«ЕЛГЕ БОЛСЫН» ДЕГЕН ЕР
2019 ж. 22 қазан
2808
9
2009 жылы бір топ ақын, жазушы, журналист Өскеменге бардық. Абай және Пушкин ескерткіштері ашылды. «Шығыс шынары» атты мүшәйра ұйымдастырылды. Қала күні атап өтілді. Кемеге мініп, Ертіс өзенінің бойымен сейіл құрдық. Өте мазмұнды сапар болғаны есімде.
Кешкі қонақасыда сол кездегі қала әкімі Ислам Әбішев: «Кімде-кім осыдан тура 100 жыл бұрын Өскеменді немесе жалпы Шығыс Қазақстанды басқарған адамды атап бере алса, соған қомақты сыйақы беремін!» – деп жар салды. Біраз кісі өз жорамалын айтуға тырысып көргенімен, ешкім де нақты жауап бере алмай қалды. «Міне, көрдіңіздер ме? – деді сонда И.Әбішев. – Демек, енді біраз жылдан кейін келешек ұрпақ бізді де еске түсіре алмай отырады. Өйткені әкім, министр, басшы атаулы келеді, кетеді, олардың орнын келесі біреу басады. Ал ұлттың, елдің мәңгі өлмес мәдени мұрасын, көнермес құндылығын жасайтындарды, рухын көтеріп, рухани дүниесін байытатындарды – ақын-жазушыларды, өнер майталмандарын ел ешқашан ұмытпайды. Жүз жылдан кейін де келешек ұрпақ Әзілхан Нұршайықовтың, Қалихан Ысқақтың, Қабдеш Жұмаділовтің, Кәдірбек Сегізбаевтың, Оралхан Бөкейдің, шығыс өңірден шыққан басқа да қаламгерлердің шығармаларын оқиды, немере-шөбересіне аманаттайды. Сондықтан да біз, үлкенді-кішілі басшылар, осы айырмашылықты түсініп, өзіміздің қызметшілік орнымызды біліп, шығармашыл тұлғалардың қадіріне жете алуымыз керек», – деп түйінделген сөзге жиылған жұрт түгел қол соққан...
Содан бірер жыл бұрын Ислам ағамыздың Қапшағай маңындағы (ғимараттарының сыртқы пішініне орай ел аузында «Китайский городок» аталып кеткен) демалыс үйлерінің біріне аялдағанын естіп, бір топ жас қаламгер барып сәлем бердік. Сондағы жазғы дәмханадан түскі ас іштік. Даңғыраған шетелдік музыка бас ауыртқан соң, кафе қызметкерлерінен қазақ әндерін қоюды сыпайылап өтіндік. Сөйтсек, оларда қазақша кассета емге жоқ екен. Сонда Ислам аға: «Бұл не деген сұмдық? Городоктарың – «китайский», музыкаларың – американский! Сендер қай жерде тұрып жатқандарыңды, қай елдің азаматы екендеріңді ұмытқансыңдар ма?» – деп ашуланып, шопырына: «Алматыға бар да, қазақ әндері жазылған кассеталардан мол қып алып кел!» – деп тапсырды. Бірер сағаттан соң, ол қайтып оралып, бір қорап кассетаны кафе иесінің қолына ұстата берді...
...Ислам Әбішев – ешқашан өзін басшы ретінде өзгеден биік сезініп, кісімсімей, керісінше, жоғарыда айтқанындай, «елге қызмет етуші» орнын біліп, «елге болсын» деген ұстанымнан айнымай келе жатқан жан. Өскеменнің қырық градус аязында көшеге шығудан қалып, кейін ызғар сынған соң да суықтан сақтанып мектепке баруға асықпаған оқушылардың үйлеріне ерінбей өзі қоңырау шалып, Сашалар мен Серіктердің әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, сабақтан қалмауға үндегенін естіп, таң қалғанбыз. Қай істі де сырттай қадағалап қана отырмай, бел шешіп өзі кірісіп кететін осы іскерлігі қызметінің қай кезеңінде де айқын көрінеді. Қамауда да қарап жатпай, қаншама жоба ойластырып, есеп-қисабын жасап отырғанына әлеуметтік желі арқылы куәміз. «Бұрын жасаса қайда қалыпты?» деушілер де шығып жатыр. Бұрын да жасаған, бірақ ел-жұртқа дабыра қылмай-ақ жасайтын, кейінгі жоба-сметаларының жария болып жатқан себебі – қазір «Ислам Әбішев ісі» жұртшылық назарында тұр, оның үстіне, әлеуметтік желінің әбжілдігі тағы бар.
Шынымен қылмысқа барып, пара алған адам қалайда жазасын жеңілдету жолын қарастырып, соңына шам алып түскен дұшпандарымен мәмілеге келуге тырысса керек-ті. Ал И.Әбішев жеті айдан бергі қасақана жасалып жатқан қорлыққа төтеп беріп қана қоймай, денсаулығының сыр бергеніне де қарамастан өзінің ақ екенін дәлелдеу мақсатында күресумен келеді. Кеше ғана 77 жасқа толған классик жазушымыз Дулат Исабеков «Социализм зәулімі» әңгімесінде: «Пашат – бөлімшедегі ғана емес, бүкіл колхоз бойынша беделді адам. Жұрттың айтуынша, ол бір кездері Москвадағы Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академиясына түсіп кетуге аз-ақ қалған», – деп жазған еді. Сол сияқты, естімеген елде көп, «ПАРА АЛУҒА АЗ-АҚ ҚАЛҒАН» деген де айыптау болады екен! Қызығы сол, айыптаушы тарап тіпті осындай ниеттің болғанының өзін жеті айдан бері дәлелдей алмай отыр.
Өткен аптадағы сот отырысын Қазыбек Иса ағаның, Сәуле Әбілдаханқызы қарындасымның арқасында фейсбуктегі тікелей эфирден көрдім. Судьяның әлдебір тапсырыспен жұмыс істеп отырғаны айқын аңғарылып тұр. Соттың жалғасы ертең (23.10) дейді. Абзал Құспан бастаған адвокаттардың білім-білігіне сенеміз, Әділдік деген ұғымның салтанат құруын қалаймыз. «Аққа Құдай жақ» деген. Ислам ағамызға Алла жар болсын!
Сәкен Сыбанбай,
Фейсбук парақшасынан