Тоқаев онлайн-төлемге салық салу мәселесіне нүкте қойды
2019 ж. 18 қараша
2765
5
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ақша аударымдарына салық енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
"Мемлекет басшысы бұл проблема мемлекеттік органдар тарапынан мұқият зерттеуді талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты президент мәселені күн тәртібінен алып тастауды тапсырды", - деп жазды президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында.
Әшімбаев сонымен қатар кейбір банктердің жедел аударымдар жүйесі ыңғайлылығына байланысты барған сайын танымал болып жатқандықтан, соңғы күндері аударымдарға салық енгізу мүмкіндігі қоғамды қатты алаңдатып отырғанын жеткізді.
Бейсенбі күні Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов ведомствоның қолма-қол жасалмайтын ақша аударымдары туралы ұстанымын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаржы министрлігі мұндай аударымдардан қосымша төлемдер немесе салықтар алуды жоспарлап отырған жоқ, оның үстіне жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру мәселесі көтерілмеген.
Бұған дейін қаржы министрлігі Kaspi-мен қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың заңды балама әдістерін енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Қазіргі таңда банк клиенттері қолма-қол ақшасыз аударымдарды картаға тіркелген ұялы телефон нөмірі арқылы жасай алады. Сонымен қатар, аударым комиссиясыз жүзеге асырылады.
"Қазақ үні" редакциясынан: Еске сала кетейік, "Ақ жол" партиясының депутаттары онлайн-төлемге салық салу мәселесін сынға алып, Қаржы министрті Ә. Смайыловқа хат жолдаған болатын. Онда Мәжіліс депутаттары халықтың ақшасын санағанша, миллиондаған пара мен офшорлардағы миллиардтаған қаржыны іздеу керектігін айтты.