ҚАНДАСТАР ДА ҚАЙРАТ КӨРСЕТЕР КЕЗІ КЕЛДІ
2019 ж. 13 қазан
3906
5
2006 жылы Ислам Әбіштің ұсынысымен ҚХР Үрімшіге баруыма тура келді. Себеп -Қытайдағы қандастарымыздың Үрімшідегі консулдықтан Қазақстанға виза алуы қиындап бір-екі жылға дейін созылып кетуі.
Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып істеп жүрген Ислам Әбіш маған: «Қазыбек, бұл мәселені шешу үшін Үрімшіге сен өзің бармасаң болмайды»-деп, мені жіберіп, қандастарға алынбас қиын қамал болып тұрған виза мәселесін шешуге зор ықпал етті. Менің Үрімші консулдығында орын алған қиын жағдай туралы «Қазақ үні» газетіне шыққан мақаламды парламентте отырған сол кездегі «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Бәймен депутаттық сауал етіп көтеріп, нәтижесінде консул ауысып, екі адамның орнына 4 адам істейтін болды. Содан соң қандастарымыздың Қазақстанға келуі жолға қойылды. Ол кезде қазір «Қытайдағы қандастардың жағдайын менен артық ойлаушы ешкім жоқ»-деп, жарнамамен жарысып, жағаласып жатқандардың біреуі де жоқ болатын…
Бұдан кейін де Ислам Әбіш шетелдегі қазақтардың жағдайын қадағалап, қажет кезде қолдау жасап жүрді. Моңғолиядағы дарынды әнші Өзгерістің өнеріне риза болып, әншіні шетелден елдегі шараларға шақырып, қол ұшын созып жүрді. Баян Өлгейден Астанаға келіп жұмыс іздеп жүргенде белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының әйгілі Оспан батырдың ұрпағы болғаны үшін ғана сол күні бірден темір тұлпар мінгізді. Айта берсек, ағамыздың қандастар үшін қайрат жұмсаған кезі аз емес.
Қандастардың да қайрат көрсетер кезі келді енді!
Бәріміз халықтың триллионын қорғаймын деп, қамалған Ислам Әбішті қорғап қалайық!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz
ИСЛАМ ӘБІШТІҢ СОТЫ ӨТЕТІН ЖЕР
2019 жылы 14 қазанда сағат 11:00-де Нұр-Сұлтан қ., Омаров к. 57 үй мекен-жайында орналасқан Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ИСЛАМ ӘБІШЕВ ісі бойынша АШЫҚ СОТ болады.
ӘДІЛДІК ЖОЛЫНДА ӘРҚАЙСЫМЫЗ ӨЗ ҮНІМІЗДІ КӨРСЕТЕР КЕЗ КЕЛДІ! БҮГІН ҚИМЫЛДАМАСАҚ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ!
Бүгін асүйде жайлы диваннан тұрғысы келмегендер, ертең түрмеде жайсыз нарда оянатынын ұмытпаңыздар!
ИСЛАМ ӘБІШТІ ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