Мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік қызметкер ұғымы анахронизмге айналуға тиіс - Тоқаев
2020 ж. 25 маусым
13363
30
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер ұғымы анахронизмге айналуы керек, яғни, ескіліктің көзі ретінде қабылдануы қажет екенін атап өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.- Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс, - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуын ешкім де тежей алмайтынын айтты.
- Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Туған тіліміздің қолдану аясын кеңейту үшін көп жұмыс атқарылды. Оған дау жоқ. Мұны сырт көз сыншылар да айтып жүр. Бірақ олардың кейбірі мұндай үрдіске аса қуана қоймайды. Өйткені енді қазақ тілінің дамуын тежеп, ел ішінде кең өріс алуын тоқтату мүмкін емес екенін сезеді, - деді Тоқаев.