МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!
2020 ж. 03 мамыр
3897
0
Қазыбек Иса. МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!
Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Президенттің өзі араласпаса, жағдай қиындап бара жатыр....
Астанадағы Сенат басшысы орнынан кетіп жатқан шуға мойын бұруға бір өңірдің ғана шамасы болмай қалды... Түркістан облысы Мақтарал ауданы ауылдарын тасқын су басып, елордадағы шудан елдегі судың қатері күшті болып тұр...
Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуына байланысты тасқын су Түркістан облысы Мақтарал ауданының ауылдарын басып қалды.
Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де болса тоқтамай тұрғаны қолбайлау болуда.
Бүгінде Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда.
Бізге жеткен ақпар бойынша Өзбекстандағы су қоймасының жарылуынан 70 мыңға жуық адам көшірілген дейді. Бір өзбек ағайынымыздың ажалы жоқ екен, өлген жылқының ағысымен біздің қазақ жеріне келіп аман қалыпты... Өзінен гөрі өзгеге құшағы ашық Қазақстанға келген елдің бәрі аман қалады әрине... Әйтпесе, көрші Өзбекстанға мал іздеп жүріп, адасып кіріп кеткен қазақтардың қандай азап шеккенін, тіпті оқ атылғанын да оңтүстік халқы жақсы біледі... Еске түсіп кеткесін айтып жатырмыз, әйтпесе, қиналғанға қол ұшын беру иманды адамгершілік екені анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен осы мәселеге байланысты телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Президенті Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою жөніндегі Өзбекстанның қолға алған іс-қимылдарын жоғары бағалап, қиындықты бірлесіп жеңу туралы келісті.
Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы Ислам Каримовтың кезінде 2014 жылы басталып, 2017 жылы іске қосылған. Негізі қазақ-өзбек баяғыдан араласып жатқан түбі бір туыс ел. Сондықтан бәсекесінің бәсі де басым болып тұрады. Біз өзбекке суға тәуелді болмау үшін Көксарай су қоймасын салғанда өзбектер жағы да Каримовтың тікелей талап етуімен Қазақстанға тиіп тұрған Сырдария облысынан Сардоба су қоймасын салды. Өзбектің білікті су мамандары бұл су қоймасының салынуына қарсы болғаны да айтылған кезінде. Өйткені су қоймасын салу үшін ол жердің геодезиялық талаптарға сай еместігі анықталған. Бірақ диктатор президент Каримовті алған бетінен кім қайтара алсын?.. Ақыры салынып кетеді.
-Бұл Сардоба су қоймасы марқұм президент Каримовтың жобасы,- дейді кезінде Отырар ауданы әкімі болған, бірталай жауапты қызметтер атқарған ел ағасы Қанжігіт Сыздық. Ол біздің ел басшылығымен келіспей қала беретін еді ғой, солай санаспай, xалықаралық келісімді бұзып осы су қоймасын салған. Себебі Халықаралық шарттарға байланысты өзеннің төменгі ағысында отырған мемлекеттің келісімін алмай мұндай құрлыс салынуға тиісті емес. Кезінде олар біздің Көксарай су қоймасын салуымызға да қарсылық көрсетіп, аздап шу шығарған. Алайда, Сырдарияның төменгі ағысында бізден өзге мемлекет болмаған соң, оның қарсылығы негізсіз болғаннан кейін басылған.
Иә, Қанжігіт ағамыздың сөзінің жаны бар.
Сардоба су қоймасының апаты әлеуметтік желідегі өзбек жұртының наразылығын тудырды. ИА REGNUM сайтының хабарлауынша фейсбук желісіндегі «Уят.уз» тобына жазған өзбекстандықтардың пікіріне қарағанда, 2017 жылы пайдалануға берілген су қоймасының үш жылға толмай сыр беруі өзбек билігінің жемқорлығы мен біліксіздігі себеп болған.
"Сардоба апатынан соң халық кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартсын деп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттің маңызды салаларында азаматтық бақылау болсын дейді.
Су қоймасындағы апаттан соң, 11598 адам эвакуацияланған. Қорғантөбе, Достық, Жұртдош ауылдарын су басып, негізі егін алқаптарына зияны тиген. Су қоймасының аймағындағы ауыл тұрғындары Мырзаабад ауданына көшіріліген. Ресми дерек бойынша, өлім жоқ" деп жазады сайт.
«Қандай АЭС туралы айтып жүрсіздер? Жел соқса шатыр ұшады, жаңбыр жауса, дамбы бұзылады» деп ашуларын жасырмайды желі қолданушылар. Айтпақшы, ол Атом электр станциясы да Қазақстанмен шектесетін ауданға салынбақ. Ал оған көршілеріміздің келісім сұрар түрі жоқ...
