Алматыда әкесі жүкті қызы мен күйеу баласын атып тастады
2020 ж. 10 маусым
1416
0
Әке мен қыз арасында қантөгіске ұласқан оқиғаға не себеп? Алматыда аяғы ауыр қызы мен күйеу баласын атып тастаған азамат сау болған. Кикілжіңге «арақ себеп» деген ақпаратты полиция бүгін жоққа шығарды. Ал 69 жастағы зейнеткердің өзі қанды қылмыстан кейін атылып өлген, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Жұрттың жағасын ұстатқан отбасылық жанжалға нақты не түрткі болғанын тәртіп сақшылары әзірге айтпай отыр. Ағайын-туыстары да тілшілермен тілдесуге құлықсыз. Сұқбат бермек түгілі, журналистердің жағасына жармасып, төбелес шығарды.
Алматылықтардың жағасын ұстатқан қанды қылмыс бұл үйде кеше кешкісін болған. Отбасылық жанжал қайғыға ұласты. 69 жастағы азамат күйеу баласы мен қызын аңшы мылтығымен атып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсапты. Ал қырғыннан аман қалған қаскөйдің жұбайы жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Оққа ұшқан үш адам шұғыл медициналық көмек жеткенше жан тәлісім етті.
Бейресми дерекке сүйенсек, қайын ата мен күйеу бала арасындағы керістің соңы қайғылы аяқталған. Алайда кикілжіңнің нақты себебі әзірге белгісіз. Қылмыс болған үйге жапсарлас орналасқан көлік жуу бекеті де сол түні ерте жабылғандықтан, жұмысшылары «ештеңе көрмедік» деп отыр. Ал марқұмның жақындары кешеден бері журналистерді үйіне жолатпай жүр.
«Оқтың атылған дыбысын естімедік» деген сол маңайдың тұрғындары қара жамылған отбасы ұзақ жылдан бері құлпытас жасаумен айналысқанын айтады. Ал зейнеткердің өзі араққа әуес болмаған екен. Олар ешкімде қақ-соғы жоқ қария мұндай қатігездікке қалай барды деп аң-таң.
Павел Мокроусов, көршісі:
- Олар бұрыннан бері сол үйде тұрады. Кешегі күнге дейін отбасы мүшелерінің ерсі қылықтарын байқамадық. Тып-тыныш тіршіліктерімен айналысып жүретін. Қылмысқа барған қария да ешкімге зияны жоқ адам болған.
Қазір аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция тәркіленген аңшы мылтығы қолын қанға малған азаматтың атына тіркелгенін жеткізді. «Ол ішімдік ішпей, сап-сау күйінде туғандарына оқ жаудырған», - дейді тәртіп сақшылары.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- ҚК 99-бабы, 2-тармағы және ҚК 105-бабы, 1-тармағымен қылмыстық істер қозғалып, Түрксіб ауданының полиция басқармасына қарасты тергеу бөлімінің өндірісіне қабылданды. Тергеу барысында осы жанжалға және осы қанды оқиғаға әкеп соқтырған себеп-салдар анықталатын болады.
Әке қолынан қаза тапқан 41 жастағы әйелдің құрсағында сегіз айлық сәби болыпты. Қазір жантүршігерлік жағдайды көзімен көріп, әбден шошып қалған күдіктінің жары тергеушілерге жауап беріп жатыр. Бір анығы, іс қозғалғанымен, қылмыстық жауапкершілікке ешкім тартылмайды.