ҰЛТТЫҚ ҚОР ҰЛТТЫ ҚОРҒАУЫ ТИІС
2020 ж. 08 сәуір
1959
1
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы elbasy.kz сайтында жарияланды. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш мақаласын ел кеңінен талқылап жатыр
"Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн."-деп атап өтті Елбасы.
Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын Ұлттық қорымызға арнайы тоқталды.
"Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті."-деп атап көрсетті.
Иә, Қазақстан халқы осындай әлемдік апат - пандемияда, зор экономикалық дағдарыста арқа сүйейтін мемлекеті бар екенін айқын сезінуде. Бұл "Қор жиған қор болмайды" деген тұжырымның өмірлік сабақтан туғанын айқындап отыр!
Ұлттық қор Ұлтты осындай әлемдік індет пен үлкен экономикалық дағдарыста қорғауы тиіс деп білеміз!
Ең бастысы -осындай ел басына күн туғанда Тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтпауымыз керек! Ол үшін ырысқа бастайтын ынтымақ қана жеңіске жеткізеді!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні