"Cыныққа" айтар сылтау көп
2020 ж. 10 ақпан
1890
0
Қытайдағы қауіпті індет базардағы бағаға да әсер ете бастады. Алматыдағы әйгілі «барахолкада» қытай тауарлары қазірдің өзінде 20 пайызға қымбаттаған.
Әсіресе электроника, тұрмыстық техника мен көрші елден келетін азық-түлік бағасы шарықтап кетіпті. Екі ел арасындағы шекара ашылмаса, тауар тапшылығы сезілуі де мүмкін дейді саудагерлер. Бұрын сапасыз болса да, арзан тауар іздеп сабылған жұрт базарға ағылатын. Қазір бәрі барлық сауда орындарында қымбат. Базардағы бағаның қымбаттағанын Сауда және интеграция министрі де мойындап отыр. Алайда Бақыт Сұлтанов бұл қарбаласты пайдаланып қалғысы келетін кәсіпкерлердің әрекеті дейді. Өйткені екі ел арасындағы шекара тек жолаушылар үшін жабылған. Ал тауар тиеген көліктер емін-еркін өткізілуде. «Қымбатшылықты қолдан жасағандарды анықтап, жауапқа тартамыз», – дейді қаһарына мінген министр. Онысы дұрыс делік, ал доллар бір аунаса аспандайтын, зейнетақы мен мемлекеттік қызметкерлердің айлығы көтеріледі дегеннен-ақ алдынала тұрақты түрде қымбаттап жататын бағаға да кәсіпкерлер мен қытайлардың коронвирусы кінәлі ме? «Министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдер кеңседе көміліп отырмай, тым болмаса аптасына бір рет сауда орындарын аралап тұрмай ма? Бұл да әкімдердің әдеттегідей айтатын әуені», – дейді тұрғындар Сұлтановтың «сыныққа» айтқан кезекті сылтауына сенімсіздік білдіріп.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz