Депутат талғарлықтардың тұрмысымен танысты
2020 ж. 10 қаңтар
2681
0
Астанадан арнайы келген ҚР Парламентінің Мәжілістегі Аграрлық комитеттің мүшесі, депутат Ерлан Барлыбаев Алматы облысы Талғар ауданында болып, бірнеше мекемелер мен кәсіпорындарды аралады. Кездесу барысында кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындарды толғандырған бірқатар мәселелер сөз болды.
Кәсіптің де, мамандықтың түр-түрі көп. Оның ішінде адам денсаулығын қорғап жүрген медицина саласы қызметінің орны бөлек екені белгілі. Сондықтан болар, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Хайланұлы алдымен ат басын Алматы аймақтық онкологиялық диспансеріне бұрғанды жөн көрді.
Негізі сонау 1984 жылдары қаланған бұл байырғы медициналық мекеменің директоры, медицина ғылмдарының кандидаты Саяхат Олжаев «Ақ жол» партиясы мен БАҚ өкілдерін аталмыш диспансердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып, күнделікті қызмет барысында кездесетін кедергілер мен түйткілдер туралы да ашық баяндап берді.
Айта кетуіміз керек, денсаулық саласында бүгінгі күні әлем бойынша ең кең тараған онкологиялық, жүрек және балалар ауруларын емдеуге айрықша көңіл бөлінеді. Оның да өзіндік себептері бар, бірінші кезекте біздегі ғана емес, бүкіл жер бетіндегі экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты адам ағзасына тигізер кері ықпалын айтуға болады. Бұл туралы әлемдегі белгілі ғалымдар мен мамандар айтып, жазып та келеді. Еліміздегі білікті мамандардың айтуынша соңғы 20 жылда елiмiзде онкологиялық ауру көрсеткiшi 1,5 есеге артқан. Жыл сайын 36 мыңға жуық қазақстандық түрлі обыр ауруларына шалдығып, көмек көрсетілгенмен 15 мыңға жуығы көз жұмады екен. Қуантарлығы, медицина саласының дамуына орай соңғы жылдар өлiм-жiтiм көрсеткiшi 20 пайыз төмендеген. Әсіресе сүт безi обыры көп тарағандықтан көбіне онкологиялық аурумен әйелдер науқастанады. Сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Ал, ерлер негізінен өкпе, асқазан мен колоректалды обырмен жиi ауыратыны байқалады. Өкініштісі, 70 пайызға жуық жағдайда еңбекке жарамды жастағы азаматтарда обыр ауруы анықталған. Бұл туған-туысқандарына әкелетін қайғы-қасіретті есепке алмағанда материалдық тұрғыдан ғана мемлекетке жылына 20 млрд. теңгеге жуық шығын әкеледi екен. Тәжірибе көрсетіп отырғандай Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстiк және Шығыс Қазақстан облыстарында қатерлi iсiктен өлiм-жiтiм көрсеткiшi өзге өңірлерге қарағанда жиі кездеседі.
Мекеме басшысы Саяхат Тәуірбекұлының айтуынша диспансер ұжымы жылдан жылға күш алып келе жатқан «ғасыр ауруымен» қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланып күресіп келеді. Аймақтық аурухана болғандықтан дертіне дауа іздеп келушілер саны да аз емес. Алматы облысының үлкен бір аймағына қызмет көрсетіледі. Алып қала маңына қоныстанған елді мекендердің саны да жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Диспансер кеңестік кезеңнен келе жатқан облыстық аурухананың ескі бір ғимаратына ғана орналасуы тарлық ет бастағанға ұқсайды. Облыстық әкімдік бұл мәселені шешіп беруге уәде етіп отырған көрінеді. Қазір диспансердің өз емханасы, стационар бөлімі, зертханасы және басқа да қосымша бөлімдері тұрақты қызмет көрсетуде. Әрине, барлық саладағыдай мұнда да шешілмеген мәселе баршылық. Әсіресе арнайы мамандарға деген тапшылық байқалады. Оларды дайындау соңғы жылдар шұғыл қолға алынғанмен еліміз бойынша бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Аурухана осы салаға қатысты қажетті құрал-жабдықтармен жарақтанғанмен кадр мәселесі соны толықтай пайдалануға кедергі келтіріп отырғанын баса айтты. Аурудың белгісіз жаңа түрінің пайда болуы мен біздегі мүкіндіктер болмай қалған жағдайда кейбір зерттеулерді немесе ота жасау үшін шетелдік әріптестер көмегіне жүгінуге тура келеді екен. Әсіресе білікті хирургтер мен медбике мамандар сұранысқа ие. Жасыратыны жоқ, біздегі медицина саласы қызметкерлерінің айлығы да айтарлықтай емес, тіпті төмен деуге болады. Сол себепті бұл салаға мамандар жетіспей жататыны рас.
Аймақтық онкология диспансерінің жұмысымен жіті танысқан депутат Ерлан Барлыбаев қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып жатқан ұжым еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта қызметтерінің жемісті болуына тілек білдірді. Сол сияқты жылдар бойы талқыланып шешімін тапқан мұғалімдер статусы сияқты дәрігерлердің де мәселесі қоғамда көтеріліп жатқанын айтты. Бұл мәселе де шешімін табады деген сенімін білдіріп, «Ақ жол» партиясы өз тарапынан осыған қолдау көресететінін жеткізді.
Жалпы «Ақ жол» партиясын әдетте кәсіпкерлер партиясы деп те атайды. Ол да негізсіз емес, партия өз жұмысында кәсіпкерлерге жылдар бойы үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Өйткені еліміздің экономикасының дамуы бірінші кезекте осы кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Сондай ірі өндірістік кәсіпорынның бірі – «ZETA» компаниясы. Бұрындар сырттай естіп, атына қанығып жүрген үлкен ұжыммен кездесудің сәті түсті.
Қалың оқырмандарымызға түсінікті болу үшін бұл кәсіпорын туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. Қазақстандық өндіруші «ZETA» компаниясы – 1996 жылдан бастап кең салалы жиһаз, пластикалық және металды өнім шығару бойынша ұлттық нарықтағы тұрақты көшбасшы болып келеді. «ZETA» дүкендер желісі қарқынды дамып келеді және бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймақтарындағы 26 қаласында елуге тарта дүкендері бар. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – үйге және кеңсеге арналған жұмсақ және корпустық жиһаз, креслолар, орындықтар және үстелдерді өндіру болып табылады. Бұдан басқа, компания мектеп және медицина мекемелеріне, сән салондарына, сондай-ақ, мейманханалық және мейрамханалық бизнеске арналған жиһаз, мәжіліс залдарына және кинотеатрларға арналған креслоларды шығару өндірісімен айналысады.
Компания меншігінде сегіз гектар жерде орналасқан өзінің тікелей өндіріспен айналысатын төрт зауыты бар. Өндірістік қуаттылық даму үдерісі және жоғары технологиялық жабдықты алу, сондай-ақ өндірістің теңгерімділік стратегиясы арқасында дайын өнімдегі қазақстандық қамту үлесі сексен пайыздан асады. Компания қазір төрт мыңнан аса өнім түрлерін, оның ішінде Еуропаның үздік дәстүрлері бойынша өзіндік жайлылық пен таңдаулы дизайнды ұштастыратын итальяндық нағыз былғарыдан, көптеген түрлі-түсті және түрлендірілген маталардан жұмсақ жиһазды да өндіреді.
Бір кездерде небары 50 адамнан ғана тұратын ұжымда бүгінгі күні 2,5 мыңнан астам жұмыс істейді. Мемлекетіміз адамдарымызды тұрақты жұмыспен қамтуды бірінші кезекке қойып отырған кезеңде бұл өте жақсы жетістік дер едік. Оған қоса компанияда істейтін жұмысшылардың айлығы өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары және кешіктірілмей өз уақытында беріледі. Еден жуатын қызметкерлердің жалақысының өзі 80 мың теңге, ал мамандарға 500 мың теңгеден кем төленбейді. Шын айтсақ ауылдар мен аудан орталығы үшін үлкен көрсеткіш, мұндай жоғары жалақы үлкен қалаларда да кездесе бермейді.
«Бүгінгі таңда біз барша Қазақстан бойынша отыратын орындардың көп бөлігін орнаттық, олардың технологияларын компаниямыздың конструкторлары әзірлеген, ал өзіндік бағасы Қазақстан және Орта Азия нарығында үстем орынды иеленуге мүмкіндік беріп отыр. Компания ұжымының ұйытқысын құрап отырған жұмыс тәжірибелері мол, жоғары білікті менеджерлер мен инженерлер. Итальяндық технологияларды, өзге де алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесін енгізу, жаңа басқару әдістерін қолдану және икемді маркетингтік саясаты арқасында, компания Қазақстан нарығында үйге және кеңсеге арналған жұмсақ жиһаз, креслолар, орындықтар, медицина мекемелеріне, оқу орындары мен бала-бақшаларға арналған жиһаз, сондай-ақ, кең ауқымда қолданылатын бұйымдарды өндіріп шығару саласында көшбасшы бола білді. Сол сияқты өз өнімдерімізді Польша, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Грузия сияқты шетелдерге экспорттауды бастадық»-дейді компанияның бас директоры Мақсұт Омарбаев. Басшының сөзі босқа айтылмаған. Өзінің 24 жылдық тарихында тұңғыш рет Республикалық «Алтын сапа» байқауына қатысып, өткен жылы осы жоғары белгінің бірден иегері атанғаны осыған нақты дәлел.
Бүгінгі күнгі талап бойынша кез келген кәсіпорын экологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Бұл тұрғыдан компания тұрмыстық қалдықтарда көптеп кездесетін пластикалық заттарды қайта өңдеп іске асыруды қолға алған. Жүз жыл жер астында жатса да шірімейтін пластиканың залалы мол. Сондықтан оны өндірісте қайта пайдалану ұтымды әдіс. Пластикалық шикізатты қымбатқа сатып алмау қаржы үнемдеуге де септігін тигізері сөзсіз.
Депутат Ерлан Барлыбаев осы сапар барысында Талғар аудандық әкімдігінде болып, тұрғындармен кездесіп олардың талап-тілектерін тыңдады. Олардың тілектерінің басым бөлігі баспана, жер учаскелері, газдандыру сияқты әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер төңірегінде болды. Баспана демекші, депутат аудан орталығында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жақтқан құрылыс алаңын да барып көрді. «ГунСтройсервис» ЖШС әрқайсысы 60 пәтерлі бес үйдің құрылысн қолға алып, оның біреуін пайдалануға беріпті. Аудан бойынша баспана құрылысы өзге жерлерде де жүріп жатқанын байқадық. Талғар ауданы тұрғындарының тұрмысымен танысқан депутат Ерлан Барлыбаев келесі кезекте өзге де аудандарды аралап, оларды толғандыратын мәселелерді саралап, оның шешу жолдарын қарастыра отырып өзінің алдағы жұмыс жоспарына енгізбекші.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz