Елордада президенттің қазақ тілі жайлы айтқан ойлары талқыланды
2019 ж. 25 желтоқсан
1637
0
Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойлары бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен тіл ғалымдары бас қосты, - деп хабарлайды baq.kz.
Бұл жолғы жиынның басты мақсаты президенттің тіл реформасына байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі ойларынан өрістейтін бастамаларды жүзеге асырудың бағыттары мен міндеттерін айқындау. Соған орай тіл саясаты саласы мамандары мен ғалымдардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау, саралау және жинақтау, - дейді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Шара барысында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру кезеңіндегі тілдік реформаның орны мен маңызы, тілдің ішкі әлеуеті мен экстралингвистикалық факторлардың әсері талданды.
Сонымен қатар, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін оңтайландыру, тілдегі ықшамдалу үдерісі сияқты маңызды мәселелер сөз болды.
Сондай-ақ жиын барысында халықаралық тәжірибелер, атап айтқанда, түркі, ағылшын, орыс тілдеріндегі реформалар барысы туралы да баяндамалар жасалды.
Жиынға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары мен мамандары және Назарбаев Университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Қазақ бизнес және технология университеттерінің, Еуразия гуманитарлық институтының ғалымдары қатысады. Сонымен қатар, онлайн-режимде Алматы қаласынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары байланысқа шықты.