Абдолла Дастанов: БАР БИЛЕТТІ БҰЛДАУ "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ" ДӘСТҮРІ МЕ?
2020 ж. 18 мамыр
1243
0
Коронавирус кесепатының кесірінен тоқтап қалған пойыздар 1 маусымнан бастап "оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай" қайтадан жүйткитін болады" деген хабарды естіп әрине, қуандық. Билеттердің 15 мамырдан сатылатыны да алдын ала хабарланды. Бұған ырза болдық. Сол 15 мамырда компьютер арқылы билет ала қояйық деп, талап еткеніміз сол еді, өрекпіген көңіл су сепкендей басылды. Неге? 9 маусымға Жезқазғаннан Жосалыға шейін 3 билет керек еді. Компьютердің құлағында отырған баламның: -Бар -жоғы 3 билет қалыпты, бірақ, үшеуі үш вагонда тұр екен, не істейміз ала береміз бе?- деген сөзін естіп" Құдай -ау, билет бүгін ғана сатыла бастаса, қалай үш -ақ билет қалған? Енді қайттік? - деп ақыл - есімізді жиып, аузымызды жиып үлгергенше , сол бар деген үш билеттің де біреуі сатылып кеткенін білдік. "Мынау болмайды екен"деп, дереу жанұшыра тапсырыс беріп, қалған екі билетті алып үлгердік -ау. "Шынымен де, сол пойызға қалайша бір күннің ішінде бар билет сатылып кетті" деген күдік көңілге тыншу бермей, тексеріп көрмекке ұмтылдық. Міне, қызық! Нұр - Сұлтан қаласынан Қызылордаға қатынайтын 118 -пойызға 8 маусымға Жосалыға шейін жалпылама вагонға -77, плацкартқа -79, купеге -24 орын көрсетіп тұр. Сол 118 -пойызға Жезқазғаннан Жосалыға 9 маусымға түк билет жоқ. (Соңғы екі билетті мен сатып алып қойғанмын ғой -авт.). Сонда мұны қалай түсінуге болады? Ең бастысы, адамға қызмет етуді емес, өз пайдасын ойлауды мұрат тұтқан КТЖ басшылығы билеттердің көбісін арақашықтығы ұзақтау станцияларға саттыратыны көрініп тұр. Айталық, Жезқазғаннан Жосалыға шейін плацкартқа 4143 теңге төлеу керек болса, Нұр - Сұлтаннан 6672 теңге төлейсіз. Айырмашылықты есептей беріңіз. Осыны білген соң, КТЖ жағындағы нақ осы билет мәселесіне жауапты бір қызметкермен жазбаша тілдесіп, "Нұр - Сұлтаннан бар билеттің Жезқазғаннан жоқ болып тұрған" себебін білмекке ұмтылдым. Нақты, анық жауап болмаса да, түсінгенім "Жезқазғаннан сатылуға тиісті билеттер сатылып кеткен. Әр станцияға билеттер бөлініп беріліп қойылады". Түсінгенім - осындай. Айталық, астанаға - 60, Қарағандығы - 40, Жезқазғанға - 20 орын деген секілді. Неге? Билет мейлі компьютер, мейлі касса арқылы сатып алынсын, бәрі де бір базада тұрмай ма? Кімге билет қай жерге шейін керек, неге емін-еркін сатып ала бермеске? Әдетте жоқ билеттің кейде пойыздың жүруіне санаулы сағаттар қалғанда пайда болатындығының бір ұшы - билеттерді станциялар бойынша бөліп - бөліп саттыру тәртібіне байланысты екенін енді түсінгендеймін. Яғни, Нұр - Сұлтаннан Жосалыға шейін сатуға деп қойылған билеттерге клиенттер шықпағасын сол орындарды жол бойындағы әр станцияларға тарату пойыз жүретін уақыт жақындағанда қолға алынатын секілді. Ал, бұл қарапайым халыққа тиімді ме? Әрине, жоқ. "Бірер сағат қалғанда билет бола ма, болмай ма?" Кім құмалақ салып отыруы керек? Кейде "кассада билет жоқ, вагондар бос кетіп барады" деп жатамыз ғой. Бұл да осындай тәртіптің салқыны тигендіктен деп ойлаймын. Жұрт "билет бола ма, болмай ма?" деп, пойызды күтпестен басқа көлікпен жолға шығып кетеді ғой. Цифрландыру дейміз. Халық осының игілігін көру керек емес пе? Кассаға барып, тапсырыс беріп қалаған жағына билетін алсын. Үйде отырып, компьютер арқылы алғысы келе ме? Өз еркі білсін. Бірақ, бізде солай істеу үшін қолдан әдейі кедергі қойылып отыр. Бұған 118 - Нұр - Сұлтан - Қызылорда пойызындағы бар билеттің жоқ болып тұрғаны айқын дәлел. Маған өзім хабарласқан КТЖ маманы "лист ожидания" дегенге тапсырыс беріп қойыңыз, "егер билет болатын болса сізге хабарлама жіберіледі" деген кеңес берді. Меніңше, бұл да елді алдаудың бір жолы. Егер сол пойыздың тиісті күніне деген барлық билеттер күнілгері сатылып кетсе ғана "лист ожиданияға" өтініш қалдыруға болады."Біреу билетін кері өткізіп қалса" деген оймен ғана. Ал, мына жағдайда "лист ожиданияға" өтініш қалдырыңыз" деген ақылға қонбайды. Өйткені, билет жоқ емес, бар. Тек бар билетті бұлдап отыр. Бұлдау дегеніміз не? Бұл бос тұрған орынға билетті керек жерінен саттырмау, "алғыңыз келсе, Нұр - Сұлтаннан алыңыз" деген секілді талап қою. Бұрын "Қарағандыдан Жезқазғанға қатынайтын пойызға кейде Қарағандыда тұрып, билетті Нұр - Сұлтаннан алатынымыз қалай?" деп ойлайтын едік. Сөйтсек, мұның астарында КТЖ -нің осындай пайдакүнемдік пиғылы жатыр екен ғой. Бұл - дұрыс емес. Мұны дереу жөнге салмаса болмайды және соны істеудің де еш қиындығы жоқ. Билеттерді әр станцияға бөліп-бөліп сатуды ұйымдастыратын талапқа тиым салынса болғаны.
Абдолла Дастанов, Фейсбук парақшасынан