Қарағанды еріктілері іске кірісті
2020 ж. 15 ақпан
1137
0
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Волонтер – бұл өмір салты» атты Волентер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осынау іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Жиынға қоғамдық ұйымдардың, білім беру, жастар саясаты, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мәселелері бойынша басқармаларының басшылары, Қарағанды облысының Төтенше жағдай департаменті және Полиция департаменті өкілдері қатысты.
Волонтерларға ерекше серпін берген атаулы жылға арналған іс-шара барысында «VolteQ», «Шаңырақ», Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Қазақстанның еріктілер лигасының филиалы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы, «АбайТеам», «Unusualstars» және т. б. сияқты облыстың түрлі қалалары мен аудандарынан еріктілер қозғалысының өкілдері арнайы қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды.
«Волонтер – бұл өмір салты» атты салтанатты шара аясындағы Қарағанды облысының ТЖД жедел қызметтерінің арнайы жабдықтарының көрмесі, сондай-ақ ТЖ алдын алу бойынша үгіт-насихат материалдары көрермендер назарына ұсынылды.
Көрме кезінде ТЖД қызметімен толығырақ танысуға, сүңгуір және құтқару жабдықтарын, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін, тыныс алу аппаратын, жылу шағылыстырғыш костюмді, реанимация жүргізуге арналған манекенді, медициналық төсеуді, Вакуумдық және пневмошиналарды көріп, әрбірімен жете танысуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, «ТЖ-ның алдын алуда және олардың салдарын жоюда еріктілердің рөлі» тақырыбында оқыту семинары өткізіліп жиылғандарға пайдалы мәлімет берілді.
«Халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, өрт қауіпсіздігін және су объектілерінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы волонтерліктің жоғары адамгершілік негізі адамдардың бір-біріне көмектесуге деген ынтасы. Нәтиже – құтқарылған азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі», – деп атап өтті ТЖД бөлім бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Е.Байғазиев.
Семинарда азаматтық қорғау қызметкерлері еріктілерге алғашқы медициналық көмек көрсету және өрт, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл жайлы кеңінен әңгіме қозғады.
Қызу пікірталасқа ұласқан басқосуда волонтерлар өздерін қызықтырған мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, мардымды жауап алды. Жалпы айтқанда, іс-шара қатысушылары төтенше жағдайға қатысты қажетті мәліметтерге қанық болды. Сонымен қатар, көгілдір экраннан көрсетілген «Алғашқы өрт сөндіру құралдары», «Жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары» атты бейнероликтер арқылы жиылғандар өрт сөндіру қызметінің тыныс-тіршілігімен танысып шықты.
qazaquni.kz