ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖОҚ, АЛ, СОТТАЛУШЫ АДАМ БАР
2019 ж. 22 қараша
5598
107
Бейбіт заманда өзінің миллиондаған отандасының түбіне жеткен «ұлы» Сталиннен мұраға қалған мынадай сөз бар: «Адам болса болды, «іс» табылады» (Был бы человек, «дело» найдется»). Біздің сот жүйесі «сталиндік сот жүйесінен» де озып кетті: қылмыстық іс жоқ, ал, бірақ, күдікті деп ұсталып, түрмеге қамалып, айып тағылып, сегіз айдан астам уақыттан бері тергеушілер мен сотқа жауап беріп жатқан адам бар. Сенсеңіз де осы, сенбесеңіз де осы!
Бұл жайлы кеше «пара алуға оқталды» деген баппен айып тағылған Ислам Әбішевтің Нұр-Сұлтан қалалық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотындағы кешкі сот отырысында мәлім болды. И.Әбішевтің қорғаушысы Мәкіш Есқараев судья Қ.Мекемтасқа мынадай ауызша өтініш айтты: «ҚР Қылмыстық-процестік кодексі бойынша қылмыстық істің әр эпизоды бойынша ЕРДР-да (Единый реестр досудебных расследований) тіркелуі тиіс. Бұл қылмыстық істі қозғауға негіз болады. Тіркелмеген жағдайда сотқа дейінгі алдын-ала тергеу жұмысын жүргізуге болмайды. 2015 жылға дейін тергеу орыны қылмыстық істі қозғау жайлы қаулы қабылдайтын, содан кейін барып тергеу ісі басталатын. Жаңа кодекске сай қаулының рөлін ЕРДР атқарады. ЕРДР-ге тіркеу – тергеу ісін жүргізуге заңды түрде рұқсат беретін құжат. Бұл істе А.Шәймерденов 21.12.2018 ж. екі факт бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазған. Сол арызында ол «И.Әбішев 2014 жылы Пресновка су қоймасында жұмыс істеуге СМП-610 мекемесімен шарт жасасу үшін менен 1 млн. доллар пара алды» деп және «2018 жылы И.Әбішев «Қазбайлық – Астана» мекемесінен 250 млн. теңге пара алайын деп жатыр» деп көрсетеді. Бірінші, Пресновка жайлы іс И.Әбішевтің ешқандай 1 млн. доллар алмағаны, А.Шәймерденовтің өзінің айтқандары өтірік екені белгілі болғаннан кейін «қылмыс құрамы анықталмағандығы» себепті қысқартылып тасталған. Ал, екінші эпизод бойынша ЕРДР жоқ! Яғни, қылмыстық іс қозғалмаған! Іс қозғалмаған соң, кейінгі тергеу ісінің бәрі заңсыз! Қылмыстық істің өзі жоқ болғаннан кейін, бұл іс осы кәзір қысқартылуы тиіс! Рас, кейде бірнеше эпизодты біріктіріп қарайтын жағдай кездеседі, бірақ, бәрібір, ол эпизодтың бәрі жеке тіркелуі тиіс. Жазықсыз жандардың қозғалмаған қылмыс іс бойынша бұдан былай да түрмеде отыра беруі деген, ақылға сыймайтын іс қой, құрметті сот!..»
Бұдан кейін сотқа қатысушылар өз пікірлерін айтты. Айыпталушы И.Әбішев: «Жарайды, біздің 31 шілдеге дейін, СМП-610 бойынша ісіміз қысқартылғанға дейін отырғанымыз дұрыс екен. Одан бергі отырғанымыз заңсыз екен ғой! Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі о баста «И.Әбішев ірі көлемде пара алу үстінде ұсталды» деп жариялаған болатын. Кейін, менің жүзімді анық көрсетпей, пара алып жатқан жері мынау деп, ақша ұстаған басқа жердегі суретімді роликте тағы жариялады. Оның бәрі өтірік екені анықталып жатыр. Енді, құрметті сот, қылмыстық іс жоқ екен, ойланатын не бар? Алла-Тағаланың өзі келіп, қолымыздан ұстап босатып жібермесе, бұдан артық не керек енді?..»
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Құрметті сот, мынадай жағдайдан соң, жұрттың уақытын алып, өкіметтің ақшасын жеп, бәріміз жиылып осы жерде отыра бермеу үшін, сотталушыларды дереу босатуыңызды талап етемін. Ал, біз ертеңнен бастап, прокурор мырзаның құлағына алтын сырға, бұған кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін ертеңнен бастап іске кірісетін боламыз...»
