Көлгіновті көпшілік сұрақпен көміп тастады
2020 ж. 15 ақпан
1587
2
Елордалықтар алдында есеп берген Көлгінов шағымның астында қалды. Тұрғындар тарапынан тұрмыстық түйткілдерге қатысты сұрақтар легі бір толастамады.
Көгілдір отынсыз күні қараң, көліктің көптігі мен көмірдің кесірінен көк түтін жұтқан жұртшылық алдында есеп берген бас қаланың әкіміне күртік қардың қорлығы мен үйін даулап жүрген мыңдаған үлескерлер шағым айта келді. Әкімінің есеп беру жиынына келген халық өз мәселесін айтып қалуға тырысты. Әсіресе, үйін даулап жүрген үлескерлердің жанайқайлары ащы шықты. Әкімнің сөзінше, елордада 76 тұрғын үй кешенінің құрылысы әлі аяқталмаған. Былтыр 2 жарым мың үлескердің «мәселесін шештік» деп ақталған әкім алдағы үш жылда «бәрін бітіріп беремін» деп уәдені үйіп-төкті. Осы қыста қала тұрғындарын әбден қалжыратқан күртік қар әкімнің сөзінше, коммуналдық қызметтің қауқарсыздығынан емес, әдеттегіден қалың жауған қардың кесірі екен. Ал, жемқорлыққа шатылған қоластындағы қызметкеріне қатысты Көлгінов онша шешіле қоймады, қысқа жауаппен шектелді. Байқоңыр ауданының бұрынғы әкімі құны жарты миллионнан асатын «Айфонның» соңғы нұсқасын ауызбастырыққа алғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Заң бойынша қоластындағы қызметкері жемқорлық дерегімен ұсталса, басшысына сөгіс жарияланып, тіпті қызметтен босатуға дейін қарастырылған. Алайда Көлгіновтің аузынан «отставкаға кетем» деген сөз шыққан жоқ.
З.Қабиоллаұлы
qazaquni.kz