Жолдау: еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс
2019 ж. 07 қыркүйек
2344
0
«Президент туралы» конституциялық заңның 12-бабына сәйкес, мемлекет басшысы жыл сайын халыққа елдегі ахуал және республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы ауызша немесе жазбаша Жолдау жасауға құқылы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінен кейін алғаш рет халыққа Жолдау арнады.
«Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын!» Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің 5-ші сессиясын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында айтылған бұл мәлімдеме көпшіліктің көкейіне жаңа бір сенім ұялатқандай болды.Жолдауда елімізді толғандыратын көптеген мәселелер қозғалды. Соның ішінде экономика, ішкі-сыртқы саясат, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру, білім, медицина саласын дамыту алдымен баса айтылды.Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі қаралып, еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу, еңбекақы төлеу деңгейін арттыру.
Әсіресе, ұлтымызды ерекше алаңдатып келген көкейкесті мәселе – қазақ жерінің ешкімге сатылмайтынын қадап айтқаны көңілге қонымды болды. «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз». – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілінің мәртебесі» туралы мәлімдемесінің де маңызы зор дер едік. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет», – деді Президент.
Жолдауда отандастарымыздың құқығын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де сөз болды. Ол үшін құқық қорғау орындары мен сот саласына күрделі реформа қажеттігі айтылды. Сөз бостандығы мен адамдардың өз ой-пікірін еркін білдіретін бейбіт мақсаттағы шаралар өткізетін орынды қаланың шетіндегі таса жерлер емес, орталықтан лайықты орын белгілеу тапсырылды. Егер заң бұзушылыққа жол берілсе қатаң шаралар қолданылатыны да ескертілді.
«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет» - дедіқоғамдық келісімді нығайту туралы өз ойын білдірген президент. Сөйтіп жаңадан сайланған президентіміздің алғашқы жолдауы халыққа жол тартты. Енді онда айтылған бағдарламаларды нақты іске асыру міндеті тұр еліміздің алдында. Қалай болғанда да әрбір тұрғындарымыз оң өзгерісті сезінуге тиісті.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz