адамнан асатын төрт елдің ішкі жалпы өнімін қосқандағы көлемнен артық екендігі көп жайды аңғарта алады. Ал бұл айтуға ғана оңай. Мығым мемлекет құра алғанымызды, еңселі ел болып тұра алғанымызды, біртұтас халық ретінде құралғанымызды көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Қол жеткенге қанағаттанбаған жақсы, бірақ қолда бардың қасиетін білмеу, бастағы бақты бағаламау жақсы емес. Қиындықтардың объективті де, субъективті де себептері болады. Соңғы жылдарда бүкіл әлемдегі нарықта мұнай мен газдың, басқа да шикізат түрлерінің, түсті металдардың бағасы күрт түсіп кеткендігіне, санкциялар соғысының салдарына, содан туындаған девальвацияға байланысты талай жұрттың әл-ауқат деңгейі төмендеп кеткендігі анық, ал субъективті себептерге келсек, жергілікті биліктің тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанына байланысты жұмыссыздар қатарының қалыңдығы да, бүкіл елде 2 миллионға жуық адамның өзін-өзі жұмыспен қамтитыны да, содан барып кедейлік шегіне қарай шегінгендердің көптігі де рас. Өмір болған соң проблемалардың болуы да заңды. Отыз жылдық тарихында Қазақстандай жас елдің барлық түйіндерді түгел тарқатып тастауы мүмкін де емес еді. Пандемия жағдайында әдетте аршындап алға кеткен, жайқалған жағдайға жеткен деп дәріптелетін еңселі елдердің де есі шыққанын көзбен көрдік.
Ел басшылығы алда тұрған мәселелердің көптігін көріп те отыр, оларды шешудің жолдарын біліп те отыр. Оның ең сенімді жолы – еңбек. Еңбек қана қиындықты жеңбек. Еңбекпен ғана жеміс өнбек. Еңбекпен ғана ел өркениетке енбек. «Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Ендігі сөз елдің өзінде. Бәрі де өзіміздің біліміміз бен білігімізге байланысты. Ең бастысы – ел тұтқасы сенімді қолда деп те, ел өзі таңдаған ерді қолдауда деп те сеніммен айта аламыз.
Назарбаевтың биліктің биігінде тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бастамасымен, өз қолымен өткізуі, ел басқарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауазымды қызметтерде сыналған, шыңдалған, министрлікті де, Үкіметті де, Сенатты да басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, бүеіл әлемге танылған, әбден сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясаткерлер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Елбасының ерендігіне тағы бір даусыз дәлел осы.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі.