Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында періштелер жұмыс істеп отырған жоқ...
2019 ж. 07 қыркүйек
5569
9
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біздің қолымызға қалам алдырған жайт – Түркістан облысының тумасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әлмаханұлы Әбіштің басына үйірілген бұлт. Ұзақ жылдар бойы қызметтес, әріптес бола жүріп біз танып-білген Ислам Әлмаханұлы 63 жасқа дейінгі бар саналы ғұмырын елінің өркендеуіне арнаған азамат. Ол жас кезінде аудан жастарының жалынды жетекшісі бола білді. Кеңшар директоры болып істеген шағында шаруашылықты алдыңғы қатарға шығарды. Заман талабына сай кәсіпкерлікпен де айналысып, өндіріс ошақтарын іске қосты, бірнеше ауданның электр қуатымен, жарықпен тұрақты түрде қамтамасыз етілуін жолға қойды. Ордабасы ауданының әкімі болып істеген үш жылда «несие серіктестігін» енгізу секілді жаңашылдығымен көзге түсті. Аудан тұрғындары оның еңбегіне бірауыздан «оған дейін де, одан кейін де бізде Әбіштей әкім болған емес» деген пікірмен жоғары баға берді. Бұдан соң еліміздегі ең ірі күнгейлік өлкеде он жыл облыс әкімінің бірінші орынбасары болып, бес басшымен тізе қосып істеген уақытта соңынан ешқандай жаман сөз ертпеді, әрқашан қарапайымдылығымен ерекшеленді. 2008 жылғы Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан соң ел ішінде «іскер ғана емес, халықтың қамқор қызметшісі» атанды. Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған екі жылда И.Әбіш қаланың «құрметті азаматы» атанды. Мынадай бейресми факт – астанаға ауысқан әкімді әуежайдан шығарып салуға бірімен бірі хабарласқан қарапайым халықтың алты жүзге жуық өкілінің келуі оның шынайы абыройының деңгейін аңғартса керек. Су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде көрші елдермен арадағы ағын су мәселесінің шешілуіне, тасқыннын алдын алатын әрі резерв рөлін атқаратын Көксарай су реттегішінің салынуына И.Әбіш үлкен үлес қосты. Ол 2013 жылы 300 млрд. теңгенің артық жобаланғанын дәлелдеп, бос шығынға жол берген жоқ еді. Содан соң қызметінен босатылды, тергеу орындары қызмет кезеңін тегіс тексергенмен, тағар кінә табылмады. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, бұрынғы орнына қайта отырды. 2018 жылы Су ресурстары комитеті 1,0 трлн.теңгеге жуық шығынның алдын алды. Құрметті Президент мырза! Халық сізді заңдылықтың кепілі деп біледі. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейтіндіктен, И.Әбіштің те жаңылыс басқан қадамы болуы сөзсіз, бірақ, ол қылмысқа барды дегенге сенбейміз. Адал азаматты кезінде Елбасы өзінің қамқорлығына алып, араша түскен болса, елдің ағалары ретінде біз бұл жолы еліміздің Президенті Сіздің де әділеттіліктің үстемдік құруына көмектесуіңізді сұранамыз. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары: О.Рахманбердиев, ҚР Парламенті Сенатының екі шақырылымдағы депутаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, ІІІ-дәрежелі «Барыс», «Парасат» орденінің иегері; Ш.Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымдағы депутаты, Түркістан облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері; Ә.Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты; Қ.Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; Ф.Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; Ә.Құртаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты; Н.Бекназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; С.Қаныбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; Б.Жылқышиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты; У.Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары: Қ.Балабиев, Д.Әбіш, Д.Ахметов, Р.Оспанәлиева, А.Көмекбаев, Ә.Қайыпбеков, Қ.Әбдіхалық, Т.Баймаханов, ЖЖ.Шәріпбек, М.Мейірманов, О.Аяшев, Ә.Исабаев, Қ.Абасов, С.Ибадуллаев, Ш.Қаныбеков, С.Күнтуаров, Ү.Жүсіпбаев, З.Чалданов, С.Бекенов, М.Төлтебаев, М.Тұрысбеков, Л.Ташимов. Редакциядан: Газеттің нөмірі дайындалып жатқан кезде ҚР Парламентінің биылғы сессиясының ашылу құрметіне арналған палаталардың бірлескен отырысы болып өтті. Отырыста Қ-Ж.Тоқаев ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы кезекті Жолдауын оқыды. Президент мырза өзінің сөзінде «Азаматтардың құқығы мен міндеттерін қамтамасыз етілуі» мәселесіне, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайына тоқтала келіп, былай деді: «Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының қызметкерлерінің өздерінің арандатушылық әрекеттері мен жұмыстағы заңсыз әдістері үшін қатаң жауапкершілігі қаралуы керек». Бұндай сөз Жолдауда кездейсоқ айтылды дейсіз бе, Жоқ, әрине! Бұл – бірлі-жарым орын алған оқиға емес, жағымсыз істер жүйеге айналған соң айтылмаса болмайтын, асқынып бара жатқан жаман ауруға қарсы амал қолданбаса болмайтын жағдайға жеткен соң барып оған ең биік мінберден еріксіз назар аударылды деген сөз. Біздің де тергеу органдары арандатушылық әрекетті Ислам Әбішевтің ісінде қолданылды деп күдіктенуге хақымыз бар. Бес ай бойы олардың айыптау қорытындысын бере алмауы да соның айғағы болса керек. Сот та істі қалай қарайтыны белгісіз. Сот демекші, 1 тамыз күнгі сот отырысында Ислам Әбіш былай деп еді: «2013 жылы маған үй-ішімдегілер «мемлекеттің ақшасын үнемдеймін деп неңіз бар еді?» деген болатын. Мен сонда оларға «алда тағы осындай жағдай қайталанса, халықтың несібесін тағы да талан-таражға салдырмаймын» дегенмін. Сөзімде тұрдым. Бұл ұстанымымнан ешқашан айнымаймын. Ал, сіздер не істейсіздер, оны өздеріңіз біліңіздер». Қалай болғанда да осындай сөзді қасқайып тұрып айта білген азаматтың қолы – таза, ісі – дұрыс екеніне елдің күмәні жоқ. Әділдік ертелі-кеш бәрібір салтанат құрмай тұрмайды... Әлмамбет Әзизұлы qazaquni.kz