Қайырымдылық кез келген қиындықты жеңеді
2020 ж. 02 сәуір
2015
0
Құдайдың өзі жаратқан он сегіз мың ғаламның бірі – Жер бетін мекен еткен адамзат алдына тағы бір сын сағат тап болды. Әлемдегі елдерді аралап кеткен коронавирус індеті барша мемлекетке, ондағы барлық ұлттар мен ұлыстарға қауіп төндірді. Соңғы деректерге қарағанда 177 мемлекетте 800 мыңнан аса адам осы дертке шалдығып, 40 мыңға жуық адам өмірмен қоштасқан. Біздің елде бұл індеттен шет қалған жоқ. Жаратқан иеміздің мейірімі жауды ма, біздің елдегі жағдай көптеген мемлекеттерге қарағанда анағұрлым жақсы. Сақтансаң сақтайды демекші, елімізде сақтық шаралары шұғыл енгізіліп, короновирусқа қарсы күрес басталып кетті. Қалалар мен елді мекендер карантинге жабылып, кәсіпорындар мен ойын-суық, сауда орындары жұмысы тоқтатылды. Мемлекет тарпынан берілетін көмектен басқа қатардағы қоғам мүшелері тұрмысы төмен тұрғындарға қамқорлық көрсетіп жатыр. Қалталы кәсіпкерлер бұл шараға миллиондап қаржы бөліп, тіпті қалтасы жұқа азаматтар да қолдан келгенше мұқтаж жандарға көмек беруде. Осыған қарап қайырымдылық атты қасиетті ұғым ұмытылмайтынын, қандай да болса қиындықты жеңетінін байқаймыз. Биылғы жыл «волонтерлер жылы» болып жарияланған белгілі, әсіресе еріктілердің қимылы ерекше. Оны біздің редакция поштасына келіп түскен хаттар мен БАҚ-та жарияланған ақпараттардан көруге болады. Енді солардың бір қатарына назар аударып көрелік.
ИГІ БАСТАМА ҚОЛДАУ ТАПТЫ
Алматы облысының Іле ауданында 3 мың отбасыға азық-түлік таратқан бетон, плитка, пластмасса бұйымдарын өндіретін «Арказ Инвест» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі «Біз біргеміз!» республикалық акциясына қолдау білдірді. Игі бастама барысында 3000 қорап азық-түлікті аудан орталығы - Энергетик округінен бастап Байсерке, Жетіген, Қараой, Ащыбұлақ, Междуреченск, КазЦИК, Чапай, Күрті, Боралдай округтеріндегі көмекке мұқтаж әрбір отбасыға таратылды. Алдағы уақытта ауданның өзге де қалған ауылдары қамтылады. Азық-түлікті халықтың әлеуметтік әлсіз тобына тарату жұмыстарына аудандық жастар ресурстық орталығы мен тоғыз округтің еріктілері атсалысуда. Акция аясында аудандық мәдениет қызметкерлерінің бастауымен көп рет қолдануға болатын 500 дана бетперде тігіліп, азық-түлікпен бірге отбасыларға таратылды. Сонымен қатар, коронавирустан қорғану жолдары тұрғындарға түсіндірілген. «Менің отбасымда жолдасыммен бірге үш балам және қайын атам, бауырларым тұрады. Бір шаңырақта жеті адамбыз. Мына қысылтаяң уақытта қайырымды жандар тарапынан берілген азық-түлік жанұяма үлкен көмек. Қаржы тапшылығынан уақытында ұн-майымызды ала алмай, абдырап қалып едік. Енді міне, осы азықпен бала-шағама кем дегенде бір апта ыстық тамақ әзірлейтінім анық. Осындай күн туған сәтте көңіл бөліп, қалымызды сұрап, ескеріп жатқан аудан басшыларына шынайы алғысымды айтамын», - деді әлеуметтік көмек алушылардың бірі, Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Гульмира Жақыпова.ІНДЕТПЕН БҮКІЛ ҚОҒАМ КҮРЕСУІ КЕРЕК
Коронавирусқа қарсы күресті күшейту мен көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында белгілі кәсіпкер, Түркістан облыстық мәслихат депутаты, «Бөрте милка» ЖШС директоры Нұралы Әбіш арнайы қорға 5 миллион теңге аударды. Сонымен бірге Нұралы Әбіш өзі басқаратын серіктестік атынан 100 отбасыға сүттен жасалған өнімдермен демеушілік көрсетті. Бұған дейін де игі істерімен танылып жүрген белгілі кәсіпкер жұртшылықты қауіпті індетпен бірігіп күресуге шақырды. «Біз үкімет тарапынан қолға алынып отырған шектеулер мен сақтану шараларына барынша қолдау білдіріп, түсіністік танытып, барлық талаптарды орындауға тиіспіз. Сондай-ақ жалған ақпараттарға сенбей, ел ішінде үрей туғызбауға, жұртты сабырға шақырып, ынтымақ, бірлікке ұйыстыра білуіміз керек. Әлемге қауіп төндіріп тұрған індетпен күрес жүргізу – тек медицина қызметкерлері мен құқық қорғау мамандарының ғана емес, бүкіл қазақ қоғамының міндеті», – дейді кәсіпкер.«TURAN» СУЫ ДЕРТКЕ ШИПА
