Атың шықпаса - әкім бол
2020 ж. 25 қаңтар
2238
0
Бір әкім кетеді, екіншісі келеді. Тұрақты орын алып жатқан бұл сапырылысқа біздің елдің еті үйреніп алғаны соншалық, бір күнде он әкім омақасып жатса да ешкім елең етпейтін болды.
Үкіметтің үкілеп әкеліп отырғызған әкімі екі-үш жылға жетпей жемқорлыққа салынып түрмеге қамалатыны да таңғалдырмайды тұрғындарды. Ол үшін бұқараға өкпе артудың қажеті жоқ, кейбір деректерге қарағанда күніне орта есеппен сегіз лауазымды тұтқындалып жатса қашанғы таңдай қағып, таңғала берсін...
Өткенде ғана Алматы облысының әкімі орынбасары Бағдат Мәнізоровтың маңындағы шатақтың шаңы жерге қонып үлгермей, енді міне еліміздегі аса ірі өндірістік Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың да басына бұлт үйірілді. Қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды. Осы облыстағы Баянауыл ауданы әкімі де орнын босатты. Оған қоса айналасы 2-3 күннің ішінде Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі Ш.Рыспаев та орынбасарыммен бірге қамалды. Шымкент қаласының да әкімі осы аралықта тағынан түсті. Шүкір, оған әзірге қылмыстық күдік тағылмаған. Бір жұмадай басшысыз қалған Кереку аймағына премьер-министр Асқар Мәминнің өзі арнайы келіп, 46 жастағы Әбілқайыр Сқақовты отырғызып кетті. Үшінші мегаполисті жарты жыл ғана басқарған Ерлан Айтахановтың орнына, оның орынбасары Мұрат Әйтенов тағайындалды.
Көпті көрген, білімі мен тәжірибесі мол Қонысбай деген қариямыздың (түп-тегін түгендемей-ақ қоялық) осыған байланысты: «Біздің Үкімет адам танудан қалған ба? Бір жемқордың орнына екіншісін әкеліп қонжита салады. Кадр тани білмесе таңдауды халықтың өзіне бермей ме?» – деп қынжылғанын көргенбіз. Көнекөз қария қателескен жоқ, әкімдерді халықтың өзі сайламай мына жемқорлықтың түбіне жете алмайтын сияқтымыз. Қазақ атамыз баяғыда «Атың шықпаса, жер өрте», – деген екен. Бүгінгі күні ел сенім артқан әкімдеріміздің мына қылығы мен былығына қарап, «Атың шықпаса – әкім бол!» демеске амалымыз жоқ.
Зейнолла Қабилоллаұлы
qazaquni.kz