Прокурор С.Сүлейменов: (Шынын айтсақ, тәртіп бұзып, алыстау отырған біз екі-үш рет «қаттырақ!» деп дауыстағанымыздан ешнәрсе шықпады, микрофонға сөйлемеген Прокурордың сөзінен бар ұққанымыз «өтінішті қанағаттандыруға негіз жоқ» деген бір-ақ сөз болды. Себебі, прокурор муляж жайлы айтып кетті, оған судьяның өзі «муляж жайлы айтылып жатқан жоқ қой...» деп түзету жасауға мәжбүр болды).
Қорғаушы С.Жүнісбаев: «Бұл істе мүлдем екі бөлек екі оқиға қаралып отыр, прокурордың бір оқиға деуіне еш келмейді» деп, оның себептерін талдап көрсетіп берді. «Қаулының өзінде тек қана 2014 жылғы 1 млн. доллар ғана айтылған ғой, 2018 жыл, «Қазбайлық» жайлы бір сөз жоқ. Сотталушылардың бағына, прокурордың өкінішіне қарай, ол эпизод назардан мүлдем тыс қалған».
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Мен түсініп отырған нәрсені прокурор мырза әдейі түсінбей отыр ма, жоқ әлде түсінуге шамасы жетпейтін, кешіріңіз, сауатсыз ба..? (Судья столды тықылдатып қойды.)
Судья Қ.Мекемтас: «Қорғаушының ауызша айтылған өтініші жайлы шешімін сот өзінің сот актісін шығарар кезде айтатын болады».
Айыпталушы И.Әбішев: «Құрметті сот, қылмыстық іс жоқ қой?..»
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Құрметті сот, прокурор заңды бұзып отыр, ең болмаса сіз заңды бұзбасаңызшы!» Істі бақылап отырған прокурор тергеушінің қатесін көріп, түзетуі керек еді...
Судья Қ.Мекемтас: «Ералхан Әбішев, орныңызға отырыңыз!..»
Қорғаушы Мәкіш Есқараев: «Конституция бойынша, адамның бас бостандығы заңға сәйкес қана шектеледі. Қылмыстық іс жоқ! Мына адамдарды ең болмаса қамаудан шығарып беріңізші! Оларды қамауда ұстап отыруға ешқандай негіз жоқ, құрметті сот!..»
Судья Қ.Мекемтас: «Біз істің барлық материалын түгел зерттеп болып, сосын барып баға беруге тиіспіз!»
Айыпталушы И.Әбішев: «Нені зерттеуіміз керек, құрметті сот? Сіз алғаш іспен танысқанда, осы қатені көріп, бізді босатып жіберуіңіз керек еді. Енді ең болмаса, қылмыстық іс бар-жоқ екенін, ЕРДР-де тіркелгенін-тіркелмегенін анықтайық та кәзір. Тіркелген болып шықса, ары қарай іс материалдың бәрін зерттеуді қарастыра берейік! Біз де адамбыз ғой, робот емес. Жарайды, жаңылған шығарсыздар, бұған дейінгіні мақұл дейік, «жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмайды», бірақ, бізді енді қамауда ұстап отырудың қандай қажеттігі бар?
Адамдарды қырдық па? Террористпіз бе? Сіздің бізді босатуға құқыңыз болып тұр ғой! ..»
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Зерттеп жатыр едік. Мына факт анықталды. Енді сіз ең болмаса кеңесу бөлмесіне барып, осыны шешіңіздерші».
Судья Қ.Мекемтас: «Ералхан Әбішев, орныңызға отырыңызшы...»
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Мен заңсыз тірлік істемейік деп жатырмын...»
Осы кезде қорғаушы С.Жүнісбаевтан «Жұмыс күнінің аяқталуына он бес минут қалыпты. Сіз де шаршадыңыз, біз де шаршадық, 15 минут ерте бітірсек жұмысты деген өтініш түсті. Ол қабылданды...
Бүгінгі, 22-қараша күнгі таңертеңгі отырыста судья істі қысқарту немесе оның ЕРДР-ге кірген-кірмегенін анықтауды кейін қарайтыны жайлы орнында отырып қаулы қабылдады...
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Қазақ үні