Ислам ӘБІШ: 20 камераға ауыстырып отырғызсаңдар да РУХЫМДЫ СЫНДЫРА АЛМАЙСЫҢДАР!
2019 ж. 06 тамыз
7890
47
Сот па, спектакль ме?..
Бүгін, 5 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында «60 млн.теңге парамен ұсталды» деген күдікпен 14 наурызда жазықсыз түрмеге жабылған, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің үстінен қозғалған істің тергеуі бес ай дегенде аяқталып, жедел тергеу тобының өтінішімен іс материалдарымен танысу үшін қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Қылидың көзіндей, кемпірдің тісіндей дәлелі мен дәйегі атысып тұрған айыптау қорытындысын сүреңсіз дауыспен он минутта оқып шыққан прокурор Е.Мұрат мырза не оқығанын өзі де жөнді түсінбеді-ау...
Сөзінің соңын «айыпталушыны үйқамаққа шығаруға болмайды, сондықтан оның қапаста отыру мерзімін тағы бір айға созыңыз» деген өтінішпен бітірді.
Қорғаушылар Абзал Құспан мен Ерлан Макенов И.Әбішевтің қапастан үйқамаққа шығарылуы жайлы өздері беріп отырған өтініштің дұрыстығын заңның он бабына сүйене отырып шегелеп берді. Судья Т.Сырлыбаев «сот қаулы қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетеді» деп жариялады. Үзіліс бір сағаттан астам уақытқа созылды. «Жолаушының кешіккенінен сүйін» дейтін ырымшыл қазақ «түсі игіден түңілме» деген, судьяның түсі жылы екен» деп, жақсыға жорып жатты...
Бірақ, сыртқы түрдің алдамшы болатыны да аз кездейспейді ғой, судья мырзаның шешімі сотқа келген бір топ зиялы жанкүйер қауымды түңілтіп жіберді. Ең бастысы: «неге үйқамаққа шығаруға болмайды?» деген қорғаушылар сұрағына судья ешқандай нақты жауап бере алмады. Бар болғаны «бұл мәселе бұрын шешіліп қойған, өзгертуге негіз жоқ» деп, кетеуі кеткен күйтабақтай бір сөзді қайталаумен болды. «Бұрын шешіліп қойған болса, онда несіне сот отырысын өткізіп әуре болып жүрміз, бұл өзі сот па, спектакль ме?» деген қоғамдық қорғаушы Ералхан Әбіштің сөзін мүлдем жауапсыз қалдырды. Е.Әбіштің: «Прокурор маған бастықтар тапсырма берген» деп еді, сол рас болып шықты ғой, судья мырза» деген (ол да жөнді жауапсыз қалған) сөзі шындыққа жанасады. Не десін, судья? «Тапсырма алдым» деп айта алмайды.
Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара» дейді. Қисыны келіп тұр. Тек судьяның мойындауы ғана қалып тұр. Ал, біздің ол өтірік айтып тұр деп сенбеуге, одан күдіктенуге хақымыз бар!
Айыпталушы Ислам Әбішевті тыңдайық: «Бұл іс-әрекеттің бәрі бір ғана мақсатты көздегенін – қалайда менің рухымды сындыру екенін бәріміз біліп отырмыз. Одан түк шықпайды, судья мырза! Мен қолым істемеген қылмысты ешқашан мойныма алмаймын. Мені осыған дейін 14 камераға ауыстырдыңыздар, маған десеңіздер тағы 20 камераға ауыстырып отырғызыңыздар. Он бес жыл беріңіздер! Мен алғаш қамауға алған кезде-ақ айтқанмын осы сөзді. Одан танбаймын! Мен 2013 жылы жұмыссыз қалғанымда үй-ішімдегілер «мемлекеттің ақшасын үнемдеймін деп нең бар еді?» деген болатын. Мен сонда «алда осындай жағдай қайталанса, халықтың несібесін тағы да талан-таражға салдырмаймын» дегенмін. Сөзімде тұрдым. Бұл ұстанымнан айнымаймын. Сіздер не істейсіздер, өздеріңіз біліңіздер».
Күтейік, судьялар не істер екен...
Өмірзақ Ақжігіт,
qazaquni.kz