Елордада көпір салған құрылысшылар аштық жариялады
2019 ж. 09 тамыз
2763
0
Астанада көпір салып жатқан жұмысшылар 9 айдан бері жалақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар бүгін ереуілге шықты. Шиеленіскен жағдайға Бас мемлекеттік еңбек инспекторы араласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен тоғыз ай тыпыр етпеген жұмыс беруші, бүгін ақша аударуға дайын болып шықты.
Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.Үйге кіруге де ұяламыз бала-шағамыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде. Айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осылай деп зар илеп отыр. Таң алакеуімде олар жан-жақтан жиналып, құрылыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін.
- Біз голодовка істейміз. Түнімен осы жерде жату керек пе, жатамыз. Пока біздің ақшамызды бермегенше, - дейді аспаз Шайра РУЗМЕТОВА.
Жұмысшылардың дүрлігіп шыққаны сол-ақ екен жандарына учаскі полицейі жетіп келді. Ереуілшілерді сабырға шақырып, бір жерге үйіліп тұрмауларын сұраған. Ашулы жұрт оны тыңдай ма? Өз талаптарын алға тартып, орындарынан бір адым да жылжыған жоқ. Сөйтіп тұрғанда Мемлекеттік еңбек инспекторы араға түсті.
- Бухгалтерияға осы жиналған жұмысшылардың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жалақы шоттарына аударылады, - деді жоба жетекшісі Александр ПОПОВ.
Тізім бойынша 26 адам. Ал айлығын ала алмай, аулына қайтып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күндері олардың да еңбекақысын береміз деп отыр. Екі айдан бері толассыз түсіп жатқан арыз-шағымдарға сүйенген еңбек инспекциясы көпір салатын компанияны тексермек.
- Бүгін мына мәселені шешкеннен кейін, ертең осы жерде істеген басқа адамдар арызбен қайтадан келеді ғой. Солар арызбен келмесі үшін сол мекемемен тексеру барысында жұмыстар жүргізіледі, - деді ҚР ЕЖХӘҚМ ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ Төлеген ОСПАНҚҰЛОВ.