Испан дәрігері Қазақстандағы медицина жайында не дейді?
2019 ж. 13 қараша
4161
0
Жақында Қарағанды қаласына «Қарағанды қаласының облыстық перинаталдық орталығы» базасында Қарағанды облысы бойынша «Астана» оқу-клиникалық орталығының қолдауымен «Педиатрия мен неонтологияда тыныс алуды қолдау» тақырыбы бойынша халықаралық симуляциялық тренинг-семинар өткен болатын. Семинарға интенсивті педиатрия бойынша Испан Қоғамының тыныс алуды қолдау жөніндегі нұсқаушысы, Халықаралық топтың үйлестірушісі, Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медициналық университетінің балалар анестезиологиясы мен интенсивті терапиясы кафедрасының ассистенті, балалар реанимотолог-анестезиологы Лоайсо Уго Карлос Левано мен нұсқаушы, Мәскеу қаласындағы Н.Ф.Филатов атындағы №13 қалалық балалар клиникалық ауруханасының реанимация және интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі Наталья Елисеевна шақырылды. Осы орайда халықаралық медицинада айтарлықтай орын алған, педиатрия салында 30 жыл тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, бірегей дәрігер Уго Карлос мырзамен сұхбаттасқан едік. Ол әңгімесін былай бастап кетті:
- Біздің әдістеме курстарымыз 2005 жылдан бастау алады. Сонау АҚШ, Латын Америка, Италия, Испания, Португалия, Аргентина, Мексика, Уругвай, Чили, Гондурас сияқты шет елдерде, және Қазақстанды қоспағанда, Украина, Беларусь сияқты ТМД елдерінде дәріс беріп келеміз. Көп жылдан бері жаңа туылған нәрестелер мен сәбилердің тыныс алуын қолдау симуляциялық курстарын ұйымдастырудамыз. Менің бастамашыл тобымның мүшелері осы саланы қамтитын халықаралық конференциялардың модуляторлары болып келеді. Осы мәселеге қатысты бірінші халықаралық конгрессті біздің топ Мәскеу қаласында өткізді. Ал Қазақстанда аталмыш курс алғаш рет 4 жыл бұрын іске асқан болатын. Әдістеменің өзіндік ерекшеліктері бар – біздің курсанттарымыз жұмыс тәжірибиесі бар дәрігер мамандар. Олардың дәрігерлік қызметтегі шеберлігін халықаралық стандарттарға сәйкес шыңдай түсуіне бағыт-бағдар беру біздің міндетіміз. Біз дәрігерлердің жұмыс істеу моделін өзгертеміз. Және достық-ынтымақтастық қарым-қатынасты орната отырып теорияны құрғақ дәріс түрінде емес, арнайы құралдардың көмегімен нақты жағдайларды тудырып, оны дұрыс шешу жолдарын көрсетеміз.
- Әдістемені жылдан-жылға өзгертіп, толықтырып отырасыздар ма?
- Жоқ, әдістеменің өзі өзгертілмейді, бірақ аудиториясына қарай оның психиологиялық аспектілері толықтырылып отырады. Себебі, біздің курсымыз әлемнің көптеген елдерінде оқылатындықтан, сол елдің тұрмыс-тіршілігі, ұлттық ерекшеліктері ескеріліп, тақырыпты жеңіл меңгеруге бейімдейміз. Бұған қоса, Италия, Испания елдерінде курс сол елдің тілінде өтеді.
- Ал кең байтақ Қазақстанның аумағында Қарағанды қаласына бірнеше рет келуіңіздің өзіндік себебі бар ма?
- Қарағанды өңірінде өз мамандығына аса қызығушылықпен қарайтын, жанарларында ынта-жігер оты бар жас дәрігерлер көп. Сол жалын отын сөндірмеу үшін біз оларды қолдап отыруымыз керек. Қазіргі таңда медицина индустриясында жаңа технологиялар, заманауи жабдықтар қарқынды дамуда. Дәрігерлер осы орайда үнемі біліктіліктерін арттырып отыруы тиіс. Мен өзім халықаралық дәрігерлер конгрессіне жиі барып, кәсіби деңгейімді арттырып отырамын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестеріммен ынтамақтасып, тәжірибе алмасу біздің жоғары деңгейлі дәрігер болып қалыптасуымызға зор ықпал етеді. Әрине маған орыс тілін айтпағанда, ағылшын, итальян, испан, француз және португал секілді шет тілдерін меңгергендігім үлкен жеңілдік береді. Сондықтан сол білімімді жергілікті жерлерге таратуды өз борышым деп есептеймін.
- Қарағандылық дәрігерлер Сіздердің тәжірибелік дәрістеріңізді қабылдау тұрғысында шет елдердің дәрігерлерінен ерекшелінеді ме?
- Айтарлықтай айырмашылық жоқ, өйткені ғаламтор бой көтерген заманда дәрігер өздерін қызықтыратын қандай да бір ақпаратты еш қиындықсыз таба алады. Бірақ сол ақпаратты іс жүзінде дұрыс қолдана білу үшін біз көмекке келеміз. Әрине Латын Америкадағы жас дәрігерлер Қазақстан, не Ресей дәрігерлеріне қарағанда өте белсенді, өйткені әлемдік медицина әдебиеті ағылшын тілінде алға басқан, сондай-ақ бұл мамандар өз білімдерін халықаралық медициналық конгресстерге тұрақты қатысу арқылы ұштап келеді. Бұл ретте ағылшын тілін білу айтарлықтай жетістіктерге жеткізеді.
- Қазіргі медицина көңіліңізден шыға ма?
- Бүгінгі медицина кешегі күннен әлдеқайда озып келеді. Кешегі емделмейтін ауру түрлеріне қазір ем-дауа табылуда. Жүрек, сүйек кемігінің үстел жасушалары, бүйрек, бауыр сияқты ағзаларды ауыстырып отырғызу, онкологиялық арулардан айықтыру осы күнгі медицинаның жетістіктері болғанмен, ешкімді таң қалдырмайды. Ал ауыр науқасқа шалдыққан сәбилердің тыныс алуын қолдау үшін арнайы күтім қажет. Бұл менің мамандығым. Ота жасалған балаларды қалыпты өмірге оралуына дәрігерлерге бүгінгі күннің талаптарына сай келетін жаңа технологияларды меңгеру шеберлігі міндеттеледі. Өкінішке орай, менің байқағаным, көптеген әлем елдерінде дәрігерлер аса қымбат жабдықтардың медицинадағы мүмкіндіктерін тек қана 10-15% пайдаланып отыр. Сондықтан медициналық көмектің сапасын арттыруымыз керек, біз жоғары деңгейдегі білікті маман болуымыз керек, себебі мұның астарында адам өмірі жатыр.
- Уго мырза, жаңа туылған нәрестелер мен сәбилердің тыныс алуын қолдау барлық жағдайда оң нәтиже бере ала ма, жоқ мұндай көмектің де теріс әсерлері бар ма?
- Күрделі дертке шалдыққан балалардың 75% мұндай көмекке зәру. Оның екі жолы бар: инвазивті және инвазивті емес тыныс алуды қолдау. Яғни, біреуі маска арқылы болса, екіншісі хирургиялық жолмен трахеяға түтікті өткізе отырып, өз бетімен тыныс ала алмайтын балаларға оттегінің ағзасына түсуін қамтамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда, адам өмірін сақтап қалу. Мұндай көмек дер кезінде көрсетілмесе, өлімге әкеп соқтырады. Әрине инвазивті емес тыныс алуды қолдау ұзақ уақытқа созылса, басқа ауруларды тудыруы мүмкін. Бұл жағдайда дәрігердің кәсіби біліктілігі өте маңызды роль атқарады.
- Сіздің байқауыңызша, біздің елдегі медициналық мекемелердің жабдықтары қазіргі заманның халықаралық стандарт талаптарына жауап бере ала ма?
- Қазақстанда мені таң қалдырғаны, әрі қуантқаны – ел үкіметі медициналық жабдықтарға қомақты қаражатты жұмсап отыр. Бұл аппараттардың басым көпшілігі халықаралық стандарттарға сай келеді, дамыған еуропа елдері де дәл осындай жаңа медициналық технологиялармен жабдықталған. Бұл өте мақтауға тұрарлық жәйт. Бірақ жабдықтардың барлық мүмкіндігін толық пайдаланған жағдайда ғана ол өзінің құндылығын арттырады. Алайда дәрігерлерге өз бетінше үйреніп алу айтарлықтай
қиындық туғызары сөзсіз, сондықтан сіздің елде денсаулық сақтау мекемелері тарапынан осындай тәжірибелік курстарды ұйымдастыруының мәні зор. Бұл тек біздің курстың аясында ғана емес, көптеген шетелдік мықты дәрігерлер Қазақстанға келіп тәжірибе алмасуда. Тіпті менің еуропалық әріптестерімнің ішінде Нұрсұлтан, Қарағанды т.б. қалаларда тұрақты еңбек етіп отырғандары да бар. Бұған қоса, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы қазақстандықтар үшін толағай мүмкіндік. Мұндай беталыс өкінішке орай басқа елдерде байқалмайды. Мысалы еуропада дәрігерлер кәсіби біліктілігін өз қаражаты есебінен көтереді.
- Уго мырза, міне он күнге жуық уақыт бойына дәрістеріңізді Қарағанды қаласымен қоса, Теміртауда да оқытып жүрсіз. Алайда сол әдістердің іс жүзінде қаншалықты іске асып жатқанынан хабардарсыз ба?
- Курс әдістемесін сағат беске дейін оқытып болған соң, мен жергілікті ауруханаларға барып, тәжірбиеде қаншалықты іске асып жатқанын қадағалаймын. Толығырақ айтқанда, бірінші күні осындағы медициналық жабдықтардың қолдану ресурстарымен таныстырып, сол күні кешке оның жұмыс барысында нәтиже беріп жатқанына куәгер болдым. Мәселен, екі күн бұрын салмағы бар жоғы 700 грамм тартатын шақалақтың аппаратта қажетті айла-амалдарды жасау арқылы өмірін сақтап қалдық. Мұндай мысалдар өте көп және күнделікті тәжірибемізде жиі ұшырасады. Әрине ондай сәттерде еңбегіміздің зая кетпей жатқандығына қуанамын. Болашақта да біз әріптестерімізбен байланысымызды үзбеуге тырысамыз. Ауыр халге түскен балалардың өмірін сақтап қалу үшін кейде қашықтықтан ақыл-кеңесімізді беріп жатамыз. Техниканың дамыған дәуірінде ұялы телефонымыздың мүмкіндіктері науқастың сырқатнамасын, рентген кескіндерін дер уақытында зерттеп, қолдау көрсетуімізге қолайлы жағдай туғызуда. Енді бейнебайланыс орнату жобасын қарастырудамыз. Әзірше осындай үлкен пилоттық жобаны біздің орталық Мексика елінде бастап отыр. Мұны біз әріптестік ынтақтастықты нығайтудың, тәжірибе алмасудың тағы бір жолы деп қабылдаймыз.
- Тыныс алуды қолдау терапиясына мұқтаж нәрестелер мен сәбилердің саны бүгінгі күні өткен жылдарға қарағанда өсіп отыр ма?
- Әрине өсіп отыр. Бірақ, бұл дегеніңіз аурудың өсу санына байланысты емес, қазіргі медицина мүмкіндіктерінің кеңейіп отырғандығының дәлелі. Бұрын ауыр науқасты балалардың өмірін сақтап қалу жолдары жоқтың қасы болатын. Ал қазір жоғары сапалы технологиялар мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында оларға екінші өмірге жолдама беріліп отыр.
- Осы салада білікті маман болу үшін ең басты үш қасиетті атаңызшы?
- Менің ойымша, әрбір дәрігер ең бірінші өз мамандығын жан-тәнімен сүйе білуі, екіншіден, осы саладағы білімі мен тәжірбиесін жоғарғы деңгейге жеткізуге ұмтылуы, ал үшіншіден, дәрігер болу бұл мамандық емес, бұл – сенің адам алдындағы борышың екендігін сезінуің деп айтар ем. Өмір мен өлімнің ортасында жатқан сәбидің жаңадан тыныс алып, қалыпты өмірге келген сәтін көру – мен үшін үлкен бақыт. Осы орайда дәрігерлер арасында қалыптасқан мынадай сөз есіме түсіп отыр: «Жаратқан ие дәрігердің қолымен адамға өмір сыйлайды». Мүмкін біз тылсым күш пен шынайы өмірдің арасындағы делдалдар шығармыз. Сондықтан осындай үлкен жауапкершілікті алып жүруге лайықты болуымыз керек. Әрине медицинаның әлі күнге дейін күші жетпей отырған проблемалары бар. Кейбір аурулардың алдында біз қауқарсызбыз. Алайда әрқашан жақсылықтан дәмелі болғанымыз абзал. Бірер жылдан кейін бұл дерттердің де ем-шипасы табылар деген үміттемін.
- Шынымен де, дәрігерлерге жүктелген жүк ауыр. Олардың жұмыс уақыты 10-12 сағатқа, тіпті одан көп уақытқа созылады. Олар 1,5 тіпті 2 мөлшерлемеге жұмыс істеп келеді. Осындай жұмыс кестесі олардың қызметінің сапасын төмендетпейді ме? Сіздің ойыңызша бұл мәселенің шешу жолдары қандай?
- Сөзсіз төмендетеді, адамның белсенді жұмыс істеу қабілеті шексіз емес. Менің ойымша бұл фактордың туындауына екі себеп ықпал етіп отыр: атап айтқанда, жалақының төмендігі мен кадрлардың тапшылығы. Мойындау керек, еңбекақысы аз, әрі жауапкершілігі жоғары мамандықты кез-келген жастар таңдай бермейді. Ал қызмет етіп жүрген мамандар айлықтарын көтеру үшін жұмыс істеу сағатын қосымша алып жатады. Не болмаса, олардың қосымша жұмыс істеуіне кадрлардың жеткіліксіздігі де әсер етіп отыр. Осының салдарынан дәрігер өз отбасына қажетті көңіл бөле алмайды, оның соңы ерлі-зайыптылардың ажырасуына әкеп соқтыруда. Сондықтан, дәрігерлерді қаржылық тәуелсіздікке жеткізе отырып, жастарды осы мамандыққа шақыруымыз керек. Өйткені бұл мәселе әлеуметтік сипатқа ие. Мұндай жағдай Ресейде де орын алуда. Алдағы уақытта Қазақстанда да дәрігерлер біздің шетелдік әріптестеріміз сияқты күніне 8 сағат өнімді қызмет етеді деген сенімдемін.
Қазір Қазақстан мәдени жаңғыруының арқасында әлемге танымал болып отыр. Және Ұлы халық ретінде өзге ұлттардың назарында. Ұлан асыр аумағы бар кең өлкенің қазба байлықтары да жеткілікті. Бірақ ең басты байлық мұндағы халық деп есептеймін. Сіздер ұлттық тарихи мүдделеріңізді қадір тұтасыздар. Н.Назарбаевтың: «Ұлт өзінің тарихын білгенде ғана қайда алға басатынын біледі» деген тамаша сөзі осыны айғақтайды. Менің әкем де «егер сен өз еліңнің мәдинетін құрметтесең, сонда ғана өзге елдің мәдинетін құрметтей аласың» дейтін. Сіздің елде демографиялық проблема шешімін табуды талап етеді. Дегенмен, Қазақстанның әлеуеті оның астанасынан-ақ көрініп тұр. Шамалы уақыттың ішінде кішкентай Целиноград қаласынан осындай көрнекті, ажарлы футуристік қала жасау таңғажайып құбылыс сияқты. Алғаш 1984 жылы студенттік кезімде бір топ шетелдік студенттермен құрылыс тобын ұйымдастырып, Целиноград қаласына келгенім бар еді. Ендігі Астана, қазіргі Нұрсұлтанды көріп, адам армандары мен идеяларының шексіз екендігіне көзім жетті. Қазақстан бір сөзбен айтқанда бастаушы мемлекет.
- Әңгімеміздің соңында өз тарапыңыздар қосар ой-тілектеріңіз бар ма?
- Қазақ елінің болашағы жарқын екендігіне шүбә келтірмеймін. Бұдан зор көркейіп, өркендей беріңіздер. Осы орайда біздің курсымызды ұйымдастырған денсаулық сақтау басқармасына алғысым шексіз. Курстың жергілікті әріптестеріме барынша пайдалы болуына атсалыстық деп ойлаймын. Біздің тәжірибиемізді іс жүзіне асыру енді мұндағы жас мамандардың еншісінде. Адам миы ол толтырып қоятын стақан емес, ол шам. Сол шамды жаға алсақ, біз өз міндетімізді орындадық деп есептеймін.
- Уго мырза, шынайы әрі қызықты сұхбатыңызға көп рахмет!
Қайныш Бұхарбай, Қазақ үні