Ұлттық идеяға қызмет ететін төл бағдарламалар қажет - Тоқаев
2020 ж. 25 маусым
1787
0
Президент отандық телевизиялық бағдарламалар мен киногерлерді сынға алды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында отандық теле-радио бағдарламалар мен елімізде түсіріліп жатқан кинолардың сапасы сын көтермейтінін атап өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
- Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет.
Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай, - деді Мемлекет басшысы.