Мұғалім мұңын кім тыңдайды?
2019 ж. 15 желтоқсан
4640
1
Былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінде алғаш рет мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау ұсынылған болатын. Содан бүкіл ел болып, қуанып, осы жобаны талқыладық. Мұғалімдер өз пікірлерін, ойларын, көкейде жүрген армандарын ұсынды. Бұрын соңды болмаған бұл заң жобасы мұғалімдерге мол үміт артты. Әсіресе, ұстаздар қауымы, негізінен, зейнет жасы төмендетіле ме деп ойлаған еді. Олардың басым көпшілігінің тілегі осы болатын.
Себебі, қазіргі таңда мектептегі оқу бағдарламасының әр жыл сайын өзгеруі, 35-40 жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдерге оңай соқпайды. Олардың онсыз да ширыққан жүйкелері одан сайын тозып, денсаулығына зақым келіп жатқандар қаншама. Сол мұғалімдер амалдың жоғынан құлағы дұрыс естімесе де, көзі дұрыс көрмесе де, оқушылардың мазағы болып, зейнет жасына дейін мектепте жұмыс істеуге мәжбүр.
Депутаттар мен шенеуніктер болашақ ұрпаққа берілетін білімнің сапасын ойласа 35-40 жыл өтілі бар мұғалімдердің зейнетке шығуына мүмкіндік беріп, жас, білімді білікті мамандарды жұмысқа қабылдауды қарастырса екен дейміз.
Жылда сайын мыңдаған жас мұғалім жоғары оқу орнын бітіреді. Бірақ олар мектепке жұмыс істеуге келмейді. Мектепте сол баяғы жұмысқа зауқы жоқ, жүйкесі тозған, амалы таусылғаннан сабақ беріп жүрген мамандар жас ұрпаққа қаншалықты сапалы білім бере алады. Олардың көпшіліні электронды журналдармен және компьютерлермен жұмыс жасай алатынына сіз сенімдісіз бе? Мұғалімдердің өздерінен сұрап көріңізші. Күш жігері, денсаулығы мықты, жүйке жүйесі сыр бермеген мұғалім болса, ондай мамандар өз жұмыстарын 63 жасқа дейін жалғастыра берсін. Көптеген дамыған мемлекеттерде 25 жыл өтілі бар мұғалімнің зейнетке шығуы тәжірибе жүзінде пайдалануда. Біздің тәуелсіз мемлекетіміз де осы тәжірибені пайдаланса. Жоғарыда айтқанымыздай, 40 жыл өтілі бар кейбір мұғалімдер көзі көрмей, құлағы жақсы естімей оқушылар алдында мазақ болып жүр.
Сондықтан мұғалімдерге тиісті жағдай жасалып, еңбектері еленіп, лайықты демалысына абыроймен кетуін қамтамасыз етілуін қалаймыз. Заң жобасын қабылдайтын мамандар бір күн мектепке барып, таңнан кешке дейін балалармен жұмыс істеп, кешкілік үйіне келген соң атақарған ісін электронды форматқа енгізіп, көз майы таусылғанша компьютерге телміріп, ертеңгі күннің жоспарын құрып, оқушылардың жұмыс дәптерлерін тексеріп көрсінші.
Ендеше 35-40 жыл еңбек өтілі бар мұғалімнің лайықты зейнетке шығуға толықтай құқығы бар және осы бағытта тиісті Заң жобас қабылдауы қажет деп санаймыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекетпіз» деген болатын. Демек, мұғалімдер үнін тыңдайтын құлақ табылса екен деген үмітіміз зор.
Азамат Бекетов
Түркістан облысы
qazaquni.kz