КЕҢЕС КЕЗІНДЕ ДЕ ЕРЛІК КӨРСЕТКЕН ЕЛ ЕКЕН ӘЗІРБАЙЖАН ЕЛІ!
2020 ж. 18 маусым
2955
0
Әзірбайжан ағайындардың елдігіне, ерлігіне таңғалдым!
Қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінің өзінде, 1958 жылы мемлекет басшысы, Әзірбайжан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Имам Мұстафаев әзірбайжан тілін мемлекеттік тіл етіп заң қабылдаған! Мемлекеттік тілді білмейтіндер мен сөйлемейтіндерді жұмыстан шығарған!
Ұлтшылдықпен айыптаған КСРО басшысы Хрущевке не деген десейші Ер Имам!?. "КСРО Конституциясы бойынша Әзірбайжан -кеңестік социалистік мемлекет. ЕГЕР МЕМЛЕКЕТ БОЛСА, ОНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ БОЛУЫ ТИІС! АЛ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БОЛҒАН СОҢ, ОЛ ҚОЛДАНЫЛУЫ КЕРЕК!"- деп қасқайып тұрып Кеңес империясының қаһарлы басшысының аузын жапқан ғой қайран Ер! Елінде басшылық жұмысқа ұлттық кадрларды көбейткен.
Елдің екінші басшы да өзіне сай ер екен. Әзірбайжан Жоғарғы Кеңесі президиумы төрағасы Мырза Ибрагимов ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНЕ ЖАРТЫ ЖЫЛ ҒАНА МЕРЗІМ БЕРГЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕНУГЕ! Студенттер алдында сөйлеген М.Ибрагимов: "АНА ТІЛІН БІЛМЕГЕН немесе БІЛІП ТҰРСА ДА, СӨЙЛЕМЕГЕН ЗИЯЛЫ АЛАСТАЛҒАН, ОҢБАҒАН, САТҚЫН болып саналады!"-деп мәлімдеген.
Үшінші басшы, Әзірбайжан Министрлер Кеңесі төрағасы Садық Рагимов та ердің сойы болып шыққан! Үкімет қаулысы бойынша елдегі барлық жиналыстар мен мәжілістердің бәрі мемлекеттік тілде өткізілген. Мәдениет туралы жиында орысша сөйлей бастаған белгілі композитор Гара Гараевты тоқтатып тастаған!
Содан кейін ғана 1959 жылы Хрущев Әзірбайжан Республикасының бірінші басшысынан бастап барлық басшыларын, Жоғары Сот төрағасы Абдулла Байрамовты да жұмыстан шығарған.
Міне, Ел! Міне, Ер! Міне, Ерлік! Олар ақыры қызметтен кететіндерін білмеді емес, білді. Бірақ Ұлттық мүдде үшін құрбандыққа барды! Елі үшін еңіреген ерлердің бәріне ескерткіштер қойылған шығар деп ойлаймын! Құдай сәтін салып, Әзірбайжанға жолым түссе, міндетті түрде, қабірлеріне барып дұға етемін.
Ал біздің билік ше? Кеңес кезінде емес, қайда-а, қайта дәл сол 1958 жылдары біздің басшылар сатқын зиялыларғақол қойғызып: "Жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқытудан бас тартамыз, орыс тілінде оқимыз" деп Мәскеуге хат жазған; Тәуелсіздік алған кезде де емес; 30 жыл өткен соң да әлі күнге Мемлекеттік тіл туралы ауыз аша алмай келеді.
Бұл тағы саны 121 мыңнан асқан қалың ел Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, Ашық хатқа қол қойса да, (бұлар тек "Қазақ үні" сайтына қол қоя алғандар), ал олардың артында миллиондаған халық талап етіп, толқып тұрса да, билікте шешуші орындарда отырған орысқұлдар жаудың тілін талап етіп жатқандай, жанталаса қарсыласып бағуда! Күйіп кетпей қайтесің мұндай Ұлттық мүддеге қастыққа!
Мен ұлы Низамидің елі, туысқан әзірбайжан халқының алдында бас иемін!
Қазыбек ИСА,
Фейсбуктағы Rauf Doc парақшасындағы жарияланым негізге алынды