Рустам Абдусаламов: Барлығы қазақ тілін білуі керек
2020 ж. 11 ақпан
9530
0
Қордайдағы жағдайдан кейін ел назары Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына ауғаны белгілі. Әлеуметтік желіде аталмыш институттың қызметін жоғары бағалап жатқандар да, сынап жатқандар де жетерлік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясынан кейін құрылған Ассамблея құрамында бүгінде 394 мүше бар екен.
Сонымен қатар, Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.
Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бұл құрылым жұмысының басты бағыты елдегі тұрақтылықты сақтау.
Осыған орай "Қазақ үні" ақпарат агенттігі "Қазақстандағы ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің бөлімшесін басқарып отырған Рустам Абдусаламовпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.
- Құрметті, Рустам мырза. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауда Қазақсан халқы Ассамблеясының маңызы қандай?
- Елімізде бірлік пен ынтымақтастықты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы өте жоғары. Көптеген адамдар ассамблеяны құзырлы органдармен шатастырады. Соңғы болған оқиғадан кейін (Қордайдағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс - ред) "Ассамблея қайда қарап отыр?" деген әңгімелер жиі айтылуда. Ассамблея - Ішкі істер немесе мәдениет, яки қоғамдық даму министрліктері секілді орган емес. Бұл түрлі этностардың басын біріктірген алаң. Осы алаң арқылы өзге ұлт өкілдері өз ойларын ортаға салып, қоғамдағы татулық моделін нығайтуға өз үлесін қоса алады. Ассамблея заңды тұлға болып табылмаса да, көптеген жұмыстар атқарып келеді. Осы құрылым жұмысының нәтижесінде әлем Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастықтың жоғары екенін көріп отыр. Ассамблеяның басты рөлі - адамдарды бірлікке шықару. Ол билік органы емес, партия емес. Ассамблеяның арқасында Қазақстандағы барлық этникалық топтар құрметке ие болды!
- Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім моделін нығайтуда қандай еңбек атқарып жүр? Мысалы, өзінің жетекшілік ететін "Ұйғыр республикалық этномәдени орталық" бөлімшесінің жұмысы туралы айтсаңыз.
- Өз орталығымыз ғана емес, барлық бірлестіктер атынан айта аламын. Біз барлық маңызды мемлекеттік шараларға қатысамыз. Тәуелсіздік күні болсын, қала күні болсын, тіпті, аудан деңгейіндегі мерекелік шара болсын, барлық жерге Ассамблеяның қатысы бар. Біреулер "бұлар құр би билеп ғана жүр" деп айтуы мүмкін. Шынтуайтына келгенде, ондай концерттік бағдарламалардың негізінде қаншама адамның қажыр-қайраты жатыр. Олар сол мәдени шара арқылы өз ықыластарын білдіргісі келеді. Өкінішке орай, көп адам мұны түсінбейді. Тағы бір айта кететін жайт, бізде этномәдени бірлестіктерде сол этнос өкілдерінің өзімен түрлі түсіністік шаралары да атқарылады. Этникалық топтың өз ішінде ғана емес, этникалық топтар арасында да жақсы қарым-қатынастар орнатылған. Мысалы, Арыстағы қайғылы оқиға есіңізде болар. Сол кезде қалыс қалған бірде-бір этникалық топ жоқ. Бәріміз бір кісідей көмек көрсеттік. Этникалық топтар арыстықтарға 100 млн теңгеге жуық гуманитарлық көмек жіберген болатын. Қазір Қордайдағы жағдайдан кейін Ассамблея тағы да дәл солай гуманитарлық көмек жинап жатыр. Бірлік пен ынтымақтастықты нығайту дегеніңіз осы емес пе?!.
- Қордай демекші, Масаншыда орын алған жағдайға қатысты ойыңыз?
- Қордайдағы мәселе туралы әлеуметтік желіде де жазғанмын. Бұл Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын екі топ арасындағы бұзақылық әрекеттер. Қазақтар мен дүнгендер арасында емес, Қазақстан азаматтары арасындағы оқиға. Қордайдағы оқиға кезінде, өкінішке орай, 10 адам қаза болды. Бірақ, біз дүнгендер немесе қазақтар қаза тапты деп бөлмеуіміз керек. Біз Қазақстанның 10 азаматы қаза тапты деп қарауымыз керек. Бұл өз отбасын асырап отырған, Қазақстанның экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар. Кез-келген кикілжінге "ұлтаралық" деген тіркесті қоса беруге болмайды. Мұндай жанжалдар барлық жерде болып тұрады, өкінішке орай. Мен "самосуд" деген ұғымға қарсымын. Мұндай жағдайда, өзара ақылдасып, дұрыс шешім шығара алатын ақсақалдар бар. Мен ешкімді айыптағым келмейді. Бір нәрсені нақты айта аламын, бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұзақылық әрекеттер. Қазақстан - бәріміз татулықта өмір сұріп жатқан мемлекет. Мен сол татулықтың сақталуын қолдаймын!
- Елімізді соңғы кездері қазақ халқы мен өзге ұлт өкілдері арасында шиеленістер орын алып жатыр. Мысалы, Қарағандыдағы оқиға, кешегі Қордайдағы жағдай бар. Осындай оқиғалардың туу себебі неде сіздің пікіріңізше? Және ондай жанжалдардың қайталанбауы үшін не істеу керек?
- Бұл ұлтаралық жанжал тудырғысы келетін жеке топтардың мүддесінен шыққан түсінік деп ойлаймын. Менің айналамда, достарымның ішінде адамдарды ұлт пен ұлысқа бөліп қарайтын бір адам жоқ. Үкімет азаматтардың экономикалық жағдайын жақсарту үшін жұмыстар атқару керек деп ойлаймын, сонда, бәлкім, негативті ойлар туындамайтын шығар.
Маған отандастарымның бақуатты, тату-тәтті өмір сүргені қымбат. Мысалы, менің өзімнің отбасым көпұлтты. Шешем қазақ, жұбайым татар, әкем ұйғыр, бір келінім славян текті. Мен осы ұлттардың барлығын бірдей жақсы көремін.
Адамдар ең алдымен бір-бірінің мәдениетін жақсы тану керек. Біз - қазақстандықтармыз. Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Әрқайсымыздың өзіміздің ерекшеліктеріміз бар. Ең бастысы, біз бір мемлекетте өмір сүріп, осы мемлекеттік өсіп-өркендеуіне күш салып жүрген азаматтармыз бәріміз. Осыны түсінуіміз керек. Осыны елге жеткізетін дұрыс ақпараттық саясат болу керек. Жастарды дұрыс тәрбиелеу керек. Жастар кейбір мәселелерде дұрыс тәрбие алмағасын, кейде неше түрлі оқиғалар туындайды. Бәріміз бір-бірімізге үлкен құрметпен қарайық.
- Әлеуметтік желіде Мемлекеттік тіл мәселесі жиі көтеріледі. Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тілін білуі тиіс деген пікірлер айтылады. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
- Барлығы қазақ тілін білуі керек, міндетті түрде. Бұл менің нақты ұстанымым. Бірақ, әркімнің әртүрлі жағдайы бар. Біреудің ментальді мүмкіндігі келмейтін шығар, біреудің жағдайы жоқ шығар қазақ тілін үйреніп алуға. Бірақ қазақ тілін білмесе де, Қазақстанды жанындай сүйеді және қазақ мәдениетін өте құрметтейді! Олардың көбісі осындай азаматтар ғой. Оларды қатардан сызып тастауға болмайды ғой. Бұл жерде жеке адамның тіл үйреніп алмауында ғана мәселе жатқан жоқ. Бұл жерде адамдардың қазақ тілін меңгеріп алуына жағдай жасамаған мемлекеттік саясат мәселесі де жатыр. Қазіргі уақытта жаңа әрекеттер жасау керек. Мысалы, қазір ағылшын тілін үйренгісі келген адам ғаламторға кірсе болды. Неше түрлі бағдарламалар, қызықты дәрістер, тренингтер, барлығы жеткілікті. Қазақ тілін еркін әрі жеңіл меңгеріп алатындай осындай түрлі курстар мен әдістер жасау керек. Құзырлы министрліктер қазақ тілін меңгеруге көмектесетін технологиялар ойлап табу керек, шығар бәлкім. Кез-келген идея, ой, іс-шаруа және барлығы күш пен зорлық арқылы емес, тек махаббат пен сыйластық арқылы жасалуы керек.
Мақаланың авторлық құқығы qazaquni.kz ақпарат агенттігіне тиесілі. Көшіріп-басуға тыйым салынады!