Қытайлық профессор Қазақстанның мемлекеттік қызметшілеріне дәріс оқып жүр
2019 ж. 23 қазан
1753
0
Елордада мемлекеттік қызметшілер алдында Қытайдан арнайы шақырумен келген Бейжің шет тілдер университетінің профессоры Ли Иннань спикер болып, 70 жыл ішінде ҚХР қарқынды дамуы үшін елінде атқарылған реформалар мен заңдар, шаралар туралы айтып бермек, - деп хабарлайды baq.kz.
Бүгін ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында "Қазақстанның шығыс көршісі. Қытайдың қарқынды дамуы куәгерлер көзімен" ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шәймерденова арнайы шақырылған қонақты таныстырды.
"Алыс достан, жақын көрші артық. Сондықтан шығыстағы көршіміз туралы білген артық етпейді. Қытай біздің дамуымыздың көптеген есігін ашады. Сондықтан бүгін 70 жылда Қытайдың жетістігі туралы айтып беретін спикеріміз Ли Иннань келіп отыр. Ли ханымның отбасы – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың үлгісі. Бірнеше шәкіртті тәрбиелеп, олар Қазақстан мен Қытай байланысын нығайтуға үлес қосып келеді", - деді Шәймерденова.
Ли Иннань 1949 жылы Қытай Халық Республикасының негізін қалаушылары мен төраға Мао Цзэдунның әріптесі Ли Лисанның қызы. Бірнеше жылдан бері Бейжің университетінде орыс тілі мен әдебиетінен дәріс оқып, қытайлық көптеген дипломатты тәрбиеледі.
"1949 жылы мен бар-жоғы 6 жаста болдым. Әкем төраға Мао Цзэдунмен бірге орталық алаңға шығып, Қытай Халық Республикасының құрылғаны туралы хабарлады. Әскерилердің парады өтті. Сол кезде ҚХР билігі алдағы жоспар туралы жариялап, жаңа өмірге "қадам басты". Мен бүгін әкем туралы айтайын деп тұрған жоқпын. Тек әкемнің мемлекеттік құрылымға белсене атсалысқан тұлға ретінде үлгі етіп алып, ҚХР-ның дамуы жайлы сөйлегім келеді.1949 жылға дейін Қытайдың өзінде, көршілес елдерде түрлі революция болды. Дегенмен төраға Мао Цзэдунның басшылығымен Қытай дамудың жаңа кезеңін бастады", - деді қытайлық профессор.
Бүгін Ли Иннань өзінің отбасы туралы кітабын таныстырып, оны Мемлекеттік басқару академиясының кітапханасына табыстайды. Сонымен қатар, профессормен бірге ұлы Лю Чжэн келді. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарлары кезінде аудармашы болды. Бұдан бөлек Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің көптеген шарасында тәржіме еткен. Бүгін ол Қытайдың соңғы 10 жылдағы дамуы мен өгерістері туралы айтып береді.