ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНАДЫ
2019 ж. 13 қазан
13125
6
Бүгін Ұлттық Кеңестің ұсыныстарын іске асыру туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жүргізген жиын болды.
Ұлттық Кеңесте ұсынған ұсыныстарымның үшеуі - ең бастысы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, латын әліпбиін жетілдіру және Жошы хан кесенесі тұрған Ұлытауды халықаралық туризм мекеніне айналдыру мәселелерін Мәдениет министрлігі бірден қолға алып, іске кірісіп кеткені қуантады.
Тіл саясаты комитеті төрағасы Ғалымжан Мелдеш мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы баяндама жасады. Енді бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі міндетті болады.
Мәдениет министрлігі жанынан Мәдени саясат жөніндегі кеңес құрылуда екен. Алдын-ала жасалған кеңес мүшелерінің тізімі таныстырылды. Мен қаламгерлерден Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың дауреаты Ұлықбек Есдәулет пен ақын-драматург әрі сазгер Исрайл Сапарбайды ұсындым. Қазақ суретшілерінен ҚР Көркемсурет академиясы вице-президенті, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Жанұзақ Мүсәпірді, Қазақ журналистерінен "Қазақ газеттері" АҚ президенті Шәмші Пәттені және Ұлттық академиялық кітапхананы мәдениет пен өнер ордасына айналдырып келе жатқан басшысы Үмітхан Мұңалбаеваны ұсындым.
Рухани көшбасшылардың беделді пулына Төлен Әбдік пен Смағұл Елубайды ұсындым. Ұсыныстар түгел қабылданды.
Ұлттық Кеңес мүшесі Ауыт Мұқибек Мәдени саясат кеңесіне жазушы Тұрсынхан Зәкен мен ғалым Ақеділ Тойшанды ұсынды.
Жиында көптеген құнды пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылды.
Жалпы, Ұлттық Кеңес ұсыныстарын іске асыруға кірісіп кеткен Мәдениет министрлігінің мәнді отырысы үш сағаттай уақытқа созылды.
Толық мағлұматты алда жазылар мақалада айтамыз.
Қазыбек Иса, qazaquni.kz