Сотқа сот жоқ па?..
2019 ж. 28 қараша
4445
17
«Что день грядущий мне готовит?»
А.С.Пушкин
Біздің соттың қасында түрік, кәріс, орыс сериалдары далады қалды. Күн сайын бір қызық болады да жатады, әйтеуір, зеріктірмейді. Біз сот ісіне баға бере алмаймыз, сондықтан болған оқиғаны баяндаумен ғана шектелеміз. Бағасын халық өзі бере жатар...
27-қараша күнгі сот отырысын судья Қ.Мекемтас Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен келген хатпен ашты. Онда былай делініпті (мағынасы): «Біз сіздің Асылжан Жампозовтың (сотта тергеушілердің қалай өзіне қысым көрсеткенін, төрт хаттаманың үшеуі тергеуші өзі жазғанын, бұған тек қол қойғызғанын айтып, оның дәлелдерін сотқа ұсынған, тергеу кезіндегі сөзінен И.Әбішевтің пайдасына бас тартқан, айыптау жағының ең негізгі, басты куәсі) қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулыңызды алдық, бірақ, жағдайымыздың нашарлығы себепті олай етуге мүмкіндігіміз жоқ». Судья қорғаушылардың пікірін сұрап еді, қорғаушы М.Есқараев: «Құрметті сот! Мемлекетіміз аумағында сіздің қаулыңызды алған кез келген мемлекеттік мекеме оны мүлтіксіз орындалға міндетті! Несіне біз оны талқыға саламыз? «Орындаңдар!» деп, қайтарып жіберіңіз!» деді. Басқалар оны қостады. Судьяның онда несіне талқыға салғанын түсінбей біз қалдық... Сонымен қатар, Ұлттық комитеттінің бейшаралық күйіне жанымыз ашып кеткенін де жасыра алмаймыз.
Ең қызығы қорғаушылардың судьяға 26-қараша күні И.Әбішев пен С.Түкиевтің қамауда ұстау мерзімі 15.9.2019ж мен 30.9.2019ж арасында ұзартылмастан, қамауда заңсыз отырғаны себепті екі азаматтың бұлтпартпау шарасын өзгерту туралы өтініш берген болатын. Ол өтінішті судья қабылдамау туралы қаулы қабылдады және оған шағым немсе наразылық келтірілмейді деді. «Неге?» деген қорғаушылар сұрағына «қаулымен келіспеген жағдайда соттың болашақта шығарылар актісіне шағым берулеріңізге болады» деді. Қорғаушы М.Есқараевтың «сіз неге өз құзыретіңізге кірмейтін нәрсе жайлы – олардың қамау мерзімін 30.9.2019 ұзпартуға сіздің ешқандай құқғыңыз жоқ қой - шешім қабылдайсыз, неге құзыретіңізді асыра пайдаланасыз? Мені атып тастасаңыз да заң осылай дейді» деген сөзіне судья «болды, бұл сұрақты талқыламаймыз, келіспесеңіз, менің үстімнен шағымданыңыз» деді. қорғаушы А.Құспанның «сіз өз ісіңізді түсіндіруге міндеттісіз, заңға сілтеме жасасаңызшы, бұл – сот қой, колхоз жиналысы емес қой, сіздің «қаласам, шағымдануға шағымдануға құқық берем, қаламасам, құқық бермеймін» деген сөзіңізді заңның қай бабына, қылмыстық прцестік кодекстің сүйеніп айтып тұрғаныңызды түсіндіріңізші» деген әрекетінен де ештеңе шықпады. «Қаулы, шығарылды, болды, бітті!» деді. М.Есқараев: «Сіз бұл әретіңізбен «Одисссеяны» оқығансыз ғой, жамандық атаулыны сыртқа шығаратын Пандора жәшігін ашып жатырсыз, бұл қаулыңыздан кейін прокуратура, полиция, бұлардың бәріне, қорғаушылар керек болмай қалады!» Судья осыдан кейін қорғаушыларға өтініш жазуы үшін үзіліс жариялады. Ал, олар судьяның үстінен Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ә.Шайхисламовқа судьяны ауыстыру жайлы қарсылық жазып еді, оны қабылдамай тастады...
Абзал Құспан, қорғаушы: Бүгінгі берген біздің өтінішіміз өте маңызды болатын, себебі біз кәзір қылмыстық істі зерттеу-зерделеу сатысына келдік. Осы кезде тергеу соттары тарапынан берілген қаулыларды, сонымен қатар қылмыстық істі тергеу барысындағы бірқатар құжаттарды зерттеу барысында біз 2019 жылдың 16-қыркүйегінен бастап 30-қыркүйегіне дейін И.Әбішев пен С.Түкиевтің қамауда заңсыз отырғанын нақты анықтадық. Бұл жерде ешқандай мығты заңгер немесе математик болудың қажеті жоқ – соттың ең соңғы санкциясында судья қамауда отыру мерзімін 2019ж.5-қыркүйегінен 16-қыркүйекке дейін, яғни, 15-қыркүйектің түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзартуға санкция береді. Прокурор не істейді? Ол 16.9.2019ж. тағы да санкция алудың орнына, істі сотқа жолдайды. Іс сотқа 17.9.2019ж. түседі, 20.9.2019 күні судья Қ.Мекемтас істі өз өндірісіне алу жайлы қаулы шығарады. Бұның бәрі даусыз, дәлелденген дерек. Судья істегі санкция мерзімінің өтіп кеткеніне назар аудармайды, құқықтық баға бермейді. Тек қана 30.9.2019ж. күні, алдын-ала тыңдау барысында ғана қамауды ары қарай ұзарту туралы шешім қабылдайды.
Міне, біз осыған байланысты өтініш береміз: «Құрметті сот! Бірінші кезекте прокуратура, екінші кезекте сіздің өзіңіздің тарапынан осындай заң бұзушылық орын алды. Осыған байланысты И.Әбішевке де, С.Түкиевке де қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді өтінеміз». Өтінішті кеше бердік, ал, бүгін, 27.9.2019 ж. судья Қ.Мекемтас ешқандай негізін көрсетпестен, өтінішті қабылдаудан бас тартады. Оның бұл қаулысында, кем дегенде үш елеулі заң бұзушылық орын алып отыр: Біріншіден, қаулысының ең соңында «бұл қаулыға шағым немесе наразылық келтіруге жатпайды» дейді. Прокуратура тарапынан берілетін «наразылық» 2015 ж. жойылып кеткен болатын, ондай ұғым жоқ кәзір, прокура наразылық емес, тек өтініш бере алады. Екіншіден, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚР ҚПК) 415-бабы бойынша бұл қаулыға шағым беруге болады! Судья біздің бұлтартпау шарасына қатысты бере алатын құқығымызды шектеп тастады. Үшіншіден, біздің өтініште келтірген дәлелдерімізге қарсы судья заң талабына сәйкес уәж келтіру керек еді, оны істеген жоқ. «Қамау мерзімінде заң бұзушылық орын алған жоқ» дегендей жазуы тиіс болатын, олай жаза алмады, себебі заң бұзылып отыр.
Біз судьяның бұ қаулысына «құқықтық тұрғыдан сауатсыз қабылданған қаулы» деп баға беріп отырмыз. Кәзір орыс тіліне аудартып жатырмыз. Біз енді оны: а)бүкіл интернет желісіне жариялаймыз, б)бүкіл заңгерлік қауымдастықтардың бәріне жібереміз, «мына қаулы заңды ма, заңсыз ба, баға беруіңізді сұраймыз» деп, еліміздегі елеулі деген заңгерлердің бәріне жібереміз. Бұдан басқа не істейміз енді?!..
Судья Қ.Мекемтастың сотты біржақты, тек айыптау тұрғысынан жүргізіп отырғаны бүгін анық дәлелденіп отыр. Ол заңсыз қаулы
қабылдағанымен қоймай, шағым келтіре алатын қаулыға «шағым келтіре алмайсыңддар» деп, біздің қорғаушылық құқығымызды шектеп тастады.
Осыған байланысты біздің өзіне, судья Қ.Мекемтасқа Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ә.Шайхисламовқа сот кеңсесі арқылы беріп отырған қарсылығымызды сол судья Қ.Мекемтастың өзі қарап, «қарсылық беруге негіз жоқ» деп, қабылдамай тастады!..
Бұл – сұмдық! Кәзір біз, И.Әбішев пен С.Түкиевтің қорғаушылары ешқандай құқығы жоқ қорғаушыларға айналдық. Айтатыны: «Сіздер бұған дейін де қарсылық жариялағансыздар». Кешіріңіз, біз бұған дейін бұндай себеппен қарсылық жариялаған жоқпыз! Әр бергенде әр түрлі, нақты себеппен беріп жүрміз. Жалпы, қарсылық жариялаудың саны шектелмейді, «бір рет жарияладыңыздар, болды, енді жариялай алмайсыздар» деген сөз ақылға сыймайтын нәрсе. Бір рет жариялаумен бітсе, содан кейін судьяның заңды бұза беруіне бола ма сонда? Ойына келгенінің бәрін істей бере ме? Қорғаушылар «судья не істегісі келсе соны істесін» деп, жай қарап қана отырулары керек пе сонда?
Бізге енді қайтадан қоғамға шығудан, заңгерлер қауымына шығудан басқа амал қалмай отыр. Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асановқа хат дайындап жатырмыз. Ол кісіге деген үмітіміз біздің үзілген жоқ...
Біз берген қарсылықтың мәтініне (суретті қараңыздар – Ө.А.) назар аударсаңыздар, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы ауданы, №2 аудандық сотының судьясыА.А.Амиргалиев есімді азаматты осы сотқа алдыртып, істі қарауды сол судьяға тапсыруды сұрап отырмыз. Мен ол кісіні танымаймын, өмірімде көрген адамым емес, ол кісі жүргізген бір де іске қатысып көрмегенмін, бірақ, мен білетін-танитын астаналық адвокаттың барлығы да бірауыздан сол кісіні «қазақша іс жүргізе алады, ол өте әділ адам, ол түскен өтініштерді мәні бойынша қарай алады, ол құқықты сауатты судья» деп сипаттап, ауыздарынан тастамайды. Сол себепті біз оны сұратып отырмыз.
Судья Қ.Мекемтас бізді қабылдаған сауатсыз қаулысына шағым келтіру құқығымызды шектегенімен, біздің көпшілікке қарата үн қату құқғымыздан айыра алмайды, тілімізді байлай алмайды. Егер біздің осы әрекетімізден ешқандай нәтиже шықпайтын болса, онда бізге аузымызды қара лентаны таңып алып отыру ғана қалады, өйткені, біздің қорғаушылық қызметімізде, міндетімізде ешқандай мән қалмайды. Біздің, қорғаушылардың құқығы бұзылып жатыр, біздің құқығымыз бұзылды деген сөз, біздің қарауымыздағы азаматтардың құқығы бұзылды деген сөз. Мен талай сотқа қатысып жүріп, мынадай смдық, мынадай заң бұзушылыққа құрылған сотты еш жерден көргенім жоқ. Және бұл жай сот емес, еліміздің астанасындағы сот қой!»
Сот бүгін жалғасады...
Өмірзақ Ақжігіт