Зульфия Таипова: Әлеуметтік желілер ұлттық идеяға қызмет етуі керек
2020 ж. 02 шілде
1424
0
Шілденің 1-күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.
Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.
Жиын барысында сөз алған Каспий университетінің лекторы, ұйғыр этносының өкілі Зульфия ТАИПОВА "ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ҰЛТТЫҚ ИДЕЯҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС" екенін айтты.
- Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Ана тіл» газетіне берген сұхбатында «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан болатын. Менің ойымша ақпарат өнімдеріне әлеуметтік желілерді де қосуға болады.
Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге желімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке, мемлекеттік тілге пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді насихаттайтын ортаға айналдыру орынды болмақ. Осы ретте әлеуметтік желідегі «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» парақшаларының жұмыс істей бастауын қуана құп көремін.