Дәулет Ауданбаев: «МЕЙІРІМДІ ЖЕТІСУДЫҢ» ЖАСТАРЫ ЖІГЕРЛІЛІК ТАНЫТУДА
2020 ж. 25 қазан
1629
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі волонтерлік қызметтің дамуына көп көңіл бөлетіні белгілі. Биыл волонтерлер жылы аясында Алматы облысында "Мейірімді Жетісу" фронт-кеңсесі құрылып, бүгінде олар өз жұмысын жандандырып, жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл тұрғыда аймақтағы еріктілердің еңбегімен толығырақ танысу мақсатында Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Дәулет Ауданбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Дəулет, ең əуелі əңгімемізді дәл қазіргідей қысылтаяң шақта Алматы облысының аумағында ауқымды жұмыстарды атқарып жүрген "Мейірімді Жетісу" фронт офисінің тыныс-тіршілігінен бастасақ...
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында республикалық волонтерлер фронт-кеңсесінің ашылуына Жетісу жастары да куә болған еді. Міне, осыдан кейін республика аймақтарының ішінде алғашқылардың бірі болып Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесі құрылған болатын. Ел президенті тапсырған міндетті үлкен жауапкершілікпен мойындарына алған жетісулық жастар еріктілер қозғалысына жан бітірді. Кеңсенің ресми ашылу рәсіміне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны, жас волонтер Серік Есматов, облыстың волонтер-демеушілері, сондай-ақ аймақтың еңбек ардагерлері мен құрметті азаматтары қатысты. Шара аясында өңірде еріктілердің жұмысын дамытуға бағытталған ұсыныс-пікірлерді жинақтау, ортаға салу мақсатында басқосу өтті. Кеңсе ашылу салысымен еріктілер акцияларын бастап кетті.
– Бүгінгі таңда облыс көлемінде ерікті атанып, игі іске атсалысуға құлшыныс білдіретіндердің қатары күн санап артып келе жатқан секілді...
– Жыл басында өңірде 1043 ерікті жастар тіркелсе, бүгінде 2033 ерікті бар. Оның ішінде елдегі төтенше жағдай кезінде ұжымдық еріктілік дамып жатыр. Ұстаздар қауымы бетперде тігумен айналысуда. Ал, мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да еріктілермен бірігіп қайырымдылық акцияларына ат салысуда. Сонымен қатар, өңірдегі жас отбасылар да еріктілер қатарына қосылып, автоеріктілікті дамытты. Желіде қайырымдылық акциясын өзге отбасыларға эстафета түрінде жолдап, көптеген отбасыларға қолдау көрсетті. Сондай-ақ, 400-ге жуық ресми такси қызметі де еріктілермен серіктестікте жұмыс жасауда. Бізді өз кезегінде індетпен бетпе-бет келген дәл осындай қиын-қыстау кезеңде волонтер болуға ниет білдіргендердің күн санап көбейіп келе жатқаны қуантады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бәріміз бірлесе білсек, кез-келген қиындықты жеңіп шығатынымыз сөзсіз.
– Алматы облысындағы еріктілер атқарып жатқан жұмыстардың бір парасымен оқырман қауым таныса отырса...
– Дәл қазіргі кезеңде «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің әрбір мүшесі халыққа қалтқысыз етіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Атап айтқанда, олар азаматтарды волонтерлікке тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, төтенше жағдайларға байланысты 404-404 қауырт желі (горячая линия) байланыс телефоны күндіз-түні халыққа қызмет көрсетуде. Тәулік бойы өз жұмысын жалғастыратын жедел желі тұтқасында халыққа бірінші кезекте көмегі қажет мамандар отыр. Олар: денсаулық сақтау саласының мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша арнайы мамандар, білім беру басқармасы мамандары және еріктілер қызметін ұйымдастырушы жастар.
Бүгінгі күні қауырт желі арқылы байланысқан облыс тұрғындарының саны – 3000 адамға жетті.
Сондай-ақ, еріктілердің фронт-офисінде авто-еріктілер азық-түліктерді қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындар Каспий-голд мобильді қосымшасы арқылы төлем ақы жүргізіп, қажетті азық-түлікке, дәрі-дәрмекке тапсырыс бере алады. Бүгінгі күні бұл жұмысты жүргізу үшін 60 авто-ерікті тіркелді.
Сондай-ақ, облыс бойынша 936 қайырымдылық акциялары өткізілді. Оның ішінде дезинфекциялық жұмыстарға атсалысу, азық-түлік тасымалдау, медициналық антисептик, жеке гигиеналық заттар және маскамен қамтамасыз етумен айналысуда. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 8013 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 48700 (маска) бетперде тігіліп, тұрғындарға таратылды. Сонымен қатар, жалғызбасты қариялардың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысты.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалған жоқ. "Мейірімді Жетісу" еріктілері тұрғындарға бетперде, гигиеналық заттар және азық-түлік жеткізді. Сондай-ақ, 120 еріктінің қатысуымен облыс аумағындағы 44 санитарлық және блок-бекеттерде тынымсыз жұмыс жасап жатқан мамандарға түскі ас және бетперде таратылды.
– Дəулет, волонтерлық жұмысқа жастар өз еріктерімен атсалысып жатқаны белгілі. Дегенмен, олардың өздеріне мемлекет тарапынан қандай қолдау жасалған?
– Еріктілер жылы аясында белсенді волонтерлерді алғыс хаттар және мемлекеттік марапаттарға ұсыну жоспарға алынды. Сонымен қатар, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегі еленбей қалмайтынын айтқан-ды. Яғни, еріктілік еңбек өтіліне қосылады және студент жастарға оқу кредиттеріне де жеңілдік беріледі.
– Қазіргідей ел бойынша індетпен күрес кезінде еріктілер үй-үйді аралып мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүргенін жақсы білеміз. Бұл тұрғыда волонтерлардың өздері медициналық қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген бе?
– Әрине, қазіргідей жағдайда сақтық шараларын ұстану аса маңызды екені белгілі. Осыған орай, еріктілер арнайы медициналық маскамен, антисептик және қолғаптармен (перчатка) қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге барғанда қауіпсіздік ережелерін сақтанып, 3 метрге дейінгі арақашықтықта тұрып, азық-түлікті тек есік алдына қояды. Ал, қаланы аудан, дезинфекциялау жұмысына қатысатын еріктілер арнайы экипировкамен қамтылған.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз сәтті болсын!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz
Арнайы «Қазақ үні» ұлттық порталы үшін
Алматы облысы