Түркия билігі коронавирусқа байланысты 90 мың адамды түрмеден босатады
2020 ж. 14 сәуір
1254
0
Түркия парламенті коронавирусқа байланысты 90 мыңға жуық адамды түрмеден босату туралы заңнаманы мақұлдады. Бұл құжаттың қабылдануын 279 адам қолдап, 51 депутат қарсы шыққан, - деп хабарлайды tengrinews.kz шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Бірақ дереккөз мәліметінше, құқық қорғаушылар мен белсенділер Түркия билігін сынға алып жатыр. Себебі бұл заңнама саяси айыптармен сотталғандарға қатысты емес екен.
Сондай-ақ, дауыс беру алдында Түркияның әділет министрі Абдулхамит Гюльдің коронавирус анықталған үш сотталушының түрмеде қайтыс болғанын хабарлағаны айтылады.
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша Түркияда 61 049 адам COVID-19 жұқтырған. Осыған байланысты Түркия билігі қатаң шектеу шараларын қабылдап жатыр.
Мұның алдында Иран билігі де коронавирусқа байланысты 85 мың адамды түрмеден босатқан еді.
Редакциядан: Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі адвокат Абзал Құспан пандемияға байланысты Қазақстандағы сотталушыларды да бостандыққа шығару керектігі туралы айтқан болатын.