Әрине, саудамен өскен көршілердің Сардоба су қоймасын салудағы мақсаты таудан ағып жатқан табиғаттың суын тоған жасап бөгеп, қазақтарға сатып отыру болғаны белгілі. Ал енді биыл толассыз жауынмен ерекше мол жиналған телегей теңіз суды қойма жарылып кеткенше ұстап отырғанша, құдайдың суын құдайы көршісі, туыс қазақтарға неге жібермей отырғанын қалай түсінуге болады? Өйткені жылда Мырзашөлдегі екі аудан халқының күн көрістік егісіне су жетпей қоятыны талай рет жыр болғаны белгілі.
Бәсеке дегеннен шығады, кеңес кезіндегі "Қайрат" пен "Пахтакор" футбол клубтарының бәсекесі бүгінде бокс саласына ауысқан. Баяғыда футболшыларымыз барлық елден жеңілсе де өзбектерді жеңсе чемпион болғандай желпініп жүретінбіз. Өзбектер де солай, 2016 жылы Олимпиадада бокстан қазақтардың алдына шығып, жеңіске жеткенін дәрігерлердің рұқсат бермегеніне қарамай ерекше тойлаған Каримов қатты ауырып, ақыры содан басын көтермей кетті...
Енді міне, өзбектердің қазақтарға қимаған телегей теңіз суы тасқынға айналып, өз елін де , көршісі біздің елді де зор шығынға батырды...
Өзбекстан Қазақстанның келісімінсіз, халықаралық келісім жасамай талапқа сай емес жарамсыз жерге Сардоба су қоймасын салғаны және қатаң қауіпсіздік шарасын сақтамай, қойманың жарылғаны үшін жауапты. Сондықтан Қазақстан шеккен шығындарды төлеуі керек.
Бүгін Мақтарал ауданындағы Мырзакент кентінде өткен облыстық арнаулы штабында баспасөз мәслиты өтті. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов: "Қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталды. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құрап отыр. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі құрса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталды.
Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», – дейді.
Орта Азиядағы су тартысы өте күрделі екенін, мұның соңы зор шығындарға апаратынын кезінде Су ресурстары комитетін басқарып, ел қаржысынан триллион теңге қорғап қалғаны үшін бүгінде бір жылдан астам жазықсыз түрмеде жатқан Ислам Әбішев талай көтерген еді. Кезінде Сардоба су қоймасының сапасыз және халықаралық келісімсіз салынғанын да ескерткен болатын. Анау жылы өзіміздің елде бір ауылды шайып кеткен Қызылағаш су қоймасы қырғынын одан 173 есе үлкен Шардара су қоймасы мен 100 есе үлкен Көксарай су қоймаларымен салыстыра отырып, көктемде техногендік апат тудырар қаупі зор болғандықтан, қауіпсіздік шараларына баса мән беруге назар аударып, Үкіметке ұсыныстар жіберген болатын. Енді міне, 2009 жылы Арыстағы екінші жарылыстың зардаптарын жойып, қалпына келтірген (былтырғы төртінші жарылыс - атышулы Арыс апатынан он жыл бұрын), бұның адам айтқысыз апатқа ұшыратуы мүмкін екенін де ескерткен дарынды іскер, қарымды қайраткер бұл су апаты кезінде де қалпына келтіру жұмыстарының ортасында емес, темір торда арыстандай арпалысып жатыр...
Фейсбук әлеуметтік желісін Мырзашөлдегі баспанасы мен егісінен, қорадағы малынан, яғни барынан айрылған елдің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған жанайқайын жеткізген видеоларға толып кетті. Арыс апатын басынан өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің "Бұл облыстық деңгейдегі төтенше жағдай, өзіміз еңсере аламыз" дегені өзбектердің әдеттегідей "бәрін қатырдық" дегеніне сеніп қалғандығының да әсері болса керек. Өйткені облыс әкімі орынбасары Сәкен Қалқамановтың Фейсбуктегі тікелей эфирде: "Өзбекстан біздің жаққа бір тамшы да су келмейді деп сендірді, бірақ Мақтаарал ауданына су келуді жалғастырып жатыр...
Неге кеш эвакуацияланды, себебі өзбек тарапы бізді ресми түрде сендірді. Және бізде өзбек тарапымен кеше кешкі сағат 20-да жағдай тұрақты және ешқандай проблема жоқ екені туралы хат сақталып қалды. Су Түркістан облысына, Мақтаарал ауданына келетіні туралы алдын-ала ескерту болған жоқ.
