Біртанов: Науқастардың 77%-ында вирус симптомсыз
2020 ж. 05 маусым
909
0
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингі кезінде мәлімдеді, - деп хабарлайды baq.kz.
Қазіргі таңда елімізде 12 124 азамат коронавирус инфекциясымен тіркеліп, олардың 77%-ында ауру симптомсыз екенін анықталды. Соған қарамастан, тіркелген азаматтарға медициналық диагностикалық көмек мемлекет тарапынан тегін беріледі. Бұл медициналық көмек халықаралық медицина мамандарымен ақылдаса отырып, ғылыми-зерттеу негізінде клиникалық протокол арқылы өткізіледі. Бұл протоколды еліміздің белгілі ғалымдары әзірлеп бекіткен. Эпидемия басталғалы бері 8 редакциядан өтіп, қазір соны пайдаланып отырмыз. Осы протоколды қолдану негізінде науқастардың 52%-ы емделіп, ауруханалардан шығарылды, ол 6 288 науқас. Қазіргі таңда 5 836 науқас медициналық бақылауда, – деді министр.
Елжан Біртанов жуырда ғылыми-зерттеу жұмысының негізінде еліміздегі коронавирусқа қарсы шаралар әдісі өзгертілгенін жеткізді.
Жаңа тактика халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Қазір біз симптомсыз науқастарды ауруханаға жатқызбай, жергілікті емханаларда, науқастардың үйлерінде бақылауға алып, емдеп жатырмыз. Мұндай науқастарды бақылау жұмыстарына жергілікті емханадағы учаскелік дәрігерлер жауапты. Бүгінде 5 800-ден астам науқастың 59-ның жағдайы күрделі (1%). Ал, 600-ге жуық науқастың (10%) жағдайы орташа деңгейде. Олар инфекциялық ауруханаларда ем-дом шараларын қабылдауда, – деді ол.
Министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясының белгілері білінбесе де, оның ауруды басқаларға жұқтыру қаупі басым. Сондықтан, оқшаулану аса маңызды.
Өкінішке қарай, 12 мыңнан астам науқастың 48-і (0,4%) тікелей коронавирус инфекциясынан қаза тапты. 37 жағдайда пациент басқа аурудан қайтыс болған, бірақ, олар да коронавируспен ауырғандықтан тіркелді. Тек біз оларды ресми статистикаға қоспадық. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) регламенті бойынша тиісті диагнозды қою керек, – деді ол.