Түркістанда тіл тегін үйретіледі
2020 ж. 23 ақпан
1533
1
Биыл елімізде еріктілер жылы жарияланғаны белгілі. Осыған орай Оңтүстік аймақ орталығы Түркістан қаласында жастарға шет тілін үйретуге арналан «OPEN ENGLISH» жобасы бастау алды.
Қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы қолға алған бұл жобаның барысында жастарға ағылшын тілін тегін үйренуге мүмкіндік туып отыр. Тіл үйрететін ұстаздар да ерікті түрде жұмыс істейді. «Жастар — біздің болашағымыз. Жақсы маман болып қалыптасуы үшін қолдау көрсетіп, кең көлемде жағдай жасауымыз керек. Ол үшін шет тілін білудің маңызы зор. Еріктілер жылындағы «Білім» жобасы аясында жастарға ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектесу мәселелеріне назар аударып, соған мүмкіндік жасап отырмыз», – дейді Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Амалбек Өміртай Бұл істе білікті мамандардың болғаны жөн. Солардың бірі оқытушы Әлімжан Бекболатов Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің магистранты. «Ағылшын тілі» мамандығын меңгеріп, кейіннен Еуропада, Америкада білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап келген белгілі маман. Қазір ол орталықтағы тіл үйрету курсының жетекшісі. Орталықта одан да басқа білікті ұстаздар сабақ береді. Бүгінгі күні орталықтағы курста 30 оқушы екі кезеңге бөлініп тіл үйреніп жатыр. Шет тілін үйренем деушілер қатары алдағы уақытта арта түспекші.
Шырын ӘМІРЖАН
qazaquni.kz