"Барлығын түсіріп, өзі үлгере алмады" - Жолаушылар қайтыс болған автобус жүргізушісі жайлы
2019 ж. 16 қыркүйек
4750
0
Алматы облысында пойызбен соқтығысқан автобустың жолаушылары оқиғаның мән-жайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Олардың айтуынша, автобус теміржол өткелінде тұрып қалған уақытта, жүргізуші абыржып қалып, алдынғы есікті аша алмаған. Ол артқы есікті ашып, жолаушыларды түсіріп, өзі шығып үлгере алмаған.
"Мен бір баланы шығарып үлгердім. Автобустан қаша жөнелдім де пойыздың қоғамдық көлікті соққанын көрдім. Жүргізуші қайтыс болды", - дейді куәгер.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жүргізушінің жары кондуктор болған, олар бірге істеген. Қайтыс болған ер адамның төрт баласы қалған.
Еске салайық, төтенше жағдай "Екатеринбург-Алматы" тасжолының 2449-шақырымында Шамалған станциясында 15 қыркүйекте сағат шамамен 19.20-да болған. Автобус жүргізушісі дабылға қарамастан теміржолға өтіп кеткен. Нәтижесінде автобус пойызбен соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, үш адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан адамның туыстарына көңіл айтты. Төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алматы облысындағы төтенше жағдайды прокуратура бақылауға алды Алматы облыстық төтенше жағдай департаменті жедел штаб құрды. Мына телефондар бойынша жедел желі ашылды: (87282) 220213, 220018. Сондай-ақ, Алматы қалалық ТЖД мына телефондар бойынша жедел желі ашты: (87282) 220213, 220018