"Шаттықтың шырқы енді бұзылмайды"

Республикалық «Қазақ үні» газетінің №49-50 (867-868), 9 желтоқсан, 2019 жылғы санында қоғам белсендісі, тіл жанашыры Жасұлан Исаның «Ең үздік қазақи орталық неліктен жабылады?» атты мақаласы жарық көрген-ді. Мақалада автор Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан №38 «Шаттық» балабақша­сының жабылғалы тұрғандығын айтып, дабыл қаққан ата-аналардың жанайқайын жеткізген-ді. Осы мәселе бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қоғам қайраткерлерінің және ата-аналардың хаты жолданған-ды. Елордалықтарды мазалаған осынау мәселеге бей-жай қарамаған ҚР Білім және ғылым министрлігі дер кезінде жауап беріп, білім мекемесінің өз жұмысын тоқтатпайтындығын мәлімдеді. «Қазақ үні» газеті көтерген осы бір өзекті мәселеге министрлік тарапынан оң шешімнің шығуы – зор жетістік екенін атап өткіміз келеді. Ұлттың үніне айналған «Қазақ үні» газеті ұлттық мүддені қорғау бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Редакциядан

Бірліксіз болашаққа да жол жабық болатынын білген бабаларымыз, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қағиданы басты бағытқа қойған. Қазір де, біздің бірлігіміздің арқа­сында, Елордамыздағы «Шаттық» балалар орталығы жабылмайтын болды! Яғни, «Білім және Ғылым» министр­лігінің берген жауаптарында, осылай деп нақты жазылған. Министрліктің қаймағы бұзыл­маған, қазақи балалар орталығына оң шешім шығаруы –біздің, бір жұдырықтай болып жұмыла білгеніміздің арқасы. Бұл да жеңістің бірі екенін айтып өтуге тиіспіз. Бірлік бар жерде, жеңіс те бар ағайын! «Шаттықтың» болашағына алаңдап, жоғарыдан түскен қысымнан қорықпай, бірден мәселенің бетін ашып көтеріп жіберген орталықтың ата-аналарына, бірігіп министрлікке хат жолдап қолдау білдірген қоғам қайраткерлеріне, дер кезінде дабыл қаға білген «Қазақ үні» газетіне, «Қамшы» порталына, күні-түні қоңырау соғып ми­нистрліктің мазасын кетіріп наразы­лықтарын танытқан алыс жақындағы аға-інілерімізге, апа-қарындастарымызға, алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта, бұл орталыққа жауапты болып, бақылауда ұстайтын боламыз! Балаларға ұлттық тәлім-тәрбие беріп, мектепке дайындаймыз десек, «Шаттық» орталығының есігі ашық! «Бір» бола білейік, ағайын. Қоғамда орын алып жататын әділетсіздікке, бірігіп тосқауыл болайық. Әлсіздерге, көмекке мұқтаж болған жандарға бірігіп жәрдем көрсетейік! Заңның бұзылмауын, жан-жақтан бірігіп, талап етейік!

Жасұлан ИСА

qazaquni.kz