Түркістан облысының әкімін Өзбекстанның су ресурстары министрі су ағынының тоқтағанына сендірді. Алайда, біз неге екенін білмейміз, су келуді жалғастырып жатыр... Ол Мақтаарал бағытына бір тамшы да су өзбек тараптан келмейді деп сендірді. Ағынды судың деңгейі 45 сантиметрге дейін төмендеді деді. Бұл ретте біздің арналар мен коллекторлардағы деңгей сағатына орташа есеппен 10-20 сантиметрге артып жатыр. Біз әлі күнге дейін бағалау жүргізу үшін су басқан елді мекендердің аумағына кіре алмай отырмыз. Комиссия оны су төмендегеннен немесе сорып алынғаннан кейін жүргізеді. Шығынның орнын толтыру және басқа да төлемдер туралы өткір жағдайды аяқтағаннан кейін айтамыз" -деп жауап берді.
Су тасқыны белгісінен кейін бірден Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігіне қоңырау шалған Түркістан облысы ТЖ департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов те:
"Олар біздің уақытымыз бойынша 20:15-те су қоймасында су толығымен біздің жаққа жабылғанын айтты. Бірақ мен жеке өзім Мақтааралға, дәлірек айтсақ, Жаңа Тұрмыс ауылына барған кезде, ол ешқандай нәтиже бермегенін көрдім. Су жылдамдығы өте күшті болды, күшті толқынмен жүрді. Елді мекендердің барлық тұрғындарын құрбансыз және зардап шеккендерсіз сәтті эвакуациялап үлгердік", - деп, өзбектердің "қатырғанын" айтып берді...
Осындайда көрнекті жазушымыз Дулат Исабековтың анау бір жылдары Өзбекстанмен шекарада мылтық атылып, бір қазақ қаза тапқанда айтқаны, "Баяғыда біздің ауылдың бір шалы: Неге осы тойда төбелес болса болды, үнемі тек біздің ауылдың жігіттері таяқ жеп қала береді" деп күйініп отыратын"-деген сөзі еріксіз еске түседі екен...
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановпен сөйлескенімізде облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев Өзбекстанға кеткенін, әлі оралмағанын жеткізді. Өзі 922 миллион куб сыйымдылығы бар Сардоба су қоймасында апат болатын күні 844 куб су болған екен. Соның кемінде 500 миллиондай кубы сыртқа кеткен болса, оның басым бөлігі жер бедеріне сай төмен орналасқан іргедегі Мақтарал ауданына келгені және келіп жатқаны айқын... Су ағып барып құйылуы тиіс Айдаркөлдің өзінде де су аз болмағандықтан су қабылдау мүмкіндігі төмен болуда. Ең қиыны өзбектер жағынан әлі қанша су келетіні де белгісіз. Әзірге су басқан 7 ауыл, әсіресе, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдары түгел су астында қалған.
Қатерлі су тасқыны қаупі Жетісай ауданына да жақындап, Қоғалы ауылының бар адамы күн-түн демей бөгет жасауда. "Қырсыққанда қымыран іриді" деп, кетпен, күрек, қап секілді құрал-саймандар алуға коронавирус карантинінің кесірінен базардың бәрі жабық, көшеде қап іздеп жүрген елді мектептерге тығылған шиеттей бала-шағалар мен кәрі кісілерді көріп жүрегің ауырады... Уатсаппен ауылдан келіп жатқан "Президентке жеткізіңізші елдің жағдайын" деген видео мен хаттарды оқудың өзі қиын...
Өзбекстан Президенті Шафқат Мирзияев Сардобаға барлық жауапты басшыларды алып барып, "Апаттың орны қалпына келгенше біреуің де үйлеріңе қайтпайсыңдар. Мен де осында боламын! Үйінен айрылғандардың бәріне үй салып беріп, шығындарыңызды өтейміз" деген видеосы әлеуметтік желіде жүр.
Енді бүгінгі біздің елдегі осындай нақты мәліметтерге қарағанда, 350 мыңдай халқы бар қасиетті Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, Үкіметтік комиссия құрылып, жәрдем бермесе, жағдай сәт сайын қиындап бара жатыр... Мемлекет басшысы жағдайды жіті бақылап отырғанын Твиттердегі: Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде"-деп жазғанынан байқауға болады.
Соңғы мәліметтер бойынша, шығын 532,8 миллион теңгеден асып тұр.
Эвакуацияланғандар саны әлі де көбеюі мүмкін. Барлық үйінен, дүние-мүлкінен, егісінен, малынан айрылғандардың шығындарын нақты есептеп, мемлекет өтеп беруі керек!
Ең бастысы Аллаға шүкір, адам шығыны жоқ.
Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілейміз.
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі.