Орынбасарлар неге "отырса опақ, тұрса сопақ" болуы керек?
2019 ж. 23 қараша
2883
0
Елімізде жұрт күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының негізсіз қымбаттап жатқаны жайында Үкіметте ашық әңгіме болды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұған жергілікті басшыларды, онда да әкімдерді емес, орынбасарларын кінәлады.
«2018-жылдың мамыр айында әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу бойынша функциялар берілген. Алайда, іс жүзінде оны әкімдіктер пайдаланбай отыр. Құрметті, Асқар Ұзақбайұлы, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталған өңірлерде әкімдердің орынбасарларын жауапкершілікке тартуды ұсынамын», – деп салды әкімдерге тісі батпаған министр.
Оның айтуынша, бағаның шарықтауына экспорт көлемінің өсуі, делдалдардың көптігі және сақтау қоймаларының жоқтығы себеп болған. Мәселен, жыл басынан бері ұн, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы мен көкөністің құны бірден 15 пайызға өскен. Өз кезегінде «Премьер-министрдің кеңсесі үш күннің ішінде азық-түлік тауарларының баға өсімінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы менің атыма ұсыныс енгізсін. Қымбатшылыққа жол берген облыстардың әкім орынбасарлары да тиісті жауапкершілікке тартылады», – деді қаһарына мінген бас уәзір. Тағы да әдеттегідей отырса опақ, тұрса сопақ боп жүрген орынбасарлар кінәлі болып шықты. Сонда министрлер мен әкімдер ай қарап жүр ме, олар неге жауапқа тартылмайды? «Бұдан былай бәріне бірінші басшы жауап береді» деген мемлекет басшысының сөзі қайда қалды?..
qazaquni.kz