«Asia Waters» акционерлік қоғамына қарасты Ақмола облысындағы «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорыны пандемиямен күресіп жатқан Қазақстандағы медициналық мекемелер мен дәрігерлерді табиғи TURAN суымен қаматамасыз етуде. Компания өткен аптада өз өнімін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының ауруханаларына тегін жеткізіп берді. Сонымен бірге Ақмола облысы мен Көкшетау қаласындағы көпбейінді ауруханада карантинде жатқан науқастар мен дәрігерлерге 1250 литр су жөнелтті. «Көкшетау минералды сулары» АҚ директоры Станислав Максимецтің сөзінше, зауыт осы уақытқа дейін 7 мың тоннадан астам су жөнелткен. «Бүгінгі күні дәрігерлер біздің денсаулығымыз үшін экстремалды жағдайда жұмыс істеуде. Оларға қиын істе көмектескіміз келеді. Табиғи TURAN суының жаһандық пандемиямен күрсеуге үлеседі тиеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті Станислав Максимец. Табиғи судың құрамында адам үшін қажеттті минералдар мен пайдалы тірі бактериялар бар. Оның сапасы мен құрамын көптеген елдердің ғалымдары зерттеп оң баға берген. «Көкшетау минералды сулары» АҚ 25 жылда сусын шығаруда индустрия көшбасындағы, әлеуметтік-жауапкершілік бағытындағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорын жылына 52,6 миллион шөлмек немесе 35,3 миллион литр сусын шығарады.КӘСІПКЕРДІҢ ҚОМАҚТЫ ҮЛЕСІ
Ел басына бүгінгідей қиын жағдай туғанда тұрғындарымыздың денсаулығын ойлаған белсенді азаматтар алдымен іске кірісті. Батысқазақстандық кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев «Біз біргеміз!» акциясына қолдау білдіріп, арнайы қорға 10 млн. теңге аударды. Нұрғазы Сәтбаев – Батыс қазақстан өңіріне өзінің ізгі істерімен танымал кәсіпкер, «Uniserv» ЖШС бас директоры. Облыстық мәслихаттың «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, қайырымдылық шараларына белсене араласатын халық қалаулыларының бірі. Депутат бұған дейін де әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасына қолұшын созып, үй салып берген болатын.ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ЗӘРУЛІК КӨРМЕЙДІ
Атыраулық еріктілер жалғызбасты 82 зейнеткердің әрқайсысына 18 мың теңгенің азық-түлігін үйлеріне апарып беріп қариялардың ақ батасын алды. Акция ұйымдастырушысы Жанар Ғилымованың айтуынша, басты мақсат –жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету, мынандай қиын кезеңде қарияларды шет қалдырмау, мүмкіндігінше тұрақты қамқорлыққа алу. Олардың тізімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған екен. Жергілікті тұрғындардан ерікті түрде жиналған 1,5 миллион теңгеге 3 тоннадан астам тауар сатып алып, сол қаржыға бір тиынын да шет шығармай жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік себетін дайындаған. Себетке сүт, жұмыртқа, күнбағыс майы, ұн, макарон, қант, консервіленген ет, түрлі жемістер секілді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер салынды. Бұған қоса, дәрі-дәрмектер мен еріктілер тіккен, бірнеше рет қолдануға болатын медициналық бетперделер жалғыз өзі тұратын 82 зейнеткердің үйіне жеткізілді. Әр азық-түлік себетінің бағасы 18 мың теңге тұрады. Акция кезінде еріктілер сақтық шараларына баса мән берді. Олар әр екі сағат сайын медициналық бетперде мен арнайы қолғапты ауыстырып тұрады. «Әр зейнеткерге азық-түлік жиынтығына қоса, коронавирустан сақтану үшін екі тілде жазылған жадынаманы ұсынуды жөн көрдік. Өйткені, егде жастағы адамдар да сақтық шараларынан хабардар болғаны жөн. Біз олардың үйіне әлеуметтік қызметкерлермен бірге бардық», - дейді акцияға қатысқан еріктінің бірі Динара Ерғалиева.АКТРИСА АКЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ
