ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ МҰҚТАР ШАХАНОВ ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ?!.
2019 ж. 08 қазан
14551
3
Жақында "Байтақ Болашақ" экоальянсы төрағасы Азаматхан Әміртай бауырым хабарласты. Конституциядан орыс тілі туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен Ұлттық Кеңестегі сөзімді Ұлттық арнаның "Ашық Алаң" хабарында тағы да таратып айтқаныма тағы да ризалығын білдірді. Бұрын бұл інімді сыртынан білгенмен, Ұлттық Кеңесте баяндама жасап шыққанда елдің алдымен келіп, қолымды қысқан болатын. "Қазақ тілі қайтсе, дамитыны туралы турасын бір-ақ айттыңыз! Ұлттық Кеңестің жұлдызы сіз болдыңыз, қатты риза болдым"-деп шынай көңілін білдірген еді. Содан соң сол күні бір-екі хабарға бірге түскенбіз.
Сөз арасында таяуда Ақтөбеден, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Амангелді Айталының 80 жасқа толған тойынан келгенін айтты. Тойда толағай ағаларымыз Мұқтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов те болыпты.
Ертелеу қайтқан Олжекеңді ұшаққа Азаматханның өзі шығарып салыпты. "Олжас ағамыз жолда келе жатқанда Мұқтар Шаханов туралы:
"Нағыз саясаткердің аузы ашылса, жүрегі көрінуі керек. Мұқтар Шаханов - нағыз саясаткер", деді. Иә, ол еш уақытта тілге, халқына деген адалдығын сатпас!!!"-дейді Азаматхан ардақты ағаларына риза болып.
Қазақтың ерекше екі нартұлғасы, әлемге әйгілі ақындары осылай бірін бірі қолдап, бағаларын біліп жатқаны әрине, жарасымды. "Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық" деп жүрген Олжас ағамыз сөзіне де, өзіне де лайық тура тұжырым жасаған екен. Кезінде Қазақ тіліне байланысты талай сынаған тарлан ағамызға біз де риза болып қалдық. Олжекең ұлтшылдардың көсемі Мұқтар Шаханов туралы бұл құнды пікірін қазақ тілінің қайсар күрескері Амангелді Айталыдай Алаштың ардақты тұлғасының сексеннің сеңгіріне шығып жатқан торқалы тойы кезінде айтуы да сәулелі сәйкестік!
Алла жар болып, аман болыңыздар, ақиық ағалар!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz