Ешкім еріккендіктен елінен кетпейді
2020 ж. 10 ақпан
2743
0
Ғасырлар бойы басынан небір қилы замандарды өткізген қазақ атамыз «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» - деген екен. Біз қазір «патриотизм» деп жылдар бойы жар салып, соған қыруар қаржы жұмсап жүрген жиналыстар мен бас-аяғы жоқ жалаң ұранға негізделген түрлі шараларды бір-ақ сөзбен жеткізген бабаларымызды бұдан кейін данышпан демей көріңіз. Бұл нақылдың мазмұны тереңде жатыр. Туған жерді түлету, мемлекет қуатын арттыру, ұлтымыздың мүддесін қорғау, ел намысын қолдан бермеу секілді қасиетті, ізгі ұғымдардың бәрі осы бір ғана сөйлемге сыйып тұрған жоқ па?!.
Тәуелсіз, егеменді ел болып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ешбір қарулы қақтығыстары жоқ, қазақша айтқанда «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» мына бейбіт заманда «Неге біздің тепсе темір үзетін жастарымыз елінен безініп, шетел асып жатыр?» - деген сұрақ кімді болса да ойлантпай қоймасы анық. Ұлан-байтақ жеріне жауының табанын тигізбей, оны қасық қаны қалғанша қызғыштай қорғаған даңқты ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы соншалықты ұсақталып кеткені ме деген күдік те келеді көңілге. Ол да негізсіз емес. Білім десе білімі, білек те десе білегі бар жастарымызға туған елінен жерінетіндей не көрінді? Білімі мен білегі болғанмен, туған еліне деген жүрек жылуын жоғалтқаны ма? Ғұлама ғалым, асқан ойшыл Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегені осындайды біліп барып айтқанына қазіргі кезеңде анық көз жеткізе бастадық. Техника мен технология дамыған дәуірде білімнің соңына түскенмен, біз тәлімді тәрбие беруді, яғни ұлттық идеологияны ұмытқан секілдіміз…
Білімге ешкім қарсы емес, жастардың оқығаны дұрыс, білім ғана елімізді биіктерге көтереді. Ашығын айтсақ ол жағынан кемістік көріп жатқан жоқпыз. Әрине, бірқатар кемшіліктері бар болғанмен біздегі қаптаған жоғары оқу орындарын былай қойғанда, «Болашақ» сияқты бағдарламалар арқылы соңғы 15-20 жыл көлемінде әлемнің атақты оқу орындарында білім алып келген жастарымыз асып артылады. Сонда не жетіспейді? Ел қуатын арттыратын азаматтарымыз неге жат елдің табалдырығында «сұлтаны емес, ұлтаны болуға» пейілді? Осы мәселені арнайы зерттеген сарапшылардың айтуынша мұның көптеген себептері бар екен.
Алдымен осы орын алған жағдайға байланысты қолда бар деректерге назар аударалық. Қолда бар деп астын сызып айтуымызға, нақты ресми деректерді ашық ұсынуға бізде қолдан жасалған, әбден қалыптасқан «құпиялық» атты кедергі тұрғанын бәріміз білеміз. Жариялағысы келмейтінін жасырып, мақтанып қалу мүмкіндігінен мүлт кетпейтін біздің мемлекеттік органдардан мәлімет алу қиямет-қайымнан әрмен. Ол үшін мөр басқан хат жолдап кем дегенде жарты ай күтуіңіз керек. Ақпарат берген күннің өзінде бір саусағын бүгіп қалатыны қашаннан белгілі. Оған қарағанда шетелдік ақпараттар анағұрлым қолжетімді. Бұлардың өз халқынан жасыратындай қандай құпиялары мен қылмыстары бар екені түсіне алмай қойдық. Содан барып ел арасында нақты негізделмеген, жобалап, долбарлап айтылған ақпараттар тарай бастайды. Жалған ақпарат үшін кімге болса да заң алдында жауап беруге тура келеді. Байқамай биліктің башпайын басып кетсеңіз ондай заң бізде шұғыл шара қолданады. Ал, мемлекеттік органдардың ашық ақпарат бермеуі, сол арқылы жұртты шатастыруы қалыпты жағдай болып саналады. Сонда жалған ақпарат үшін заң алдында бірінші кезекте кім жауап беруі керек?
Аз да болса жарияланған жаңа мәліметтер мен өткен жылдардағы кейбір деректерге қарасақ елден шетке кетушілер саны азаймай отырғанын байқаймыз. Бұл туралы әлеуметтік желілерде, қоғамда көптен бері айтылып келеді. Әсіресе жоғары білімді, әр салаға ауадай қажет білікті мамандарымыздың шетелге кетуі көпшілікті алаңдатыны түсінікті. Еліміздің экономикасын дамытып, қуатын арттырып, сол арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмысын көтереді деп сенім артқан белсенді азаматтармыздан, яғни ең құнды адам капиталынан айырылу құлдырауымызды, ұлтымызға төнген қауіпті көрсетеді. Бұрындар эмиграцияны елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің тарихи отанына оралумен байланыстырған болсақ, енді біз басқаша көрініске куә бола бастадық. Өкінішке орай, басқа ұлтты былай қойғанда қазір қазақтардың көшуі көбірек байқалады. Бұл туралы өткен жылы болған пікір алмасу алаңында сарапшы, Қазақстан «Фин Тех ассоциациясы» атқарушы директоры Ерлан Смайылов та айтқан болатын. Оның мәлімдеуінше соңғы 7 жылда Қазақстаннан 300 мыңнан аса адам (соның ішінде 2018 жылы – 42 мың) алыс-жақын шетелдерге қоныс аударған. Оның басым бөлігі білімді, білікті мамандар. Ал, басқа да деректер бойынша өткен 2019 жылы бұл көрсеткіш 50 мыңға тақаған. Олардың көбісі Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Прибалтика және өзге де Еуропа елдеріне кетіп жатыр. Демек, мемлекет адам капиталынан айрылу арқылы қыруар шығынға ұшырап отыр деген сөз. Тағы да айтамыз, бұл нақты дерек емес, шын мәнінде бұдан 1,5 есе көп болуы әбден мүмкін. Өйткені бұл мәселені зерттеп жатқан ешкім жоқ, зерттеген күннің өзінде оны ашық айтпайды. Мысалы, көрші Ресей елінің өз ішінде осы мәселені зерттеулері бойынша 2000-2017 жылдар аралығында эмиграция кесірінен мемлекет 27 трлн.рубль зардап шеккен. Есесіне басқа мемлекеттерді атамағанда орыс мигранттары есебінен АҚШ – $2 трлн, Германия — $550 млрд, Австралия — $330 млрд. пайда көрген. Ал, бізде мұндай зерттеулер ресми түрде мүлдем жарияланбаған, оның мемлекеттік мекемелерді мүлдем қызықтырмайтыны көрініп тұр.
Бүгінгі түсінік бойынша мигрант тауар ретінде есептеледі. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы мигранттар есебінде, оның саны барлық елдердегі халық санының 3-4 пайызын құрайды екен. Мұны Миграцияға байланысты Халықаралық ұйымның тапсырысы бойынша саясаттанушы- сарапшылар Ирина Черных пен Рустам Бурнашевтар арнайы зерттеген. Халықаралық деңгейде миграциялық процесс заңды, қалыпты жағдай болып есептелгенмен Қазақстан үшін қауіпті екені айдан анық, өйткені бізде еңбекке жарамды адамдардың саны онсыз да өте аз. Шетке кетушілердің 25 пайызы 15-28 аралығындағы белсенді еңбек ететін жастағылар екенін ескерсек осыған көз жеткіземіз. Мысалы, 2017 жылы шетелге кеткендердің 29,9 пайызы, әрбір үшіншісі жоғары білімділер. Ал, біздің елге келушілердің әрбір алтыншысының ғана жоғары білімі бар екен. Яғни, айырмашылығы жер мен көктей. Басқа да жұмысшы мамандардың көрсеткіші де осыған ұқсас. Бұл жерде ресми статистика тек қана азаматтығын ауыстырғандарды ғана көрсетіп отыр делінген хабарламада, шетелге оқуға, уақытша жұмыс істеуге кеткендер есепке алынбаған. Мәселен, білім алуға қатысты кетушілер саны бізде 76 деп көрсетілсе, ресейліктердің мәліметінше 2016-2017 жылдары 64 мың қазақстандық студенттер тіркелгендігі айтылады. Бұл сан тым көп көрінгендіктен оны бес оқу жылына бөлсек те жылына он мыңнан астам адам елімізден Ресейге оқуға кеткен болып шығады.
Ең бастысы тұрғындарымыз шетелге не себепті кетіп жатыр деген сұрақ мазалайды қоғамды. Мамандар мен сарапшылардың пікірінше:
1. Еліміздегі төмен әлеуметтік-экономикалық жағдай;
2. Саяси жағдайдың тұрақтылығына деген сенімсіздік;
3. Тілге байланысты психологиялық жайсыздық (өзге ұлттарға қатысты);
4. Көрші және алыс елдердің миграциялық белсенді саясатының әсері;
5.Қазақстанның азаматтық қоғамының әлсіздігі және елдегі жаппай жемқорлық пен құқық қорғау органдарына сенімсіздік себептері мигранттар тарапынан жиі айтылады. Азаматтық қоғамның сапасы жағынан біз әлемдік рейтингте 91 орында тұр екенбіз.
Мына бір жағдайға да назар аудармасқа болмайтын сияқты. Жүргізілген сауалнама бойынша қазақстандық әрбір үшінші адам шетелге кеткісі келетінін, тағы да үштен бірі мүмкіндік болса баратынын, қалған үштен бірі ат басындай алтын берсе де шетелге аяқ баспайтынын кесіп айтқан. Ал шетелде тұратын жерлестеріміздің 8,3% елге оралатынын, 50% енді қайтып келмейтінін, 41,7 пайызы Қазақстанда саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалса елін қайта табатынын білдірген. Ең өкініштісі, әрбір үшінші эмигрант – қазақ ұлтының өкілі. Олардың 77 пайызы білімді жастар. Бұл көрсеткіштер ешкімді қуанта қоймасы белгілі, тіпті көңіл шіркіннің соған сенгісі де келмейді, жалған дерек болса екен деп іштей тілейтініміз де рас.
Енді тұрғындарымыздың шетелге тоқтаусыз кетуін сарапшылар көрсеткен бес себепке қысқаша ғана тоқталайық. Бәлкім бұл мәліметтер шындыққа жанаспайтын арандату шығар, олай болуы да мүмкін ғой. Біріншіден, еліміздегі экономикалық, әлеуметтік жағдайдың қиын екені сарапшылар айтпаса да айдай анық нәрсе. Жүздеген мың адамдардың баспанасыз, тұрақты жұмыссыз жүргені де белгілі. Көпбалалы аналардың айғайынан кейін тағайындалатын арнайы әлеуметтік көмектің өзі комедияға айналып кетті. Комедия емес, трагедияға десе де болады. Үйіндегі тауығы мен оның таппаған жұмыртқасына дейін тексеріп санаққа алған шенеуніктер олардың өзін «табыстарын жасырған алаяқ» - деп айыптай бастады. Білімді, білікті жастар өз мүмкіндігін көрсететін жер таппағандықтан, жұмысшы жастар мардымсыз айлықпен отбасын асырай алмағандықтан шетелге амалының жоғынан кетіп жатыр деуге негіз бар. Екінші, саяси жағдай соншалықты төмен деуге келмесе де, елімізде демократиялық қоғам құра алмай жатқанымызды қайда қоямыз? Адам құқықтарының бұзылуы осыған дәлел емес пе? Үшінші, тілге байланысты айтылғандарды есепке алмасақ та болады. Онсыз да елімізде мемлекеттік тіліміз толық қолданыс таппай өгей баланың күйін кешуде. Бұл жерде өзге ұлттардың өкпелейтіндей мүлдем жөні жоқ. Төртінші кезекте айтылған шетелдердің миграциялық белсенді саясатын мойындауымыз керек. Олар шеттен келгендерді төріне шығармаса да бізге қарағанда жоғары жалақы төлеп, адамдарымыздың күшін пайдалануда. Оған қарсы ештеңе айта алмаймыз. Оған бір ғана жауап бар – сондай лайықты жағдайды өз елімізде алдымен өз адамдарымызға жасауға тиіспіз. Ал, біз болсақ шетелдік компанияларды салықтан босатып, олардың жұмысшыларына жергілікті мамандарға қарағанда он есе жоғары жалақы төлеуіне мүмкіндік беріп қойдық. Бесінші көрсетілген азаматтық қоғамның әлсіздігіне байланысты да ештеңе айта алмаймыз. Қоғам белсенділігі төмен екені рас. Неге? Өйткені азаматтардың үніне билік құлақ аспайды, талаптарына жүре қарайды. Одан кейін күшті азаматтық қоғам қайдан пайда болсын? Соттың әділетсіздігі мен елімізді жайлаған жемқорлықты да жоқ дей алмаймыз. Құдайдың құтты күні лауазымдылар қылмыс үстінде ұсталып қамалуы үйреншікті көрініске айналды. Соның бәрі халықтың тұрмысын төмендетеді. «Арнайы көмек тағайындау үшін жағдайы төмендердің тауық-қазын санағанша, қолдан жасалған миллиардер мен миллионерлердің осыншама байлықты қалай тапқанын неге тексермейді? Ұрлаған ақшаларын ел экономикасына жұмсамай шетелге әкетіп жатыр, соған неге тоқтау салмайды?» – деген көпшіліктің пікірін де теріс дей алмайсыз.
Байқап отырғандарыңыздай, өкінішке орай, сарапшылардың жүргізген сауалнамасындағы келтірілген ой-пікірлердің негізсіз емес екенін көреміз. Ешкім еріккендіктен елінен безінбейді, оған белгілі бір саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық немесе өзге де себептер түрткі болатыны белгілі. Осы мәселенің төңірегінде мықтап және тұрақты ойланатын кез баяғыда келген-ді, егеменді ел болғанымызға 30 жылдай уақыт өтті. Билік басындағыларға төмен түсіп қарапайым халықтың қамын қарастырған жөн. Сондықтан «Әрбір қазақ – жалғызым!», «Қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін қызмет етеміз!» - деген ұрандарды барлық мемлекеттік кеңселер төріндегі көсемдердің суреттерінің орнына іліп қойсақ та артық емес. Себебі әрбір адам Қазақстанның баға жетпес қымбат қазынасы. «Арқада аяз қатты болмаса, арқар ауып несі бар» - деген екен аталарымыз. Елімізде жемісті еңбек етуге, лайықты өмір сүруге жағдай жасалса, тұрғындарымыз ҚР Конститутциясында көрсетілгендей өздерінің қарапайым ғана құқығының тапталмасына, заңмен қорғалатынына сенімді болса, өзін мемлекеттің белді азаматы екенін сезінсе қазақ азаматтарының туған жерін тастап, шет ел ауып несі бар?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz