Семейлік ақсақалдың қала статусына байланысты жанайқайы
2019 ж. 21 желтоқсан
3089
0
Мен Асанбек Темірханов деген Семейлік зейнеткермін. Өмір бақи мектептерде тарих пәнінен сабақ бердім. Балалар көбі Өскемен, Алматы, Астана деп кетіп қалды да, кемпір екеуміз ғана тұрамыз. Үйде отырған шал-кемпір, істейтініміз сол, не фейсбук қараймыз, не немерелермен видео арқылы сөйлесеміз, не кітап не телевизір көреміз.
Кеше сол телевизір қарап отырып жаңалықтан Семейге ерекше мәртебе берілмекші екен дегенді естігенде қатты қуандым. Тіпті, көңілім босап кетті. 1997-жылы Семей облысы жабылғалы бері жыл санап нашарлаған қала ахуалы бір түзелмей қойды. Бірнеше рет қарсылық шарасына да шыққамыз, Ақордаға хат та жазғанбыз. Жауап сол күйі болмады. Сондағы сұрап жүргеніміз Семейді облыс орталығы қылсын дегеніміз. Ол кезде «маңызды қала» дегеннің болатынын ит біліп пе!
Мынау «Ақжол» партиясы дегенге сенімсіздікпен қараушы едім, осы жолы бұлар жарады. Бұның бәрі саясат, сайлауалды науқан дейтіндерге жауабым: Бола берсін! Семейімнің еңсесі тіктеліп, бойы түзеліп, тамырына қан жүгіре бастаса болды. Бұл үлкен пайда. Ал бұны қай саясатшы өзіне құрал қылып отыр, маған бәрібір. Бізге балалар жұмыс пен кәсіп қуып басқа қалаларға көшпесе, шалдар мен кемпірлер немере қызығынан айрылмаса, ұйыған отбасы тарыдай шашырамаса болды. 2017-де Семейде Әлиханға ескерткіш қойдыртқан да осы Ақ жолдықтар емес пе еді? Сонда да «бұл саяси ход, саясат» дегесіңдер. Саяси «жүріс» болса және тиімді болса неге басқалары басқа қалаларда да қойғызбайды?
Облыс жабылған күннен бері Семейлік біткеннің арманы болған, бірақ ешкім аузын ашып айта алмаған сөзді Азат бауырым бастапты. Мен білетіннің бәрі қуанып жатыр. Әрине, қуануға әлі ерте. Дегенмен, қуанар күнге жеткізсін!
Дереккөз: "Адырна"