Солтүстік Қазақстан облысында Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова «Biz Birgemiz» республикалық акциясын қолдап, мүгедек әйелге көмек көрсеттті. Мұқтаж жандарға көмекке бағытталған «Biz Birgemiz» республикалық акциясына танымал киноактриса Самал Есләмова да қатысып, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қызылжарда тұратын 3-ші топтағы мүгедек Роза Имақованың пәтеріне барды. «Қазір дәріханаларда маскалар мен антисептиктер тапшы, бүгін маған бұл заттарды ұзаққа жететіндей етіп әкелді. Денсаулығыма байланысты дүкенге шығу қиын, әрі инфекция жүріп жатқанда тек аса қажет болған жағдайда ғана далаға шыққан жөн. Қыз-жігіттер азық-түлік те әкеліп берді. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Әрі Самал Есләмовамен кездесіп, сөйлесіп, көңілім бір көтеріліп қалды», - дейді Роза Имақова. Акцияға қолдау білдірген Самал Есләмова қазіргідей қиын жағдайда мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көп балалы отбасыларға және жалғызілікті зейнеткерлерге мұндай көмек бірінші кезекте қажет екендігін айтады. «Қазір көптеген адамдар пандемияға байланысты жағдайға тәуелді болды. Бізде көп балалы отбасылар, мүгедектер бар, оларға көмек қажет. Мен осындай акцияға алғаш рет қатысудамын. Мұндай қиын сәтте адамдарға көмектесу өте маңызды. Мен де өз үлесімді қосып, осындай акцияларға тағы да қатысуға дайынмын», - деді актриса.КӘСІПКЕР ЖҰМЫСШЫЛАРЫН АҚЫЛЫ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒАРДЫ
Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Дмитриевка ауылындағы «Шығыс» шаруа қожалығының басшысы өз жұмысшыларына айтарлықтай жеңілдің жасап, көмек көрсетті. Елімізде коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында төтенше жағдай енгізілді. Мамандар халыққа үйде отыр деп кеңес беруде. Осы ретте «Шығыс» шаруа қожалығының басшысы Людмила Ступак өз жұмысшыларының әрқайсысын 100 келі ұн, 10 келі қант, 10 литр күнбағыс майымен қамтамасыз етті. Барлығын елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін ақылы еңбек демалысына жіберіп, оларға жеке гигиена заттары мен дезинфекциялау құралдарын алуға 30 000 мың теңгеден берді. Оған қоса кәсіпкер әкімдікпен бірлесіп бірнеше мәрте пайдалануға болатын 1000 дана медициналық маска тігіп, ауыл тұрғындарына таратып берген.ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ДЕ ҚАЙТАРЫМЫ БАР
Атырау облысында «Birgemiz» жобасы аясында азық-түлік себетін алған Гүлзада Мұқасалиева медициналық маска тігіп, қоғамдық іске өз үлесін қосып отыр. «Бұл – біз үшін үлкен көмек. Өйткені, мен мүмкіндігі шектеулі үш баланы тәрбиелеп отырмын. Ал, жұбайым денсаулығына байланысты ұдайы дәрі-дәрмек қабылдайды. Тұрақты жұмысы жоқ. Мемлекет тарапынан бұған дейін де әлеуметтік жағдайымыздың төмендігіне байланысты әлеуметтік қолдау жасалып келді. Әсіресе, «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы үнемі жәрдемдесіп тұрады», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлзада Мұқасалиева төтенше жағдай кезінде көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп. «Мемлекет басшысы жұқпалы індет тараған сәттен бастап халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қолға алды. Қазір несиені төлеуді үш айға шегерді. Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкендерге жалақысы толық төленетін болды. Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті енгізілді. Осындай қолдау жасалып жатқан кезде мен де бос отырмай, медициналық маска тігуді бастадым», - дейді ол. Бұған дейін тапсырыс алып, түрлі тағам пісірген екен. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері медициналық маска тігіп, 100 данасын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға тегін таратып келген. Қазір маскаларды қолжетімді бағамен сатуда. Оған тұрғындардан да, жергілікті әкімшіліктен де сұраныс бар. Қайырымдылықты өзгелерден көріп қана қоймай, басқа да мұқтаж жандарға мүмкіндігінше қол ұшын берудің бір үлгісі осы шығар.ҮЛКЕН ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Талдықорғанда жеті балалы Оксана Сарыноваға жергілікті кәсіпкер Қайрат Майликов баспана сатып алып берді. Бүгінгі күні еліміз бойынша баспана мәселесі толық шешіліп болмағаны белгілі. Пәтер жалдап тұрып жатқан отбасылар жиі кездеседі. Солардың бірі көпбалалы ана Оксана Сарынова Талдықорған қаласына қарасты «Мерекелік» саяжайында тұрған болатын. Сайжай «Мерекелік» деп аталғанмен жеті балалы отбасы бұл жерден мереке де береке көрген жоқ. Қабырғасы көгеріп,қопарылып түсіп құлаудың сәл алдында тұрған бір бөлмелі үйді олар жылдар бойы паналап келген-ді. Басқа амалы болмаған Оксананың айтуынша, олардың тамақтанатын да, жататын да жері сол бір бөлме, соның өзін жалдап тұрған. Қиналған отбасын бұл қиындықтан қайырымдылық құтқарды.Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың қабылдауында болып, мүшкіл халін айтқан Оксана арман еткен баспанасына қол жеткізді. Шаһар басшысы көпбалалы анаға көмек қолын созу үшін талдықорғандық кәсіпкер Қайрат Майликовке демеушілік қолдау көрсетуін сұраған. Осылайша, көпбалалы отбасының жағдайын естіген кәсіпкер ойланбастан оларға баспана сыйлады. Жекеменшік баспанаға ие болған жеті баланың қуанышында ше жоқ.ҚОҒАМ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚИМЫЛ КӨРСЕТІП ЖАТЫР
Еліміздегі 150-ден астам ұйымды біріктіретін волонтерлердің республикалық фронт-офисі 500 мың медициналық бетпедені тегін таратты. Айта кетуіміз керек, фронт-офис BIRGEMIZ ұраны аясында 150-ден астам ұйымды біріктіреді. «Ұлттық волонтерлiк желінің», «Мейірімділер клубының» және «Астана жастарының» волонтерлері «Нұрлы жүрек», «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында және елордалық Балалар үйінде болды. Қазірдің өзінде 14,5 мың маска таратылған. Қалған маскалар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мұқтаж азаматтарға жақында таратылады. Ұлт денсаулығы үшін бұрын-соңды болмаған бүгінгідей ауқымды жұмыстар жасалып жатқан тұста ортақ іске әр адам өз үлесін қоса алады. Тіпті, қарапайым санитарлық ережелерді сақтау, өзін-өзі оқшаулау және маска кию осы індетке қарсы күресте аса маңызды рөл атқарады», - дейді республикалық фронт-офис өкілдері. Түркістан облысындағы Кентау қаласында еріктілер ұйымының мүшелері көшелерді аралап, тұрғындарға 20 мыңнан аса медициналық бетперде мен арнайы қорғаныш қолғаптарын таратты. Сонымен қатар волонтерлер қаланың жергілікті тұрғындарына коронавирустан қорғану жолдарын түсіндіріп, көшеге көп шықпауға шақырды. Әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерге бармау қажеттігін ескертіп, сақтық шараларын үнемі сақтау жөніндегі түрлі кеңестермен бөлісті. «Еріктілер бетперделерді өздері қолдан тікті. Қазір қала көшелерінде біршамасын таратты. Сондай-ақ, қалаға кіре-беріс қақпада орналасқан блок-посттағы келушілерге берді. Енді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне алып барып береміз. Бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Қанат Бекметов. Сол сияқты Жамбыл облысының волонтерлері COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап, күн сайын барлық қала мен аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, өңір волонтерлері өз қолымен тіккен 10 мың дана медициналық бетпердені қала тазалығына жауапты жұмысшылар мен тұрғындарға таратқан. «Жамбылдық еріктілер осы уақытқа дейін 30 мың үнқағаз, бүктемелер мен медициналық маскалар таратып, 15 рейд ұйымдастырды. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және жалғыз ілікті қарияларға «Біз біргеміз« ұранымен бірінші кезектегі қажетті 700 дана азық-түліктер мен гигиеналық заттар салынған қораптар үлестірді», - деді басқарма басшысы. Мұндай игі істен жезқазғандықтар да тыс қалған жоқ.Жезқазған қаласының орталық көшелері мен автовокзалында еріктілер тегін бетперде тарату акциясын ұйымдастырды. Қала тұрғындарына таратылған бетперделерді еріктілер мен жергілікті кәсіпкерлер қолдан тіккен. Жезқазған қаласының Жастар ресурстық орталығына қарасты «Жылы жүрек» еріктілер ұйымы короновирустың алдын алу мақсатында шаһардың орталық көшесінде екі күн қатарынан халыққа тегін бетперде үлестірді. Қорғаныш бетпердені волонтерлер қажетті материалды сатып алып, өз қолдарымен үй жағдайында тікті. Екі күнде көшедегі халыққа, сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға 600 бетперде тегін таратылды. Волонтерлер күніне 300 маскадан тігіп, тарату үстінде. Бұл акция күн сайын жалғасуда. Демалыс күндері еріктілер автовокзал маңайында жолаушыларға, тұрғындарға 150 маска таратқан. Үш күн аралығында қолдан 1 мың маска тігілген. Сондай-ақ жезқазғандық кәсіпкер Ернар Ахметов басшылық етіп отырған «Тұран» мейрамханасының қызметкерлері бірнеше күннен бері маска тігумен айналысуда.ІСМЕР ВОЛОНТЕРЛЕР
Маңғыстаулық еріктілер жергілікті тұрғындарға түрлі қызмет көрсетумен қатар бетперде тігіп, тұрғындарға тегін таратып жатыр. Ол үшін белсенді жастар өз қаражатына материал алып, орталыққа үйлерінен тігін машинасын әкелген. Игі іске Қарақия мен Бейнеу аудандарының белсенділері де белсене кірісті. Олар бір күнде 2 мыңнан астам бетперде дайындайды. Ал, ақтаулық еріктілер 200-ден астам өнім шығарып, аялдамалардағы тұрғындарға үлестірген, бұл істі одан әрі жалғастырмақшы. Олар әлі де 300-ге жуық бетперде тігуді жоспарлап отыр. «Дәріханаларда медициналық бетперденің жетіспеуіне байланысты, осы шараны қолға алған едік. Бұл бүгінгі күні аса қажет бетперделер 8 қабаттан тұрады, сондықтан вирусты өткізбейді деп ойлаймыз. Дей тұрғанымен, тұрғындарға айтарымыз, бұл маскаларды үш сағаттан артық қолданбауларыңыз керек», - дейді Ақтау қаласы әкімдігі Қоғамдық даму орталығының маманы Нұрбек Шүкірбаев. Байқап отырғандарыңыздай еліміздің барлық аймақтарында қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр. «Таршылықты көрмесең, кемшілікті білмессің» - деп ата-баларымыз босқа айтпаған. Мейірімділік жүректен ғана тарайды, адамдарымыздың бір-біріне деген қайырымдылығы осындай қиын-қыстау кезеңде анық көрінеді екен. Осы ауызбіршілігімізді жоғалтпай, бұл жолғы төнген қатерден де абыроймен, аман-есен шығайық деп тілейік. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz "Қазақ үні" газетінің №13-14(883-884) 06.04.2020ж-13.04.2020 ж. нөмірі.