МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЛҒАШҚЫ БАЯНДАМАСЫ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕ ЖАСАЛДЫ!?.
2020 ж. 25 қаңтар
4188
1
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңесі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысы өтуде.
Жиынды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова сөз сөйлеп ашты. Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойдың ашылуымен құттықтап, күн тәртібімен таныстырды.
Алғашқы баяндама Ресей тілінде жасалды. "Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің қызметі туралы" жоба кеңсесінің жетекшісі М.Қамзолдаев (суретте) баяндамасын орыс тілінде жасады.
Әрине, біз бірден қарсы шығып: "Баяндама неге орыс тілінде жасалуда? Бұл Ресейдің Мәдениет министрлігі ме?" деген сұрағымызға баяндамашы баянды жауап бере алмады.
"Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы" дегендей, минисьрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те баяндамасының басым бөлігін отарлаушы ел Ресей тілінде жасады. Қамзолдевтан артықшылығы - кіріспесі мен қорытындысы қазақ тілінде болды әйтеуір...
Сонда Мәдениет министрлігі комитет басшылары мен қызметкерлері баяндама жасарда министрмен кеңеспей ме?!.
Ал Мәдениет министрі А.Райымқұлова бұл сынымызды дұрыс қабылдап, келесіде баяндамалар тек мемлекеттік тілде болатынына уәде берді. Біз министр сөзіне сенім білдіреміз.
Сонда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауы тиіс Мәдениет министрлігі қызметкерлері Ресей тілінде сөйлеп жатса, өзгелерден не күтуге болады?!.
ҚР жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі Сейдахмет Құттықадам Димаш Құдайберген, Самал Еслям, Ержан Мақсым секілді дарабоз дарындарға мемлекеттің де көмегі керектігін сөз етті. Бұл сынға Мәдениет министрінен бастап, біраз министрлік қызметкерлері тиісті жауап берді. Өнер университеті ректоры Айман Мұсақожаева да бұл жауаптарды қостады.
Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев жазушы Марал Ысқақбай басқаратын Қазақ авторлар қоғамының басындағы дауды тудырған Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиевтердің лаңы туралы өткір сөз қозғады. "Осылардың кесірінен қоғамның 3,5 мың мүшесі 800 миллион қаламақысынан айрылып отыр" деді композитор.
Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік ауыл спортын дамыту жайлы сөйледі.
Қазыбек Иса,
Фейсбук парақшасынан