Ресейліктерді сабаған қазақ жігіті қамауға алынды
2020 ж. 14 қаңтар
8138
0
Ресейліктерді соққыға жықты деген күдікке ілінген қазақстандық екі студенттің қорғаушылары мен туыстары Ресейдегі Қазақстан Елшілігіне көмек сұрап жүгінбеген. Оның бірі екі ресейлікті сабады деген күдікпен қамауға алынған, деп хабарлайды Мәскеудегі ҚазАқпарат тілшісі.
Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің ақпарат көздері келтірген мәліметтерге сүйенсек, Асылбек Хисами мен Әлішер Қабылов Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) Мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенттері. Олар онда ақылы түрде білім алады. Студенттердің туыстары қазіргі уақытта Мәскеуде. Сондай-ақ, іске қорғаушылар тартылған.
«Қазіргі таңға дейін құқықтық және басқа да көмек үшін дипломатиялық өкілдікке олардың заңды өкілдері хабарласқан жоқ. Елшілік оқиға барысын қадағалап отыр» делінген хабарламада.
ММХҚИ баспасөз қызметі «құқық қорғау органдары жұмыс істеп және тергеу жүріп жатқандықтан» бұл оқиғаға қатысты кез келген мәлімет беруден бас тартты.
Мәскеу қаласы Никулин сотының шешіміне сай, 11 қаңтар күні А. Хисами РФ ҚК 161-бабының 2-бөлігі бойынша екі айға қамауға алынды. Қазір ол мәскеулік тергеу изоляторларының бірінде қамауда отыр.