"9 қаңтарда Ресейдің қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде бір зымыранның бөлшегі белгіленген орыннан тыс жерге құлады. Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес, Ресей Қазақстан аумағынан полигонға жалға жер алған. Жарылыс болған жоқ" делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Тұрғындарға бөлшектің қаупі жоқ. Оқиға орнында полиция және төтенше жағдай мамандары жұмыс істеп жатыр.
"Осы келісімге сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Қазақстан-Ресей комиссиясы мән-жайды және себептерін анықтайды" делінген министрлік хабарламасында.
9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған. Тұрғындардың айтуынша, ауданнан келген комиссия ол маңды қоршап, ешкімді жолатпай қойған.
Жергілікті билік сол күні темір бөлшек құлағанын растағанмен оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді. Қорғаныс министрлігінің хабарламасы оқиғадан шамамен екі күн өткеннен кейін жарияланып отыр.
Дереккөз: abai.kz