Сапарбаев: Жастарға арналған тұрғын үйлер әр облыс орталығында салынуы тиіс
2019 ж. 11 қараша
1834
0
Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев павлодарлық жастармен кездесу кезінде тұрғын үй мәселесін шешу туралы ойларымен бөлісті. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановтың қатысуымен өткен сұхбат Жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті. Вице-премьер жастармен кездесуді ұнататынын, олардың оң энергиясынан қуат алатынын айтты. Ол қазіргі заманда жас адам бірінші кезекте бәсекеге қабілетті болуы керектігін, ол үшін біліммен қарулану қажеттігін еске салды.
Сіздердің бірінші міндеттеріңіз – білім алып, өздеріңіздің мүмкіндіктеріңізді қалт жібермеу. Үкіметтің міндеті – жастарға жағдай жасау. Үкімет органдары өз жұмысын атқарып келеді. Келесі жылы біз Жастар жылында қолға алынған жобаларды жалғастыратын боламыз. Сонымен бірге, жаңа жобалармен де жұмыс істейміз. Егер, сіздердің идеяларыңыз болса, оларды қарастыруға әзірміз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Премьер-министрдің орынбасары Павлодар облысында жүзеге асырылған "Жас шебер" жобасын мысал ретінде келтірді. Әр ауылдық округте өз жобасын іске асыруға дайын 15 жас азамат іріктеліп алынды. Өз ісін ашқысы келетін әрбір адамға барынша қолдау көрсетілді. Осы жұмыстың арқасында 2019 жылы Павлодар облысында алты жүзге жуық жас өз кәсібін ашты.
Өздерінің табыстарынан бөлек павлодарлық жастар вице-премьерге проблемалық мәселелер туралы да айтты. Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істейтін Александр Шутов жастар үшін арендалық тұрғын үйлерді Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да өңірлерінде салуды өтінді. Оның айтуынша, Павлодар облысында 65 мың еңбекші жас бар, олардың көбінің өздігінен пәтер сатып алатын жағдайы жоқ.
Тұрғын үй – жастар үшін басты мәселе. Қазір біз жастардың пәтер сатып алуына жағдай жасау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үйлер барлық облыс орталықтарында салыну керек. Болашақта Үкімет тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын, - деді Бердібек Сапарбаев.